28 қаз, 2016 сағат 08:28

Қазiргi қазақ мәдениетiнiң айнасы қандай?

Ел мен елдi теңестiретiн – бiлiм мен мәдениет.

М.Әуезов

Рас, халықты танытатын – мә­дениет. Соның iшiнде қарапа­йым халыққа ең қолжетiмдiсi, ең жақыны, тiкелей әсер етiп тәрбиелейтiнi де – теле-арналар. Телеарна – бiр мемлекеттiң дүрсiлдеп соққан жүрегi, бүлкiл­деген қан тамыры. Телеарна – қазақ қоғамының айнасы. Қазақ деген қандай халық, түр-сипаты, кескiн-келбетi қандай, ненi құрмет тұтады, ненi ұят санайды, ұлт ретiндегi ерекшелiгi неде, ненi құндылық деп санайды – осыны бiлгiсi келген кез келген шетелдiк телеарнаға үңiлерi хақ. Өйткенi қазiр қазақ бейнесiн кiтаптан оқып танып, “Қазақ нет­кен сұлу халық!” деп тамсанатын Матиптер жоқ. Қазiргi ұрпақ “Абай жолын” оқып, тәрбие алмайды. Телеарналардан тәрбие алады. Соларша сөйлеп, соларша киiнiп, соларша шаш қойып, соларша күлiп әлек болады.

Тележүргiзушi немесе түрлi бағдарлама жүргiзушi – бiр мемлекеттiң, одан қалса әлемнiң көзiнiң сұғында тұрған адам.      Ол – бiр халықтың сипаты, өл­шемi, жарнамасы, этикетi, ақыл-ойы, абыройы... Ал бiздiң қазiргi “абыройларымыз” қандай?

Бiр түсiнбейтiнiм, телехабарды да, радиохабарды да, қандай бiр хабарды да сөйлеу тiлiнде бiр мүлтiк жоқ шешен, бiлiмдi, мәдениеттi, этикалық, эстетикалық талғамы терең, ұлттық құндылықтарды бiлетiн және оны құрметтейтiн кәсiби мамандар жүргiзсе керек едi. Ал бiзде кез-келген қолы жеткен әншi, әртiс, ақындар жүргiзе бередi. Ал олардың жасандылығы көзге ұрып тұрады. Жасанды дауыс, жасанды күлкi, жасанды әдемiлiк, жасанды сұрақ... Оларда көтерiлетiн мәселенiң маңыздылығынан гөрi, “өзiм қалай көрiнем, осы жолғы көй­легiм қандай” деген мәселе қинайтын секiлдi. Қас-қабағын керiп, мың құбылып әуре. Отырғандарының өзi суретке түскелi отырған адамдай өздерiн-өздерi көрмеге қойып әлек.

Әншi болса – сахнада әншi. Әншi киiмi, әншi әрi(макияж) тележүргiзушiге жараспайды. Тележүргiзушi – салауатты, сындарлы, сауатты, салиқалы болу керек қой. Осы ретте сөзiнен бiр сүрiнбейтiн, әдептен аттамайтын, табиғилығынан танбайтын, әсiре дарақылыққа бармайтын, талғамы да таразы “Астана” телеарнасындағы “Бiздiң уақыт” және “Қазақстан” арнасындағы “Дара жол” хабарларының жүр­гiзушiлерiне алғыс айтқым келе­дi. Жастар солардан үлгi алсын.

