21 қаз, 2016 сағат 15:18

«Қазком» атауын «QAZKOM» деп өзгертті

Бүгін Алматыда Қазкоммерцбанктің жаңа бөлімшесінде банктің жаңарған QAZKOM брендінің тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, мекеме халыққа жаңа үлгідегі банк бөлімшесін ұсынды. Енді банк қызметкерлері өз клиеттеріне сапалы түрде қызмет көрсетпек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

Осыған дейін банк атауы үш тілде: Қазком (қазақша) , Казком (орысша) және Kazkom (ағылшынша) деп жазылып келген. Енді бұл атаулар QAZKOM-ға біріктірілді.

Сондай-ақ, банк өз логотипінде өзгертті. Логотипте орналасқан көк шаршыдағы күннің нышанын білдіретін сары шеңбер бүгіннен бастап Q литерасына өзгерді.

Салтанатты шараға қатысқан банктің негізгі акционері және Директорлар кеңесінің төрағасы – Кеңес Рақышев бұл өзгерістер жоспар бойынша жүргізілгендігін атап өтті.

«Бұл өзгерістер логотип пен жаңа атауды өзгерту үшін жасалынып отырған жоқ. Керісінше, бұл шараның басты мақсаты – банк дамуының жаңа стратегиясы аясында банк жұмысындағы сапалы өзгерістерді жүзеге асыру. Нақтырақ айтсақ, бұл – біздің клиенттердің мұқтажы мен көңілінен шығатын сервистің масштабты реформасы. Логотиптегі Q литерасы клиенттерімізге мобильділікті, қарапайымдылықты әрі жылдамдықты қамтамасыз ететін банктік сервисті ұсыну үшін қолға алынды», -дейді банк басшысы.