07 жел, 2016 сағат 12:20

Қазақтар мен Шыңғыс ханның түбі - арийлер

 «Соңғы кезде қайтадан жанданған, «Велес  кітәбі»  сияқты жалған дүниеге арқа                       сүйеген  «орыс арийшылдығының»  белсенділігінің  артуы да мифтің  (жалғандығына да, ақиқаттығына да қарамастан)  аса күшті саяси құралға айналуға қабілетті екендігін  көрсетеді.  Үндемей жүре берсең, бізді басқалар өз тарихымыздан, шамалары келсе, жерімізден итеріп тастауға дайын».

                                                                     / профессор Еренғайып Омаров /

 

                             Қазақ, адай, қыпшақ-қият

      «Бисмиләһи раһмани-р-раһим!» Мейлі, әуесқой тарихшының болсын, мейлі, академиктің болсын, өз халқының түп-тамыры мен шежірелік тарихына ізденіп барып пікір айтуы, тіпті, ізденуге талпынуы, шежірелі халық болғандығымыздан, заңды құбылыс.  Өзі өскен рухани ортаның бесігінде тербелген, ата-аналарының ескіні айтқандарын жұтып өскен адамға үндемей қалған, тіпті де,  жөн болмас. Мен шежірені зерделі түрде, ойша білген атаның баласы едім. Сондықтан да, шежіренің ішкі дүниесін сезе алатын, оқи алатын адам болып жетілдім.  

Зерттелмей айтылған шежіре, ол бар болғаны түпнұсқа ғана. Оның құпиясын тек шежіретанушы ғана аша алады.  Солардың бірі, маңғол елінен ауып келген тархишы Зардықан Қинаятұлы еді. Қият-бөржігін әулетін құрған Шыңғыс ханның тоғызыншы бабасы Боданжардың кімнен туғаны жөнінде белгілі маңғолтанушы, шыңғыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, «Шыңғыс хан» атты зерттеу еңбегінің авторы  Зардықан Қинаятұлы былай дейді: «Алан-гуа Доба мерген өлгенде қолында қалған Мәлік Баяуд руының ер адамынан Бұқа-Қатақ, Бұқатай-Салжық, және Боданжар мұнхаг атты үш ұл туады. Алан-гуаның бұл қадамы ұлдарына да ағайын-туысына да жақпайтынын сезген Алун-гуа үш ұлын құдайдың құдіретімен нұрдан жаратылған тәңірдің   ұлдары, ұлдарының тектілігін жұрт олар хан болғанда түсінетін болады деген идеологиялық өсиет таратып, бес ұлын әрдайым береке-бірлікке шақырып отырған. Қият-Боржығындардың әулеттік билік жүйесі осылайша Боданжардан басталады».

      Ал енді, баяудтар жөнінде тарих  ғылымының енді бір докторы, «Қазақ түркілерінің шығу тегі» атты оқу құралы еңбегін жазған Талас Омарбеков былай дейді: «Осының бәрі кейінгі Байұлының арғы бабалары баяутпен де байланысты болуы мүмкін деген қорытындыға итермелейді. Оның үстіне баяуттың құрамында адайлардың ежелгі бабаларының өмір сүргендігін мақұлдайтын дерекке кездесіп отырмыз. Ол жоғарыда атап көрсеткеніміздей, баяуттардың кезінде «джадай» деген атаумен белгілі болуына қатысты».

      Талас Омарбеков Баяут пен Баяттардың бір тайпа екендерін айтады. Баяттар қазір маңғол ұлтының құрамында түркі тілінің элементтерін сақтап қалғандар.  Махмұд Қашғари өзінің сөздігінде   Байат дегеннің Құдай екенін түсіндіреді. Белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбетқазы Ақатай марқұм  Байат дегенді «Бай ата» деп түсіндерген еді.  Осылай болғанда ежелгі «Бай»  дегеніміздің қазіргідей ауқатты адамды емес, Құдайды, Көк Тәңірін  білдіріп тұрғанын түсінеміз. Олай болса, Баяут, Байұлы дегеніміз Тәңір әулеті, Тәңір ұлы дегенді білдірмек.  Адайлардың «Танысаң адаймын, танымасаң құдаймын» дегендері олардың ор көкіректігін емес, абыздық, әулиелік  тегін  білдіріп тұр.  