Соңғы кезде күйi келгеннiң бәрi бiр-бiр бағдарлама ашып алды. Қош дейiк. Бiрақ осымен не ұтты? Осымен қазақ мәде­ни­етiнiң көкжиегi кеңiп, көсегесi көгердi ме? Сонда да көрермен әр хабарға қуана үмiтпен қараудан танған емес. “Ақиқатты айту сен үшiн, ақиқатты айту мен үшiн, ешқашан, досым, кеш емес” деп “Кеш емес” келдi – қуандық. Әлдеқайдан кешiгiп, машинасынан түсе жүгiрiп, “Айтуға оңай” келдi – қуандық. “Өт­кiр тiл” келдi – қуандық. Әде­биеттiң сарысуға айналып бара жатқан құяңын қозғап, сырқау буынға сүлiктей қадалатын осы жiгiт болар деп қуандық. Аттары да жақсы, екпiндерi де жақсы. Тек бiраздан соң сол баяғы ескi сүрлеуге бұлар да түседi. Цирк аттарындай шеңберден шыға алмайды. Сол шеңбер бойымен бiрiнiң көрсеткенiн екiншiсi көрсетiп, айнала бе­ре­д­i, айнала бередi. Сол сұрақ, сол жауап. Қанша тұлға, қанша танымал болса да, қайталана берген соң қадiрi қашады екен. Әшiмов, Обаев, Алтынбеков, Нарымбетов, Жүрсiн, Құр­манәлi, Асылы, Қымбат... Осы шеңбермен айнала бередi. Бұл кiсiлердiң не айтатындарын халық жаттап алған.

Сонда бiр ұлттың талғам-таразысы он шақты адам бола ала ма? Ақиқат деймiз-ау, ақиқат керек болса, неге тек қана “тоқ балалар” сөйлеуге тиiс? “Аш баланы” да сөйлетiп көрсеңiздершi бiр уақ. Мысалы, бала тәрбиесi жөнiндегi хабарға Балиева мен Асанованың айтары көп пе? Мектеп, ұстаз, оқушының шын бей­несiн ашқыңыз келсе, сөйлетiңiз қырық жыл сабақ берген ұстазды, түсiрiңiз көпбалалы ата-ана үйiн! Мен жұлдыздардың талантына табынам. Бұл – оларға берген Тәңiр сыйы. Бiрақ жұлдыз екен деп, оларды да орынды-орынсыз хабарларға тықпалай берiп не керек?! Егер өнер хақында болса құба-құп. Ал жанұя берiктiгi, бала бейнетi, бай тау­қы­метi дегенге дәл осы “Жұл­дыздар” ақыл айтпай-ақ қойсын. Кiмге төрешi болғандай...

Сонан соң бiреудi түсiрiп, халыққа көрсетудiң бiр мақсаты, маңызы, тәрбиелiк мәнi болу керек қой. Мысалы, соңғы кезде неше қайталап көрсеткен бiр көрiнiске таңмын. Пайғамбар жасынан асқан қазақ кейуанасы. Жарықтық шiмкентский шұбар ала көйлегiмен, дағарадай жаулығымен, селкiлдеген сырғасымен, алқылдаған алқасымен әл­дебiр теңiздiң шет жағасында судың iшiнде шолпылдатады да отырады. Сумен ойнап отырған сәби секiлдi. Егер осы жаста су­да балықтай жүзедi деп көрсетсе, таңданған болар едiк. Салауатты өмiр салтын уағыздау деп ұғар ек. Шетелге көп қыдырады екен. Егер таңдай қақтырар не өнерi, не таланты болмаса, шетелге көп қыдыру да мақтан ба? “Е, баласы бай ғой” дедiк те қойдық. Тiптi бай болған күннiң өзiнде ол байлық бiр жетiмдi жебеумен, бiр талантты демеумен неге көрiнбейдi?

Ендi телеарналардағы әдеп пен ибаға, ұлттық құндылықтарымызға кереғар көрiнiстерге ке­лейiк. Жұлдыздарға, спорт жұл­дыздарына, тарлан таланттарға қойылатын сұрақтардың сұрқы:

– Неше көйлек, неше туфлиiң бар?

– Неше жiгiтпен жүрдiңiз?

– Үш балаңыздың үш әкесi бiр-бiрiмен араласып тұра ма?

– Көңiлдесiңiздiң кiм екенiн бiлуге бола ма?

– Алғаш рет неше жаста сүйiстiңiз және т.с.с.

