13 қыр, 2016 сағат 09:00

Қазбек Құттымұратұлы: Бұл күздің сары қанат “көбелегі”...

Қазбек Құттымұратұлы 1970 жылы Орал облысы, Тайпақ ауданы, Жаманқұдық ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. 2001 жылы “Сағыныш” атты жеке жинағы жарық көрген.

Қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасымен келген ақынның бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

КҮЗГІ “КӨБЕЛЕК” 

Секілді мұңға батқан ақылды қыз 
Күз келді. Біреулерге ақырғы күз. 
Менің де соңғым болсаң өкінбес ем 
Апарсаң болашаққа хатымды, Күз. 

Тағы да күндер келді көлеңкесіз, 
Көңілсіз кең жайлаудың өлең төсі. 
Билеген жер-жаһанды Патша-Құдай 
Тарихқа бұ күзді де жөнелтесіз. 

Күз келді. Әлі де анық жүз келері, 
Көзіне көкіректің мұң келеді. 
Аңсаумен күтіп ем ғой бірдеңені 
Тапты ма байғұс көңіл іздегенін. 

Ақынның сырына жұрт үңілген бе, 
Шыдайды, не көрмеген біздің кеуде. 
Бұл күздің сары қанат “көбелегі” 
Ұшады жалғыз рет – үзілгенде. 

Күз келді, біреулердің соңғы күзі, 
Жылуы аз, өзге күннен кем қызығы. 
Көңілге көктем салған естеліктің 
Жарар ед тапталмаса ендігі ізі… 

* * * 
Саясатыңмен бірге 
Жайған малың қалып, 
Парасатыңмен бірге 
Пайғамбарың кетпегей... 

Көлеңкеге де сенбеген 
Көп күдігің қалып 
Иілуді білмеген 
Тектілігің кетпегей. 
Қырғынға салып сынаған 
Қырық ұлдың ішінде 
Қырындау туған ұл бар-ды, 
Қыдырың бірге кетпегей... 

Еліңнің азып қариясы 
Жыланып аққан дария Сыр, 
Армандай болған Аралыңды 
Көзіңнің жасымен толтырасың ба, неғыласың? 

Қия алмай жүрсің ұйқыңды, 
Намыссыз бұзды сыйқыңды. 
Анаңның тілін түсінбей 
Азғындап кеткен ұл тұрды. 

Ұлтыңның қамын қуарға 
Ұрпағың тұрды қосылмай 
Бозторғай басып шығарған 
Көкектің жұмыртқасындай... 

АДАСҚАН ҰЛДЫҢ ОРАЛУЫ 

Жым-жырт түнде жолға жалғыз түсіп ем, 
Сауға мас боп, масқа сау боп көрініп. 
Бір нұр көріп жүрегімнің ішінен 
Дүниеәуи қызықтардан безініп. 

Кетіп едім. Өткен елес қалды әрең. 
Әлдеқайдан құйылады кеудеме үн. 
Мен Құдайды көкте ғой деп ойлап ем, 
Жүрегімде жүр екен-ау Ол менің. 

Адаспаймын. Жүріп келем бетке алып, 
Құдайымның жыр оқыған күбірін. 
Әр сөзінен көр көзіме от дарып 
Ерінімде қайталанды үзік үн. 

Үнсіздіктің дауысынан күй естіп, 
Үзік үнім өрлі әуенге айналды. 
Мұң мен Зарға майдан аштым күрес қып, 
Топырағын көкке ұшырдым жалғанның. 

Сенен басқа сүйгенім жоқ, жан – куә, 
Жеңдім барлық қорқынышын қатердің. 
О, Құдайым, келіп тұрмын алдыңа- 
Не жазасың?! Маңдайымды әкелдім… 