      Адайлардың, Шыңғыс ханның үш аша таңбасының көне арийлердікі екені ғылымда ешбір дау келтірмейді. Осымен қатар Боданжардың «қаршыға», яғни, біз білетін «свастика» таңбасы да, арийлердікі.  Сондықтан да, өзін арийге санаған, атадан еврей Адольф Гитлер бұл таңбаны фашизмнің символы ретінде алған. Бұл мәселеге Шыңғыс ханның бет-әлпетінің арийлік болғанын білсе де, бұрын-соңды ешкім де мән бермеген. Рене Груссоның айтқанында бұл бет-әлпет «Түркіленген арийлік тип» еді. Арийлердің қасиетті кітәбі «Авестада»  арийлердің бес тайпасының бірінің дайлар екендері айтылады.  Арийлердің үш аша таңбасының бастапқы түрікше атауы «жалайыр» болған. Юечжи-Кушан патшалығының алтын теңгелерінде патшаның қолында түбіне аттың жалы байланған айыр ұсталып тұр. Аттың жалы жын-періні қашырады  деген ұғым сол заманнан бері қазіргі қазақтардың бақсыларында сақталып қалған. Қазақ бақсылары аса таяқтарына аттың жалын байлап қояды. Жалайыр атауының аттың, құланның жалын айырып жібергенінен болған дегендері, Серікбол Қондыбай айтқандай, «қазақбайшылықтан» болған әңгіме.  Философ-ғалым Сәбетқазы Ақатай марқұм ғана жалайыр таңбасына келгенде "жал", "айыр" "аша" деп түсіндерген екен.  Ал енді, алтын теңгедегі патшаның бұл жалайыр таңбасын ұстап тұрғаны, Юечжи-Кушан патшалығын құрғандардың арийлердің ұрпақтары екендерін білдіреді. Бұл патшалықты құрған қыпшақтар, адайлар, қаңлылар, тохарлар  арийлердің түркіленген тобы болады. «Ұлы көшке» қосылмаған арийлердің Орта Азия сақтарының құрамына сіңіп кеткендері жөнінде ғылыми ұстаным бар.  

    Қазіргі таңда қазақтардың түбінің  арийлер екендерін айтып жүргендер дүниені дүр сілкіндірді десе болады.  Ең алдымен бұл жаңалыққа орыс шовинистері қарсы шығып: «Қысық көз, қисық аяқ қазақтар жасыл-сұр көз, ұзын бойлы ақсары болған арийлерден садаға кетсін, арий деген біздерміз!» деп байбалам салды. Алай да, қазақтардың арийлерге қатысы құр сөзден шықпаған еді. Белгілі генетик ғалым Жақсылық Сәбитовтың Андронов мәдениетіндегі арийлердің мәйіттерінің галлогрупасының қазақтардағы Табын руының өкілдерінің галлогруппасымен сәйкес екенін жария еткен еді. Осымен қатар Ұлттық академиямыздың ғалымы Еренғайып Омаровтың жазған «Краткая история казахской цивилизаций» атты кітәбі жарық көріп, онда, қазақтардың арийлерге қатысының дәлелденген мәселе екені айтылды. Сондықтан, шежіретанушы ретінде арғықазақ мифологиясына сүйене отырып, мүйіздері қарағайдай болған тарихшылардың, зерттеушілердің еңбектеріне сілтеме жасап, шежіре деректері арқылы солардың айтқандарын дамытып, дала ауыз тарихының дерек беруіндегі шежірелік тәсілдің жасырын мағыналарын талдай отырып, қазақтың түбінің арийлер екенінің көптеген шежірелік, таңбалық дәлелдерін келтірелік.    

      Рашиденнің айтқандарын ескере отырып доктор Зардықан Кинаятұлы: «Қоңыраттың ізі Ергене қоңда жатыр» деген еді.  Ергене қоңға, яғни қазіргі Ферғана аңғарына бекініп алғандардың ұлы көш кезінде Иран, Индия, Месопатамия жақтарға аумай қалып қалған арийлер екендерінің дәлелі, аңыздағы кейіпкелердің Қиян, Қаян, Тоғыз, Нүкүз деген есімдерінде жатыр. Бұлар анығында қаңлы-қыпшақ, қият, тохарлар. Бұл маңдағы Тохарлардың арийлер екендері генетика ғылымында дәлелденген мәселе. Қазба жұмыстарында табылған  тохарлардың тостағанының түбінде свастиканың суреті де салынған болған. Қаңлылардың арийлердің ұрпақтары екендері олардың арбаларынан білінеді. Қаңлы дегеніміз арбалылар, анығырақ айтқанда, соғыс арбасына ие болғандар. Соғыс арбасы болса, Орта Азия кеңістігінде ең алғаш арийлерде пайда болған. Бұлардың соғыс арбаларына мініп жүрген замандары «қаһармандық дәуір» деп аталады.