Сонан кейiн қай каналды қоссаң да, еркек тамақ iстеп жатады. Оның жанында қасын керген тотылар “О, неткен дәмдi, мен мұндай тамақты iстемек түгiлi көрмеппiн” деп таңданып тұрады. Сөйтiп, еркек тамақ iстегенiне, қатын тамақ iстей алмайтынына мақтанып әуре. Қазақы құндылықтың өрескел тапталуының бiрi –осы! Еркектiң қазан-аяққа араласуы – қазақ үшiн үлкен намыс. Қазақтың қазақтығы да сонда – қазақ еркегi өзiнiң iрiлiгiмен, еркек мiнезiмен дараланушы едi.

Ер-азаматтың құнын түсiрiп тұрған тағы бiр көрiнiс – ұзын қыздың жанында оның ортан бе­лiнен келетiн жiгiт тұрады да, ұзын қыз оның төбесiнен төнедi де тұрады.

Тағы бiр өрескел жай – әйел жүргiзушiлер қасындағы еркек жүргiзушiнiң сөйлеуiне мүмкiндiк бермей, аузындағы сөзiн киiп кетiп, еркектiң алдына түсiп жосылады да тұрады. Еркек байғұс қайтсiн, сөйлейiн-ақ деп неше ұмтылса да, әйел серiгi аузынан қаға берген соң, амалсыз жаутаңдап тұрғаны.

Жұлдыздардың үйiн көрсету де сәнге айналды. Жарайды, неге жетсе де өнерiмен жеткен шығар. Бiрақ итiн, мысығын, жататын төсегiн, жатын көйлегiн, туалеттегi шұңғыршағын көрсету қандай әдепке жатады? “Өзiңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден” деген ғой Абай.

Қазiр телеарна толған – күлкi, сайқымазақ. Күлкi – тәрбие құралы болса ғана орынды. Есер, есiрiк күлкi не керек? Мысалы, “Алдараспан” – нағыз тума талант. Академия оқымаса оқымаған шығар. Бiрақ Нұржан қай кейiпкердi ойнамасын, құлпыртып жiбередi. Күлмесiңе қоймайды. Күлiп тұрып жылататын ащы шындықтары қандай! Ал “Нысана” әсiре дарақылыққа барып жүр. Әсiресе, ұстаз, оқушы, мектеп тақырыбына. Мұғалiмнiң директормен ашына болуы, мұ­ғалiмнiң оқушымен жүруi, одан бала көтерiп қалуы, мұғалiмнiң жел шығарып қоюы... Не деген масқара! Онсыз да “ұшынып” тұрған мұғалiм беделiн одан әрi тұқырту, аяққа таптау. Хадистiң өзiнде “Мұғалiмнiң қаламының сиясы шаһиттiң қанынан да қымбат” деген екен.

Қазақта тағы бiр қасиеттi де қадiрлi адам – қазақ кейуанасы. Анау аузы-басы мәймиген кем­пiр-жiгiт осыны тәрк етедi де жатады. Қазақтың ақ күндiктi әу­лиедей әжесi қашан үй-үйдi аралап сүмеңдеп, қыдырып, тамақ iшушi едi? Басында күлкi болған шығар. Ендiгiң күлкi емес, түрпi! Доғар, шырағым! Сол секiлдi әр құбылыстың жарқырап бiр шығатын шағы да, тоқырайтын шағы да болады. Өнердегi тоқырауды мойындаған да жөн. Мысалы, қазiргi “ТТТ”, Гүлбаушан мен Данагүл, Нұржан Тұтов, Асылбек, Уәлибек тағы және бiз аттарын бiлмейтiн шырақтар сол өз шыққан биiктерiн­де қалып қойса жарар едi. Ендi­гiлерi өрлеу емес, құлдырау тәрiздi.

Жұлдыз кiммен жұлдыз? Жұл­дызды жасайтын – халық. Жұл­дыздың хас сыншысы да, қолпаштаушысы да – халық. Ал ендi сол халықтың өзiне аса қараушылық, тәкаппарлық, мақтан мен дарақылық “жұлдыздың” жарығын молайта ма? Төреғали Төреәлiнiң соңғы кездегi мiнез-құлқы осыған саяды. Мысалы, ашық машинаның үстiнде парад қабылдаған президенттерше қолын алға созып, алаңды айналып өтуi жап-жас балаға жараса ма? Оның үстiне оққағармен шығу. Өзiңдi еркелеткен, жұлдыз жасаған халқыңнан қорғанып не көрiндi?..