ӨЗІМ ЖӘНЕ ӨЗГЕ 

Ойлануға уақыт көп, 
Ойлануға күн келте. 
Ой түбiне сүңгiп көр тiрлiгiңде үлгерсең. 
Ойланумен мен дағы қанша таңды атырдым, 
Әлдеқашан бiлгенмiн жақыным кiм, жатым кiм. 
Бақытым ба бұл мүмкiн, 
Сорым ба әлде, кiм бiлсiн? 
Ал, әзiрше Ай аунап, көкiрегiмде Күн күлсiн. 
Мен Әлемнiң бiртұтас жалғыздығын бiлген ем, 
Бiрақ ойым оянса мазасыздау күйге енем. 
Арам ойым айтады: 
-Қайтесiңдер езбелеп, 
Бөлiнедi бұл Әлем Өзiм және Өзге боп! 
Өзегiңе кiм жақын- өзiм деп бiл, аймалас, 
Өкiндiрген қайсысы, қарсы тұр да майдан аш! 
...Бiздiң жақта күн батты. 
Басқа жерде таң жетiп, 
Бiзде боран, ал онда жатыр бұлбұл әндетiп. 
Әкесi өлдi бiреудiң. 
Көршi ауылда ұл туып, 
Қуанды-ай бiр көңiлiнiң бүтiнделiп жыртығы. 
Рас, рас. Қайтесiң, өмiр деген осылай, 
Өзiм ең ғой сен кеше Өзге болдың, досым-ай. 
Көп нәрсенiң әлi де сырын бiлмей өкiндiм, 
Бiзге көрiнбейтұғын Айдың бетi секiлдi. 
Ғажайыбым көп әлi, ойдың жетпес өресi, 
Ал сен неге, жаным-ау, көз жасыңды төгесiң?! 
Жақын тартып, жаныңды жұбатар ем, болмайды, 
Өзiң емес, өзгемiн. 
Менi қинар сол қайғы. 
Жалғызсырап жақсы жүр, қорлық көрiп не түрлi, 
Жақындасса тебетiн аттас заряд секiлдi. 
Өзiңдi өзiңнен басқа түсiнбейдi сезгенiм- 
Өзге жанды қинайды өзге қайғы, өзге мұң. 
Кiнәламан ешкiмдi. 
Түсiнiктi бiлгенге, 
Өзiмдi өзiм түсiнбей аласұрып жүргенде, 
Кiмге барып кiнә артам. 
Сенi қинап қайтейiн, 
Жүрегiм-ау, өзiң тап, кеселiңнiң айт емiн. 
Мен Әлемнiң бiртұтас жалғыздығын бiлген ем, 
Бiрақ ойым оянса мазасыздау күйге енем. 
Сиып тұрған бiр басқа мидың екi бөлiгi 
Кеңiрдектеп айтысар екi әлемге бөлiнiп. 
Осы дауды шеше алмай тәркi болды тың күшiм, 
Ал сен қалай шешер ең? 
Айтып көршi, бiлгiшiм?! 
Қиналасың қайтейiн, жауап бермей қой онда, 
Тыныш өмiр қаласаң ұйықтай бер, оянба. 
Ал мен күресiп жүрмiн, 
Күресемiн шалдығып, 
Тәңiрi салған iс осы, осы менiң Тағдырым. 
Керек десе мен дағы бөлiнемiн екiге- 
Өзiм және Өзге боп. Екеуi де жетiмек... 
Осы екеуi ғой менiң қос қанатым бiлгенге, 
Бiрiктiрсем екеуiн, жалғыз болам бiр демде. 
Жиегiне көз жетпес бiр Әлемге айналып, 
Жатсам сосын, шiркiн-ай, осы менiң арманым! 

Ал әзiрге мен жүрмiн қақ бөлiнiп екiге 
Өзiм және Өзге боп. Екеуi де - Жетiмек... 

                                     * * * 

“Әлдиле, өлім, әлдиле” 
                                      Мағжан 

Сарылып қанша күттім, Ажал, сені 
Тұншығып, қамағанда тозаң селі. 
Жанымды Ібілістен арашалап 
Періштем Әзірейіл өзі алса еді… 

Талайдан қалған өмір мағынасыз, 
Сіңіріп болды-ау әбден жаныма сыз. 
Суық көр жымияды салқын маған: 
“Енсеңіз құшағыма арыласыз”. 