     Ферғана алқабынан Индияға дейін патшалық құрған Юечжи-Кушандардың  адай-қыпшақ екендері жай ғана қыйсынын келтіріп айтқан сөз емес, тарихи деректердің негізінде пайда болған тұжырым. Юечжи дегенді гректер Ядий, қытайлар Ути, Яда деп атаған. Қытай деректерінен біздер осы ядалардың салт-дәстүрлерінің қазіргі қазақтардікіндей болғанын түсінеміз.    «Ағаң өлсе, жеңгең мұра» деген ұғым Ислам дінінен әлдеқашан бұрын осы Яда-адайларда қалыптасқан. Кушан дегеніміз қытай деректеріндегі Хушалар. Қытайлар қыпшақтарды осылай атаған. (хуша, хушие, гуйшиаң) Ал енді қыпшақ дегеніміз Кави+шақ, кейін бұл атау қыба+шақ, қыпшақ болып айтылып кеткен. Үнді халқы сақ дегенді шақ деп айтады.  Сонда, Кавишақ, қыпшақ дегеніміз арийлерше Кави сақтар дегенді білдіріп тұр.  Кави дегеніміз абыз-ақын. Бұлар, еврейлер «пророкоподобный» деп атаған ұлы бақсы кахиндер. Қаған деген атау осылардан қалған. (қахин-каған). Кави дегенді кай, каиы, кей деп те атаған. (Кей Куват-Кейқуат). Қазақтардағы Қаби есімі осы арийлік Кавиден келе жатыр. Кави, Қаби дегеннің түбінде қабылдау, яғни, Тәңірдің дауысын қабыл ету деген ұғым жатыр. Осы Кави, Кейлардан  кеянидтер әулетінің аты пайда болған.  Кеянидтердің таңбасы да, осы үш аша таңба. Кеянид дегеніміз көне түркі тілінде Кейут, Кейат, Кайат болмақ.  Ергене қоңға кетті деген кеянид-Қиянымыз, Шыңғыс ханның руы деген Қиятымыз осылар, каи-қаңлылар.  Қаңлылардың Каиы деген екінші атауларының да осы кеянидтерге қатысы бар. Кеянид, Кейат, Қият дегеніміз арийлердің патшалар әулетінің атауы.  Қазақ мифологиясы: «Қаңлыдан хан көтер» дегенде осы кеянидтер әулетін айтқан. Демек, Шыңғыс хан Боданжардың арийлік свастика таңбасынан бас тартып, өзіне арийлік патшалар әулетінің таңбасын алған. Орыстардың бізді кай+сақ дегендері, қазақтардың қаиы сақтар  екендерін айтқандары.  Яғни, қайсақ дегеніміз жоғарғы Кавишақ дегеніміздің бір фонетикалық нұсқасы. Қазақ ұғымы қазақ мифологиясында ежелгі қият, қыпшақпен туыстас және одақтас ру ретінде жүретіні бекер емес. Мұхтар Әуезов өзінің әдеби зерттеулерінде қият-қыпшақ деп жазады.  Арийлердің аңызы бойынша Кей атты патшалар әулеті қарлы шыңның басынан түседі, сондықтан да, Рашиден Қиян дегенді таудан құлаған  сел, ағыны күшті  (сірә, қарқыны күшті әулет дегені)  тасқын деп түсіндірген. Темүжиннің Шыңғыстаудың басында ұлықтануының, ақ киізге салынып хан көтерілуінің негізінде осы кеянидтер жөніндегі таудан түсті деген аңыздың сарқыты жатыр. Ақ киіз шыңның басындағы қардың белгісі. Шыңғыс дегеніміз Шың+құз болуы мүмкін.  Онда бұл атау Қияттың түбін білдіріп тұр.  Әрине, патшалар әулетінің Көктен таудың басына, одан кейін жерге түседі  дегендері жалған миф.  Алай да, бұл жалған миф Кавилардың, каилардың, Қияттардың ежелгі патшалық әулетке қатыстарын білдіріп тұр. Каи-Кавилар қазақ шежіресінде Кайыхан, Киікхан деп аталған.  Сондағы шежіренің: «Киікханнан Аланшы хан, одан Мағол мен Татар» дегені, мағол-татар дегеніміздің  кеянидтер екендерін айтып тұр. Алай да, бұл шежіре деректерінің фальсификация екендерін төменде нақты түсіндіретін боламыз.  Осымен қатар, сақтардың арийлерге қатыстары жөніндегі тақырыпқа да  төменде тоқталатын боламыз.