Бүкiл өмiрбаяныңды өлең етiп әндеттiң. Осының өрескел емес пе? Сенiң өмiрбаяныңда елге үлгi болар, таңдай қақтырар не бар? Өзiңдi-өзiң осыншалық “тiрi құдай” жасағанда сен анау Ескендiр Хасанғалиевтан, Нұрғали Нүсiпжановтан, Нұрлан Өнербаев пен Рамазан Стамғазиевтан, Саят Медеуов пен Сәкен Майғазиевтан, Жұбаныштан қы­сылмадың ба? Қанша жыл халық құрметiне бөленiп жүрсе де, халық алдында желп етiп артық мiнез көрсетпеген сол әншiлер­дiң мiнез-мәдениетiнен айналсақ болмай ма. Бұлар – қай заман, қай ұрпақ үшiн де құнын жоймайтын, неше ғасыр өтсе де өлмей­тiн дауыстар. Ал құйын ғұмырлы әншiлер бар. Тек шартылдаған шапалақ, лекiлдеген музыкамен ғана құдiреттi болып тұрады да, әлгiден арылса түкке татымайды. Осыны да ескере жүр, айналайын...

Содан соң әншi беделi тыңдарманның кiм екенiмен де өлшенедi. Сол шулап тұрғанның көбi – әлi талғам таразысы қа­лыптаспаған желөкпе жастар. Оларға әннiң саз тазалығы, сөз мағынасы не керек?! Тек ырғақты қабылдайды. Ырғақ неғұрлым жиi, күштi болса, болды, соған қосыла көздерiн жұмып изеңдей бередi. Ал сенiң табынушыларыңның көбi – жас қыздар. Көздерi әнде емес, әншiде.

Ал Ернар Айдар ұрлықы әндер туралы “бәрiбiр халық оны бiлiп жатқан жоқ” деп сенiмдi айтты. Бiлгенде қандай! Мысалы, Маржан Арапбаева солқылдатып тұрып орындайтын:

Иә солай, иә, солай,

Қазақ елi осылай! – деген қайырманың әуенi өзiмiз қысқа күнде қырық рет көрiп жүрген түрiк сериалынан. Әндердiң қай жерi бұрынғы әндер, қай жерi түрiк, әзiрбайжан, қырғыз, өзбек тiптi арабтiкi екенiн қазiр бала да бiледi. Әттең, дүние-ай, әншiнiң бағын ашатын сазгер (композитор) екен ғой. “Әлиядан” соң Роза дауысының терең иiрiмiн, шырқау биiгiн ашатын бiр ән болды ма? Болса қайда...

Төрт тоқал жыры. Осыны қайта-қайта жырлай берiп не керек. Ол не, өкiмет шешетiн, қаулы, қарармен бекiтетiн нәрсе ме? Әрi-берiден соң жеке жан­ұялық iс емес пе. Әйелдер риза болса, ар-намысы тапталмаса, зорлық болмаса болды да. Баспанасыз, қорғансыз әйел арқа сүйер азамат тапса, отбасы бақытын сезiнсе, жақсы емес пе. Ал еркектер албаты арам жүрiс­ке салынғанша, ағайын-туғанның ризалығымен жас әйел алып жатса, онда тұрған не трагедия бар? Бiрақ осы хабарға келген еркек атаулының ең үлкен дәлелi “Мұхаммед пайғамбар да төрт әйел алған” деп қайталай беруi тiптi жөн емес. Қазақ шалдары мұсылман болуды төрт тоқалдан бастамақ екен ғой, тегi. Төрт қатын алса болды – Мұхаммед пайғамбар бола қалатындай. Оданша ата-бабадан қалған жол демей ме. Көп әйел алу – қазақ үшiн еш оғаш iс емес. Тек адамгершiлiк негiзiнде болса... Мұхтар Әуезов.

Әмина Құрманғалиқызы, сыншы

"Жас Алаш" газеті