Бар еді Жерде жалғыз жұбанышым, 
Айрылдым, 
Арман тауым құлады шын. 
Мен қазір мың жасаған қариямын, 
Сарқылған бойымдағы бұла күшім… 

Ал, мені, Ажал, қылмай бекерге алаң, 
Тілейді жалғыз тілек кетерде адам: 
Базарын бұл дүниенің тартып алған 
Сол бір жан дұға қылса жетер маған. 

                                    * * * 

"Жалған кезіп Жарды іздеумен зарланған 
Пақыр едім, көрдім сені. 
Бар ма арман? 
Таныдың ба, қасиетті қабырғам, 
Қалыбымда қалжыраған, шал болған?! 

Қамыр болды сақалдан жас құмға аунап. 
Қайырлы бол, қара көзде тұнған бақ" - 
Жамалы айдай хас сұлудың алдында 
Әжім-әжім бір қара шал тұр зарлап. 

Қартты бірі ғайбаттайды, бірі аяп 
"Бізді ақыры кездестірген Құдай ақ" - 
Деп қария қайталайды дұғасын 
Ал қыз болса қашып берді қу аяқ. 

Ұшты бақыт, 
Қартты Құдай қалды атып, 
Кетті сұлу бейшараны зарлатып. 
Екі қолын созады ол: "Тоқтай тұр, 
Сақалыммен мәсің сүртсем - сол бақыт... 

Танымадың, көзің тұман мәңгірген. 
Жаным, әнім, ажырай ма мәңгі іргем? 
Сенен шыққан жалғыз ауыз сөз үшін 
Тамұқты да төңкеруге бармын мен." 

Шал жылайды өкше ізіне сәжде етіп, 
Бұдан асқан бақыт жоқтай өзге түк. 
"Бұл өмірде бар болғаның үшін-ақ 
Мен Аллаға рахмет айтам, көр де тұр..." 

                          * * * 

Сен өмірге келмей-ақ қой, сәби мұң, 
Дала аңсаған баласындай тар үйдің 
Қарап жүрмей бақыт тауып аларсың 
Бас қатырған тірлігінен фәнидің. 

"Кешір" деме сәулесімен кешкі үннің, 
Сенің махаббатыңнан соң ес кірді. 
Мен періште емеспін ғой күнәсіз, 
Ол да бірақ кінәламас ешкімді. 

Мұңға батқан жандай сұлу, қайғылы 
Бұған тіпті теңдесе алмас Ай нұры. 
Осы сезім Құдай сынды тым жұмбақ, 
Құдай сынды - бәрінен де әйгілі. 

Жалықтым ба бақыт уын ішуден, 
Мұң алдында болады ылғи күшім кем. 
Қуанышты тым алысқа ұзатып, 
Сүйсем болды "қош" деп тұрам ішімнен. 

Ойхой, жалған, кездесеміз біз қашан?! 
Жығылған ек өмір атты мұзда сан. 
Қай кезде де созуға әзір қол үшін 
Сен алақан боласың ғой мұздасам. 

Нұрдан аппақ, мың күлтелі жаны - гүл 
Жерден бақыт іздемеші, жарығым. 
Жерұйықты таба алмаған Асандай 
Жерден бақыт таппайсың ғой, бәрібір...  

***

...Күллі тамыр күрсініске түйрелген 
Мылқаулықтан мызғымауды үйренгем. 
Сен келдің де толғанбасқа қоймадың 
Топырақ ем қан мен сүтке иленгем. 

                                 Тыныштықбек 

Расында да топырақ екем мен сенсіз, 
Біздің ғұмыр махаббатпен өлшенсін. 
Құдайлығымды дәлелдер ем өзіңмен, 
Сен де осыған, сен де осыған сенсеңші. 

Құдайлығымды көрсеткім жоқ құртумен, 
Сайтандығым сап болады күлкіңнен. 
Саз балшықтан соққан күйі қалғанша 
"Уһ" деп шығып, жайын тапсын шіркін дем. 

Сенен келген, сенен жеткен саз бөлек, 
Жүрек қылын тап басатын наз да ерек. 
Бұл сөзімді жеткізетін сөз жоқ-ау, 
Бір-ақ көріп жаттап алар көз керек. 

