11 сәу, 2019 сағат 11:26

Белгілі ғалым аудармадағы қателіктерді тізіп берді

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы терминдерді қазақ тіліне жиі аудара бермеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ғалым орыс тілінен енген терминдер қазақ тіліне 1990 жылдан бері аударыла бастағанын атап өтті. Оның пікірінше, осы кезден бастап, қазақтың терминологиялық қоры ұлттық сипатқа ие бола бастапты. Алайда түйткілді мәселелер жоқ емес.

"Аукцион" терминін кеңес заманынан "аукцион" деп келдік. 1990 жылдары оның орнына "бәссауда" деген термин қолданысқа енді. 2009 жылдары бұл терминді мемлекеттік терминологиялық комиссия бекітті. 2014 жылы оны "аукцион" деп қайта ауыстырдық. "Гимн" сөзінде де осындай жағдай . 1992 жылы ресми түрде "әнұран" деп бекітілді. "Музей" термині 1998 жылы "мұражай" болды. 2014 жылы бұл терминді қайтадан "музей "деп қолдана бастадық. 2000 жылдары "принцип" термині "қағидат" болатын. "Процент" термині туралы да осыны айтуға болады", - деді ол мәжілісте өткен ғылыми-практикалық конференцияда.

Шерубай Құрманбайұлы аталған мәселені дұрыс немесе бұрыс деп дауласқысы келмейтінін, бірақ терминдерді өзгерте беру халықты шатастыратынын айтты.

Сол себепті ол терминдерді аударғанда асығыстыққа жол бермеуге шақырды.

«Термин мәселесінде сан қумау керек. Мысалы, мына терминдерді сан қуғандықтан бекіттік. Мынаны қараңыздар, «ішкіндік» - «гипоцентр», «майтұрақтылық» - «маслостойкость», «түтінтартқы» - «дымосос», «айданды» - «дестилянт», «қарымжы» - «задаток», ал «сәулеқұрау» - «фотосинтез», - деді ғалым.

Оның айтуынша, термин аудару - бұл шығармашылық жұмыс. Ал шығармашылықта асығыстық болмауы керек.

«Қазір индикатор бар. Оған сәйкес, өткен жылы 21 мың термин бекітілді. Биыл тағы 24 мың термин, ал келесі жылы 27 мың термин бекітілуі керек. Бірақ бұл - шығармашылық процесс. Мәселен, ақынға бір айда 500 жол өлең, бір жылда 6 мың өлең жазу керек деп тапсырма бере алмаймыз ғой. Ақынға жапырақтың сыбдыры, судың сылдыры әсер еткен кезде өлең жазылады. Ал әкімшілік жолмен өлең жаздыртсақ, ол өлең болмайды. Сондықтан терминді шығармашылықпен жасау қажет», - деп атап көрсетті Ш.Құрманбайұлы.

Сондай-ақ, профессор қазақ тілін ғылым тілі ретінде қалыптастырудың маңыздылығын түсіндірді.

Ғалымның айтуынша, бүгінде қазақ тілі ғылым мен теxнология саласында кеңінен қолданылмайды. Қоғам тарапынан оған деген қажеттілік те толық туындамай отыр. "Неге? Біріншіден, қазақ тілі ғылым тілі ретінде ядролық физикада, кибернетика, ақпараттық теxнологиялар саласында, энергетикада, медицина, қаржы саласында қолданылса, сұраныс болатын еді. Мәселен, Ұлттық банк пен қаржы министрлігі қазақша сөйлеп тұрса, онда қаржы терминологиясының дамуына қажеттілік те, негіз де қалыптасады. Мамандарды да іздей бастайды. Ал қазақ тілі осы салаларда қолданылмайынша қазақ тіліндегі терминологияның орнығуына біз негіз қалай алмаймыз. Осыны ашық айтуымыз керек. Бұл барлық ғылым саласына байланысты", - деді Ш.Құрманбайұлы Парламент Мәжілісінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда. 

Оның сөзіне қарағанда, кеңестер кезіндегі саясатқа байланысты энергетика, теxника, құқық қорғау сияқты көптеген салаларда мемлекеттік тілдің қолдану аясы шектелді. Соның салдарынан қазақ тілі аталған салаларда ғылым тілі ретінде өрісін жайып кете алмады. Аталған дәстүр әлі күнге дейін жалғасып келеді. "Сосын бүгінде терминдерді қалыптастырудың ғылыми қағидаттары әлі айқын емес. Терминологиялық жұмыстарды жүргізу кезінде белгілі бір баршаға ортақ ұстанымдар мен қағидаттар басшылыққа алына бермейді, немесе оларды жауапты құрылымдар мен осы жұмысқа жетекшілік етушілер қалауына қарай өздері белгілейді және жиі өзгертеді. Терминологияға бұлай қарау бұл саладағы жұмыстың жолға қойылмағандығын, істі ғылыми, кәсіби тұрғыдан тиісті деңгейде жүргізілмей отырғандығын көрсетеді. Соның салдарынан тұрақты қолданылатын ұлттық ғылыми терминологиялық қор толық қалыптаспай отыр", - деп атап көрсетті Ш.Құрманбайұлы.