04 сәу, 2020 сағат 05:34

Қазір әр адам қолынан келгенше көмек көрсетуі тиіс - Ислам Байрамов

«Nur Otan» партиясы жастар қанатының орталық кеңесінің мүшесі Ислам Байрамов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы жарлыққа қатысты пікір білдірді, деп хабардайды ҚазАқпарат.

«Басқа елдердегідей, біздің елге де оңай соғып жатқан жоқ. Осыны бәрі түсінуі керек. Бәрімізге бірігіп, күш біріктіруіміз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, күш біріктіре отырып коронавирус пандемиясымен күресуіміз қажет», - дейді Ислам Байрамов. 

Оның айтуынша, арнаулы жиынды жаппай жұмылдырумен шатастырмау керек

«Арнаулы жиын ең алдымен коронавируспен күресуге бағытталған. Сәйкесінше, олар вирустың салдарын жойып, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесе алады. Олар су тасқынына қатысты жұмыстармен айналысуы мүмкін, осының бәрін түсініп, өз үлесімізді қосуымыз керек», - дейді ол. 

Ислам Байрамов қазіргі жағдайда әркім шама-шарқы жеткенше халыққа көмектесуі қажеттігін баса айтты.

«Көпшілігіміз үйде болып, мүмкіндігінше ешқайда шықпауға тырысуымыз керек. Әскери міндеттілер де көмектесулері керек. «Nur Otan» партиясы жастар қанаты да «Biz birgemiz» қозғалысы аясында көмектеседі. 100-ден астам отбасы алдымен керекті азық-түлікпен, антисептик және маскамен қамтамасыз етіліп қойды. Біз волонтерлерді дайындап, азық-түлік жеткізуге көмектестік», - дейді Ислам Байрамов.

Еске сала кетсек, 2 сәуірде Қазақстан Президенті әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.