16 мам, 2017 сағат 09:32

Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие - Профессор

Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие. Қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Мұндай тұжырымды ойын Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұратбек Иманғазиновтың айтуынша, әлем бойынша барлық салада латын әліпбиінің қолданысы кең.

«Атап айтқанда, дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, бәріміздің электрондық поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес латынмен жазылған, көлігіміздің нөміріндегі әріптер, куәлігіміз бен паспортымыз да латынмен берілген. Қазіргі уақытта ғаламтор мен ұялы байланыстың жазбаларын пайдаланушылар, әсіресе, бүгінгі жас буын өкілдері латын әліпбиін әлдеқашан пайдаланып та жүр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Латын әліпбиіне көшу көптеген проблемаларды шешіп қана қоймай, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы еліміздің рухани жаңғыруы жөніндегі көзқарастарынан, соның ішінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіні туралы қорытынды пікірінен көкейімізде жүрген сұрақтарымызға жауап алғандаймыз. Ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі - тілімізді сақтап қаламыз десек, әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз кезек күттірмейтін мәселе екендігі айқын», - дейді профессор.

Сондықтан Мұратбек Иманғазинов, еліміздің жарқын болашағына бағытталған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұсыныстар, айтылған ойлар өмірімізге жаңаша серпін беретін батыл қадам деп бағалайды.