    Адай, Қаңлы, Қыпшақ, Қоңырат, Жалайыр  тайпалары қазақтардың ең көне тайпалары, және де, бұлар суперэтнос, таза қазақтың субстраты болып келеді. «Қаңлы болғанда қазақ болмаған» деген сөз, қазақ деген қауымның Қазақ хандығын қойып, Шыңғыс ханның дәуірінен де арыда пайда болғанын айтады. Ұлы жүздегі Ыстылар болса, таңбаларына қарай  осы Қаңлы тобына жатады.  Ыстылардың Ергенеқоңнан шыққандары шежіреде олардың нағашы жұрты Қоңырат дегеннен білініп тұр. Ысты деген тарихи тұлға болған жоқ, ол ешкімнен туған жоқ, сондықтан шежіредегі «шешесі қоңыраттың қызы еді» дегендері жасырын мағына болып, бұл тайпаның Ергене қоңдық екенін білдіріп тұр. Шежіреде  Ысты  деп біресе қатынды атаған десе, енді бір нұсқасында әлгі қатыннан туған ұлды атаған дейді.  Сол баяғы, от жағып құл-күң күйінде  денесі ыс-ыс болып жүргендігінен осылай атанған  деп қояды. Осымен қатар Ыстының шешесі Қарашаш ананың иіс суды жағынып сылаңдап жүргендігінен Иісті, кейін Ысты атанған, не болмаса, Сыланды ана қымыз сабасын ыстап  баптағандығынан  Ысты атанған деген қазақбайшылық нұсқалар да бар.  

   Қазақ шежірелерінде ысты, ыстабан деп таза қазақтарды, яғни, қарт, көне қазақтарды анықтайды. Мәселен, наймандағы Ыстабан шапқыншылық болғанда жетім қалып, ай далада жалаң аяқ, жалаң бас от жағып суырдың етін қақтап жеп жүрген, от жаққаннан табандары ыс-ыс болып қалған, руы белгісіз қазақтың баласы дейді. Осымен қоса, Ошақты дегеніміз де таза қазақты білдіреді. Жоғарғы Юечжиді Ошақты деп жүргендер де бар. Бұл сөздің жаны бар, өйткені Ысты да, Ошақты да  Ергене қоңнан шыққан тайпалар. Ошақтының  да шешесі «қоңыраттың қызы» деп айтылады.

    Біздердегі Ақнаймандарда Желек деген ата бар. Осы Желектің түбі Ысты.  Бұл Желек-ыстыны наймандарға ақнайман Тілес батыр, Ұлы жүздің жеріне жасаған бір жорығынан кейін нағашы атасы Қонақбайға  әкеліп берген. Осы Желектердің кәріқұлақтарының айтқандарында, Ыстылар Ергене қоңнан шығарда, Қапшағайдағы жалғыз қақпаны бітеп тұрған  жартасты еріту үшін  от жағып Ошақтылармен бірге шығарға жол ашқандар болады.  От жағып Ошақты атанған, ысталып Ысты атанғандар дейді.  Ыстының таңбасы арий-каилардікі де, Ошақтының таңбасы тең қабырғалы үшбұрыш - Ферғана аңғарының суреті. Ферғана аңғарына ғарыштан қарағандар бұл тау құрылысының тең қабырғалы үшбұрыш екенін көреді. Ферғана аңғары осыдан неше мың жыл бұрын арийлердің саманнан салған Вара атты қорғандары болуы мүмкін.  Тең бұрышты үшбұрыш, бұл тау аңғарының қолдан салынғанын меңзейді.  Ферғанамыздың бастапқыда Варахана болуы ғажап емес.  Арийлер үшбұрышты үйлер салған. Солтүстік Қазақстандағы арийлердің Арқайым атты қаласының орнында ғимараттардың дөңгелек сопақ, сегіздік сияқты, төрт бұрыш және үшбұрыш болғандары анықталған.  Тарих пен шежіреден де хабары болған  философ-ғалым Сәбетқазы Ақатай Ергене дегенді Ергенек деп түсіндірген еді.  Дұрысы осы болар, өйткені, Ергенек қон сөзі «тосқауыл қоныс», «бекініс» деген мағынаны беріп тұр. Варахана да бекініс еді. Қазыбек бек Тауасарұлы  үшбұрыш таңбалы Ошақтының да «таза қазақы ру» екенін айтқан. Осымен қатар Рашиденнің,  орыстың зерттеушісі Толстовтың айтқандарында, жоғарғы Баяуттардың ізі де Ергене қоңда жатыр. Анығында, Ергенек қоңнан он тайпа шыққан дейді.

