17 қаз, 2018 сағат 16:03

Қазақтың байлығы мен фин технологиясын түйіндестірсе, екі тарапқа да пайдалы - Саули Ниинистё

Қазақтың байлығы мен фин технологиясын түйіндестіресе, екі тарапқа да пайдалы. Бұл туралы бүгін Қазақстан Президентімен шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізгеннен кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Финляндия Президенті Саули Ниинистё айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды елдің бірі және аталған өңірдегі Финляндияның саяси және сауда-экономикалық салалардағы басты серіктесі саналады. Қазақстан түрлі табиғи ресурстар мен байлыққа ие болып отыр. Ал Финляндияда технология бар. Осынау аспектілерді түйіндестірер болсақ, екі тарапқа да барынша тиімді болар еді», - деді Финляндия Президенті.

Сонымен қатар ол Финляндия мен Қазақстан өзге де салаларда тиімді ынтымақтастықты жолға қойғанын атап өтті.

«Бізге Қазақстаннан білім және медицина салаларында тәжірибе жинау үшін көптеген жастар келеді. Финляндия әлемде ең тұрақты мемлекеттердің біріне қалай айналғандығы туралы мәліметтерімізді де зор ризашылықпен бөлісе аламыз», - деді Саули Ниинистё.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Елбасы Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді

Кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Финляндия бизнесмендері 600 млн доллардың келісімшартын жасасқанын, қазақ пен финнің тарихы да, тағдыры да ұқсас екендігін, еліміздің көлік әлеуеті зор екендігін баса айтты.

Сапар аясында Мемлекет басшысы кеше фин бизнес капитандарымен жүздесті.  

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Финляндиядан Қазақстан арқылы Қытайға жаңа темір жол бағдары ашылатындығын айтты және фин компанияларын еліміздегі агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Фин компаниялары үшін Қазақстанның туризм саласы да тартымды екенін, ІТ-компанияларына да қолайлы жағдай жасалатындығын атап өтті.