09 там, 2018 сағат 10:03

Қажылыққа аттанған қазақстандықтар Сауд Арабиясына жетті

Қазақстандық қажылық етушілер мінген алғашқы рейс Сауд Арабиясына барып қонды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Қажылық парызын өтейтін қазақстандықтар Сауд Арабиясына 9-15 тамыз аралығында барып, 1 қыркүйекке дейін елге оралады.

«Биыл қажылыққа ниет білдірген қазақстандықтарды Сауд Арабиясына тасымалдау үшін «SCAT» әуе компаниясының жеті рейсі жоспарланған.  «Шымкент-Джидда» бағытындағы DV 5073 рейсі Боинг 737-700 ұшағымен жергілікті уақыт бойынша сағат 06.44-те ұшып кетті. Борт ішінде 149 қазақстандық болды. Ұшақ Астана уақытымен сағат 11:15-те Джидда әуежайына қонды. Кері қайтарда бұл қажылар 27 тамыз күні Мединадан Шымкентке ұшады», - делінген Азаматтық авиация комитетінің ресми хабарламасында.

Комитеттің хабарлауынша, қажылық етушілерді тасымалдау бойынша «SCAT» әуе компаниясының келесі «Алматы-Джидда» рейсі бүгін жергілікті уақытпен сағат 18:00-ге жоспарланған. Екінші рейстің жолаушылары 30 тамыз күні Мединадан Алматыға жеткізіледі.

Айта кетейік, биыл Сауд Арабиясына қажылыққа 3000 қазақстандық аттанады. Қазақстандық қажыларды 18 компания апарады. Өтініш бергендердің қатарына 16-89 жас аралығындағы азаматтар бар. Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге барады.