     Ал енді, Табындардың арийлерге қатысын олардың жалайыр таңбасынан да біліп отырмыз.  Жақсылық Сәбитов генетика тұрғысынан олардың арийлер екендерін дәлелдеп отыр. Осы екі сәйкестіктен, жалайыр таңбаның арийлердікі екені  расталып тұр.  Табындардың бұл таңбасының сырын ешкім айта алмаған, және, де олардың төрелерге қандай қатысы барын да,  білмеген. Табын дегеніміз маңғолдың бес дегені. Табынның атауы бастапқыда Табынгал болған. Яғни, бес от, бес ошақ, бес әулет дегенді білдіреді. (гал – от). Бұл Бесут тайпасы Боданжардың ұрқы Шара-Қайлықтың жеңге алған әйелінен тарағандар. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының ғалымдарының айтқандарында, Табындар Алтайда жүргендерінде маңғол тайпаларымен тығыз байланыста болған. Міне осы тұста болса керек, олардың Бесут деген түрікше атауы маңғолша Табын аталып кеткені. Мәселен,  Алтайда Табын-Богдо-Оло деген тау бар. Маңғол тілінде аталған таудың қазақшасы  «бес құдайдың тауы» дегенді білдіреді.

   Наймандағы Терістаңбалының да, түбі арий-қият.  Шәкәрім қажы бұларды домбауылдар деп, Домбауылды Өкірештен таратқан. Өкіреш дегеніміз қазіргі өзбек тілінде  бұқашық дегенді білдіреді. Шежіредегі Өкіреш арийлердің белгісі. Алтын теңгедегі жалайыр таңбасын ұстаған Юечжи-Кушан патшасының қасында осы өкіреш тұр.  Өкіреш    те,  арийлерде  жын-шәйтәннән сақтайтын қасиетті малға саналған болған.   Өкірештің басы құйылған темір аса таяқты кейінгі арийлердің   сопылары  қолдарына ұстап жын-шәйтәнға ермеймін деп ант ететін болған.  Наймандағы Байбұқа, Тайбұқа, Кетбұқа деген хандар мен бектердің атауларының осы Өкірешке қатысы бар. Осы «Бұқа» деген атақтарына қатысты наймандарды  «сиырға табынған» дегендері де, олардың үндіарийлерге қатысын білдіріп тұр. Наймандар бұқа малын кие тұтқан арий текті болғадықтарынан шежіреде Өкіреш атанған. Наймандағы Сарыжомарт ата «Тарихи Абулхаир ханида» Сары усман украч (өкіреш) найман деп аталған.   Шамамен 1227-ші жылы Тегеранда қалған терістаңбалы-найман Кетбұқаның суретінен, оның арийлік бет-әлпетті болғаны көрініп тұр. Ежелгі наймандардың арийлік бет-әлпеттері жөнінде Зардықан Қинаятұлы өзінің еңбегінің «Найман хандығы» атты тарауында: «Тарихи жазбаларда наймандар өзінің бет-пішіні жағынан сарғыш шашты, биік мұрынды, ат жақты, қабағы биік европалық мүсінді тайпа болғаны айтылады» деген еді.

     «Жалайыр» таңбалы болған соң Жалайыр атанып кеткен бұрынғы тайпалар тобының да түбі арийлер. Олардың қатарында тохарлар (тоқыраут), мен қаңлылар (канғқаут), қыпшақтар (құмсауыт) болған.   «Төлеңгіттің түбі Жалайыр» дегендегі төлеңгіттердің нақты атаулары теленгит болған. Яғни теле+оңғы+ут. (ут-от, ошақ, әулет).   Телелердің, яғни арбалылардың «оңғы әулеті» дегенді білдіреді. Оңғының уаңғы, қанғы, каңлы екені төменде айтылатын болады.  Бұлардың Жалайыр атауының бастапқы нұсқасы Түрік қағанаттарының кезінде Жалдыайыр болса керек.  

