26 шіл, 2016 сағат 14:27

Қажымұқан Мұңайтпасовты мұңайтқан не?

Заманында Сәкен Сейфуллин: Қажымұқандай әйгілі күш атасын:

…Күресте СССР-да жеке-дара – 
Талай дәу қыла алмаған ешбір шара. 
Еуропа, Азиядан асқандар да: 
Поддубный, Ганс – Гауан, Қазбек Гара.

Ожар бет, қара мойын – бейне құлжа, 
Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа. 
Шалқиған жауырынды, бұжыр қара, 
Еңгезер, үйелмен, дәу, тартқан – құжға.

Қалың бет, бура түсті қара нардай, 
Жұп-жұмыр, жуан діңгек, 
бойшаң дардай, 
Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде, 
Айбынды жолбарысқа болар пардай.

Топшысы кере құлаш, бітім шалқақ, 
Шалқиып балпаң басад, талтақ-талтақ. 
Ұзақ жол керуеннің көшіндегі 
Сияқты жампоз атан, басқан малтақ, –

деп суреттеген екен.

Қажымұқанның жер шарын аралап, қазақ халқының даңқын асқақтатқаны мәлім. Ол 28 мемлекетте күреске түсіп, ұзын саны 56 медаль олжалаған адам. Қажымұқандай палуан ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде тек қазақта ғана болды. Сол секілді Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан бір де бір палуанның болмағаны да мерейімізді үстем етеді. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу – сол заманда нағыз ерлік еді. Ол кезде Ресей күресі қожайындарының қазақ деген халықты санатқа қоспауы былай тұрсын, әшейін жабайы тобыр деп санағаны белгілі. Бірақ Қажымұқан осындай ортада намысын жатқа бермеді. Кеудесін ешкімге бастырмады. Сөйтіп күрес қожайындары мен төрешілердің әділетсіздігін сан мәрте теңдессіз өнерімен амалсыз мойындатып, Қазақ ұлтының мәртебесін асқақтатты.

Қажымұқан туралы қаншама кітап жазылды. Жоғарыдағыдай Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сынды әйгілі замандастары Қажымұқан жөнінде естеліктерін қалдырған. Өлең-жыр арнаған. Олардың бәрінде атақты палуанның зор күш иесі ғана емес, үнемі ел деп соққан үлкен жүрек иесі екені айтылады.

Қажекең, қазіргі тілмен айтқанда, боз кілемнен кеткеннен кейін де халықпен тығыз араласып, қолдан келген көмегін аямауға тырысқан. Бұл тұрғыда палуанның ел-жұртына жасаған жақсылғы туралы мысалдарды көптеп келтіруге болар еді.

Қажымұқанның әкесі Мұңайтпастың туған ағасы Жәнібектің Кенесары әскерінің құрамында соғысып, Майтөбеде қаза тапқанын біреу білсе, біреу білмес. Қажекең бірде қазақ пен қырғыз жерінің шекарасындағы Кекілік Сеңгірге сол бабасының мүрдесін іздеп барады. Сол сапарында елге өнер көрсетіп жинаған жылқысы, ірі қарасы, ұсағы бар, отыз алты бас малды қырғыз ақсақалдарына Кенесары – Наурызбай аталары мен өз әкесі Жәнібектің, сондай-ақ Амангелді батырдың әкесі Иманның, өзге де боздақтардың аруағына арнап кесене тұрғызыңдар деп тастап кетеді.

Сондай-ақ жасы жетпістен асқан шағында Екінші дүниежүзілік соғысқа арнап ұшақ жасатқан Қажымұқан біртуар балуан ғана емес, елін, жерін шексіз сүйген ер екенін дәлелдей түсіп, әлем жұртшылығын тағы бір тамсантты.

Қарт балуан сол соғыс кезінде үш жыл бойы ел алдында өнер көрсетіп, жиналған қаржыны майданға жөнелту туралы бастама көтереді. Оны жергілікті партия ұйымдары қостайды. Облыс аудандарында қарт ақындар мен домбырашылардан концерт бағдарламалары құрылады да, оны Қажымұқанның өзі басқарады.

Сонымен 1944 жылы қарт палуан Орталық партия комитетіне: «Қызыл Армия неміс-фашист басқыншыларын талқандап, сүйікті Отанымызды қаскөй жаудан тазартып жатқан күндерде, еңбекпен тапқан 100 мың сом қаржымды жеңіс қорына беремін. Осы қаржыны қазақ батыры Амангелді Иманов атына соғыс самолетін жасау үшін үшін нұсқау беруін Орталық комитеттен өтінемін» деп жеделхат жолдайды.

Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жауап жеделхаты 1944 жылғы 29-қыркүйекте КСРО-ның барлық газеттерінде жарияланды. Онда: «Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір ауданы «Ақтөбе» колхозы, Қажымұқанға. Қажымұқан жолдас, Қызыл Армияның Әуе күштеріне қамқорлығыңыз үшін жалынды сәлеміміз бен Қызыл Армияның алғысын қабыл алыңыз. Сіздің тілегіңіз орындалады. БК (б) П Орталық Комитеті» делінген. Французша күрестен дүние жүзінің бұрынғы чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың тамаша ісі туралы хабар бүкіл майданға ілезде тарайды. КСРО Соғыс-әуе күштерінің командованиесі Қажымұқан жинаған қаржыға жаңа ұшақ жасатып, бір жағына «Амангелді», екінші жағына «Қажымұқан» деп жазуды ұйғарыпты.

Қажымұқанның қаржысына жасалған «ПО-2» ұшағы берілген кіші лейтенант Қажытай Шалабаев жаумен шайқаста асқан ерлік көрсетеді.

Таңғажайып өнерімен осынша ауқымды істер атқарып, қала берді ауыл-ауылды аралап тапқан қаражатын жетім-жесірге үлестіріп беруді әдет қылған даңқты палуанның өзі өмірінің соңында ас-судан тарылып, жоқшылық тауқыметін тартыпты.

Өкінішке қарай, кезінде туған халқының шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Қажекең қартайған шағында кіріптарлық күйге түсіп, қатты қиналады. Тоталитарлық жүйе атақты палуанды қайраты қайтқан шағында сөлін сығып алып лақтырып тастаған жеміс ағашындай, назардан мүлде тыс қалдырған.

Шарасы таусылып осындай пұшайман хал кешкен қарт палуан
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Қазақбаевқа: «Өмірімнің 55 жылын күрес өнеріне арнадым. Америкадан басқа шетелдердің бәрінде болдым. Қазір жасым 75-те. Менің әл-ауқатым нашар. Шәуілдір ауданының мекемелері жөнді көмектесіп жатқан жоқ. Азық-түлікті анда-санда береді. Ол қай жыртығымды жамайды? Былтыр шамам бар кезде қорғаныс қорына 100 мың сом салып едім. 75 жылдығыма дайындық барысында далада қалатын түрім бар, атым еш жерде аталмайды. Көрші Өзбекстанға көшем бе деген ойым бар. Сондықтан, маған Қазақстаннан Өзбекстанға көшуге рұқсат беруіңізді сұраймын» – деп хат жазады.

Қажекең сол шақтарда шынымен де Өзбекстанға ірге көтеруге бел байлады ма, жоқ, Үкімет басшыларын ойландыруды мақсат тұтты ма екен – ол жағы бізге белгісіз. Бірақ көршілес өзбек ағайындардың Қазақ елі керек қылмаған өнер иелерін төріне шығарып, жағдайларын жасағаны жасырын емес.

Жаны күйзеліп, өзін көзге ілуді қойған Үкіметке өкпелі күш атасы басқа да билік тұтқаларына шағым айтқан секілді. Халық Комиссарлары Кеңесіне, сондай-ақ ҚКП Орталық Комитетінің хатшысы Борковқа төмендегідей қатынас қағазы жіберілген нұсқау соның жаңғырығы іспеттес. Онда: «Қажымұқан қазір тұрмыс жағынан ауыр жағдайда қалып отыр. Жасының 75-ке толғанын, бір жағы циркте ойнағанын ескеріп, Қазақ КСР халық артисі атағын беруді ұсынамын. Оған бір жолғы ақшалай жәрдем беріп, жағдайын жақсартайық. Ұлы Айдарды мектеп жасына толғаннан кейін интернатқа орналастырып, дене тәрбиесіне баулиық. Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетіне Қажымұқанға үй салып беруді тапсырайық» делінген.

Бірақ еш қозғалыс болмайды. Бәрі қағаз жүзінде қалған секілді. Өйткені Қажекең жоғарыдағы мекемелерге тағы да: «Жағдайым одан әрі на-шарлап барады… Үш балам әлі жас. 1946 жылдың 1-маусымында Темірлан ауыл советінің «Ленин туы» колхозына көшіп келдім. Алайда, Арыс ауданының мекемелері маған ешқандай көмек көрсетіп жатқан жоқ. Менің басымда баспана да жоқ. Құр уәде… Менің сұрайтыным – сүтті 1-2 бұзаулы сиыр мен құлынды бие ғана. Басқаның керегі жоқ. Өтініш жазушы – Қажымұқан. 10-қаңтар, 1947 жыл» деп хат жазыпты.

Бірақ қайран Қажекеңнің бұл жанайқайын да ешкім құлақ аспаған сияқты. Қазақ халқының даңқты батыры Қажымұқан Мұңайтпасов 1948 жылдың қыркүйек айында Оңтүстік Қазақстан өлкесі Арыс ауданындағы «Ленин туы» колхозында дүние салды.

Құлтөлеу Мұқаш, жазушы