03 мау, 2020 сағат 12:55

«Қазатомөнеркәсіп» акциялары Қазақстан азаматтарына сатылады

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерді дамыту және жекешелендіру жөніндегі тең басқарушы директор Ержан Тұтқышев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларын нарыққа шығару бойынша түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өздеріңіз білесіздер, «Қазатомөнеркәсіп» ҚР Үкіметі бекіткен жекешелендіру тізіміне еніп отыр. Осы орайда құнды қағаздардың ұйымдастырылған нарығында 25 пайызға дейінгі акцияларды сатуға рұқсат етілген. 2018-2019 жылдары «Самұрық-Қазына» қоры 25 пайыздың ішіндегі 18,8 пайыз акцияны сәтті орналастырды. Ал қалған 6,28 пайызы орналастырылмаған еді», - деп тоқталды Е. Тұтұқышев онлайн режимде өткен брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы бірнеше айда күрделі макроэкономикалық жағдай қалыптасып, бұл өз кезегінде көптеген компаниялардың жұмысына елеулі әсер етті. Алайда, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бұл белесті операциялық әрі қаржылық тұрғыда сенімді еңсерген.

«Сондықтан компанияның қаржылық және табыс көрсеткіштері, акция кодировкалары айтарлықтай жақсы деңгейде болды. Жаһандық нарықтардың қалпына келуіне қарай, «Самұрық-Қазына» қоры 6,28 қосымша пакетімен шығу мүмкіндігін пысықтады. Осы пакетті өткізу үшін өтінімдерді жеделдетіп жинақтау әдісі таңдалды. Бұл тұрғыда бірнеше сағат ішінде инвесторлар пулын қалыптастыру мүмкін болды, сондай-ақ олар көрсетілген дәрежеден екі есе артық ұсынды», - деді басқарушы директор.

Оның айтуынша, өтінімдерді жинақтау нәтижесінде «Самұрық-Қазына» 206 млн АҚШ доллары сомасына акция орналастырды. Оның құны жаһандық депозитарлық қолхат үшін 13 доллар немесе бір акция үшін 5 230 теңгеге бағаланып отыр.

«Бүгін сағат 14:00-ден бастап Қазақстан азаматтарына, яғни жеке тұлғаларға арналған жеке транш ашылды. Тұрғындар осы акцияларды халықаралық әрі қазақстандық заңды тұлғаларға ұсынылған талаптар бойынша алады. Қазақстан азаматтары үшін өтінімдерді жинақтау бірнеше күнге созылады, яғни 8 маусым күні сағат 16:00-де аяқталады. Жекешелендіруден түскен барлық қаржы Үкімет тапсырмасына сәйкес, ҚР Ұлттық қорына бағытталады», - деді Тұтқышев.

Осылайша, «Самұрық-Қазына» қоры акциялардың 75 пайызына иелік етеді.