     Жалайырдағы Күшік дегеніміздің (кучугур)  арийлердің тотемі ит жануарына қатысы бар. Әнес Сарай ағамыздың айтқанында ит жануары тайпалардың шығу тегіне меңзейтін қасиетті тотемнің бірі. Ертеде итті тотем тұтқан қауым болса, ол тек қана арийлер еді. Өйткені, ит жануары арийлерде адамнан кейінгі қасиетті әулие ретінде заңдастырылған болған. Қазақтар болса, арийлердің ұрпақтары болғандықтарынан ит жануарын жеті қазынаның біріне  енгізген. Қазіргі қазақтың тазы иті арийлердің қасиетті жануары болған. Қазақтардың тазы иттерін киіз үйдің ішінде жастыққа жатқызып қоятындары осы арийлерден қалған.  Арийлер тазы иттерімен бір дастарханда отырып тамақ ішетін болған. Тазы иті Авестада Дужака деп аталады. Осы дужакамыз тазы болып реконструкцияға түскен. Өзін арийлерге  жатқызған  Адольф Гитлер тазы иттерін ұстаған.

    Оғыз хан шежіресіндегі ит-барақ, Енисей қырғыздарының тотемі қызыл тайған (ит), бұлардың түбінің арийлер екендерін білдіріп тұр.  Алай да, қазіргі білеуіт қырғызда арийлердің ұрпақтары жоқтың қасы.  Енисей қырғыздарында  бұрын Алтысар деген ру болған. Жоңғарлар бұл Алтысарлардың арийлік тегіне қызығып, оларды  өздеріне күшпен қосып алған. Алтысарлардың енді бір бөлігін,  Есім хан Тұрсын ханды өлтіргендегі соғыстан кейін, Мұстафа Өзітүріктің бабасы  Күшік батыр наймандарға әкеліп қосқан.  Бұлар қазір найманда Алтысары ақнайман  аталып жүр. Сәбетқазы Ақатай ағамыз осы Алтысары ақнаймандардан еді.

    Көк бөрі тотемі түріктердікі, оларда итті тотем тұту жоқ. Ит тотемі ежелгі қырғыздар мен қыпшақтарда болған.  Қыпшақ қауымынан шыққан Ноғайлар да ит елі. Оғыз шежіресіндегі Ит-барақ дегендеріміз осы ноғайлар.  Волга өзені булгарлардың атымен аталған болса,  Итиль, яғни ит елі деп ноғайларға қатысты аталған.  Мәселен, Асан қайғы бабамыз ноғайдың ішіндегі күшүгүр, яғни Күшік руынан. Ноғайлардың қасиетті халық екендері тарихтан белгілі. Қазақтардың ғұмырындағы ноғай дәуірін Шоқан «Алтын ғасыр» деген еді.  Ноғайларды сол қалпында сақталып қалған арийлер десе болады.   Христиан дінін қабылдаған Қырым татарлары да ноғайлар.   

      Сақ (саға) деген сөз парсыларда ит дегенді білдіреді. Европада скифтер деп аталған бұларды сақ деп парсылар атаған. Осы тұрғыдан қарағанда сақ дегеніміз де, ителі болады. Қазақта сақ деген сөздің итке қатысты айтылатыны да бекер болмағандай. Мәселен, сақ ит, саққұлақ ит. Менің пайымдауымша патшалық сақтар, шошақ қалпақты (арийлік бас киім)  сақтар мен хаомаварг сақтар арийлер болған.  (Авеста).  Арийлердің бір бөлігінің Ұлы көш кезінде Орта Азиядағы сақтарға қосылып  кеткендері жөнінде ғылыми тұжырым бар.