Сендік жанның шымырлаған сәулесі 
Талқан етер тоғышарлар тәубесін. 
Жарыққұмар жүрегіме сен үшін 
Қиын емес, қиын емес жан кешу. 

Жарылғандар жарылар тек ағынан, 
Төзген жан ем тозақтың да табына. 
Менің жалғыз тілегім бар. 
Күні-түн 
Құдайымды сақтай көр!- деп жалынам. 

Расында да топырақ екем мен сенсіз, 
Біздің ғұмыр махаббатпен өлшенсін. 
Құдайлығымды дәлелдер ем өзіңмен, 

Сен осыған сенсеңші...

Ұлт порталы

ӨЗІМ ЖӘНЕ ӨЗГЕ Ойлануға уақыт көп, Ойлануға күн келте. Ой түбiне сүңгiп көр тiрлiгiңде үлгерсең. Ойланумен мен дағы қанша таңды атырдым, Әлдеқашан бiлгенмiн жақыным кiм, жатым кiм. Бақытым ба бұл мүмкiн, Сорым ба әлде, кiм бiлсiн? Ал, әзiрше Ай аунап, көкiрегiмде Күн күлсiн. Мен Әлемнiң бiртұтас жалғыздығын бiлген ем, Бiрақ ойым оянса мазасыздау күйге енем. Арам ойым айтады: -Қайтесiңдер езбелеп, Бөлiнедi бұл Әлем Өзiм және Өзге боп! Өзегiңе кiм жақын- өзiм деп бiл, аймалас, Өкiндiрген қайсысы, қарсы тұр да майдан аш! ...Бiздiң жақта күн батты. Басқа жерде таң жетiп, Бiзде боран, ал онда жатыр бұлбұл әндетiп. Әкесi өлдi бiреудiң. Көршi ауылда ұл туып, Қуанды-ай бiр көңiлiнiң бүтiнделiп жыртығы. Рас, рас. Қайтесiң, өмiр деген осылай, Өзiм ең ғой сен кеше Өзге болдың, досым-ай. Көп нәрсенiң әлi де сырын бiлмей өкiндiм, Бiзге көрiнбейтұғын Айдың бетi секiлдi. Ғажайыбым көп әлi, ойдың жетпес өресi, Ал сен неге, жаным-ау, көз жасыңды төгесiң?! Жақын тартып, жаныңды жұбатар ем, болмайды, Өзiң емес, өзгемiн. Менi қинар сол қайғы. Жалғызсырап жақсы жүр, қорлық көрiп не түрлi, Жақындасса тебетiн аттас заряд секiлдi. Өзiңдi өзiңнен басқа түсiнбейдi сезгенiм- Өзге жанды қинайды өзге қайғы, өзге мұң. Кiнәламан ешкiмдi. Түсiнiктi бiлгенге, Өзiмдi өзiм түсiнбей аласұрып жүргенде, Кiмге барып кiнә артам. Сенi қинап қайтейiн, Жүрегiм-ау, өзiң тап, кеселiңнiң айт емiн. Мен Әлемнiң бiртұтас жалғыздығын бiлген ем, Бiрақ ойым оянса мазасыздау күйге енем. Сиып тұрған бiр басқа мидың екi бөлiгi Кеңiрдектеп айтысар екi әлемге бөлiнiп. Осы дауды шеше алмай тәркi болды тың күшiм, Ал сен қалай шешер ең? Айтып көршi, бiлгiшiм?! Қиналасың қайтейiн, жауап бермей қой онда, Тыныш өмiр қаласаң ұйықтай бер, оянба. Ал мен күресiп жүрмiн, Күресемiн шалдығып, Тәңiрi салған iс осы, осы менiң Тағдырым. Керек десе мен дағы бөлiнемiн екiге- Өзiм және Өзге боп. Екеуi де жетiмек... Осы екеуi ғой менiң қос қанатым бiлгенге, Бiрiктiрсем екеуiн, жалғыз болам бiр демде. Жиегiне көз жетпес бiр Әлемге айналып, Жатсам сосын, шiркiн-ай, осы менiң арманым!   Ал әзiрге мен жүрмiн қақ бөлiнiп екiге Өзiм және Өзге боп. Екеуi де - Жетiмек...