      Наймандағы Қаракерейдің түбі Қият-жырхын. Жырхын дегеніміз жарғы, яғни әмір, әмір беру, билік айту деген сөз, түркі тіліндегі «иар» дегеннен шыққан. Дерктерде джургин, юркин деп те жазылады. Бұлар ертеде керейдің құрамында болып, Қарауын деген жерде көшіп-қонып жүріп қарауын керей, кейін, қаракерей атанып кеткендер.  Бұлардың атаулары болмаса, ғұндардың ұрпақтары нақ керейлерге ешқандай да қатыстары жоқ.  Найман хандары осы Қаракерей-қият жарғылардың құрамында болған Жағалбайлыдан шыққан.  Бастапқы атауы Каанбаалы, яғни, «тәңірлі қағандар» болған  Жағалбайлының  шежіредегі мифологиялық атасы Қарабұқа – басты Өкіреш. Ежелгі таңбасы наймандікі – «в виде летящей птицы».  Шежіреде қарақытай Шеруші Бақат батырдың Жағалбайлыны наймандардан сатып алғаны айтылады.  Бұл жалған миф   найманның ақырғы ханы Күшлік хан қаза тапқаннан кейін, Жағалбайлының ханның қайын жұрты қарақытайларда қалғандарын айтып тұр.  Міне, осы тұста олар наймандардан ажырап қалған. Алай да, қазіргі өзбек наймандарының құрамында Жағалбайлы тармағы бар.

      Ноғайлардың  «Алаштан қазақ тараған, Ноғайлыға қараған, Жауға алдырмай ноғайлар, Бір-біріне жараған» деп айтқандарындағы Алашымыздың да атауы арий-иран дәуірінен келген. Иісі қазақтың ұлттық ұғымындағы алғашқы Алаша ханы иран тілінде аталған ақбас бала Зал.  Фердоуси оны «леопард пятнистый» деп атаған.  Осы Залды әкесі тауға апартқызып тастағанында, баланы самұрық құс асырап алып ер жеткізеді. Самұрық құс Алаштың қамқоршысы, сондықтан да Астанамызда бұл құсқа үлкен құрмет көрсетілген.  «Мәңгілік ел» монументінің төбесінде самұрық құс самғап тұр. Яғни, Алашты, қазақты көктен, жерден, оңынан, солынан келетін бәледен қорғап тұр.  Ақбас бала Зал ер жеткенде теңбіл көк араб жылқысын сыйға алады. Қол астындағы әскері де кілең теңбіл көк араб аттарына мініп турандарды  шапқанда,  әлгілер Залдың әскерін алаатчин, яғни ала атшылар деп атап кеткен.  Теңбіл көк дегенді қазақтар «көк алалы» деп те айтады.   Алшын, Алаш  дегеніміз осы «алаатшыдан»  болған. Бұл алшын-алаштардың ғұн-түріктерге қатыстары жоқ. Осыны, шежіредегі «Алаш пен Наурыз ағайын» дегендері де дәлелдейді. Алаш атауының дүниеге келуіне үш мың жылдан астам уақыт өткен.  Бұл дегенің арийлердің заманына апарады. Тарих атасы Геродот: «сақтардың ішінде  Алаш деген көне халық бар» деген еді.  Бұл жердегі Геродоттың Алаш дегенін «алаатшылар» деп ұққанымыз жөн болады.

    Еренғайып Омаров арийлердің ақбозатты (ала ат) құрбандыққа шалатын үрдістерінің болғанын айтқанының  осы алаатшы-алашқа қатысы бар. Сұлтанмахмұт Торайғыр  найман-сайболат Құрман қажының аузынан жазып алғанында,  Абылай ханның қырғыз жеріне келіп, менің бабам Көкжал Барақтың өлігін көріп тоқтаусыз жылап, астындағы ақбоз жорғасын құрбан шалғаны жөнінде айтады.  Сәкен Сейфуллиннің айтқанында бұл ақбоз жорғаны кезінде Абылай ханға Барақ бабамыздың өзі  сыйлаған екен. Көкжал Барақ шыққан наймандағы Ергенекті тармағының таңбасын да, Әлкей Марғұлан Ергене қоңның қақпасы деген еді.  Қаратайлық Мұса биден алынған найман шежіресін жете зерттеген Әлкей атамыз Ергенекті тармағының наймандар емес екендерін айтқан. «Қалмақты мыңдап қырған қолдан камап, Көкжарлыдан келіпті Көкжал Барақ» дегендегі Көкжарлы руы анығында Көктәңірлі, найманға сіңген қияттар.  Ақтайлақ би шежіресінде: «Көкжарлыдан батыр өтпес» деп бұлардың жаужүректігін айтқан. Көкжал Барақтың тіпті бес қалмақ қатындарынан тараған ұрпақтары да ақсары бет-әлпетті, жасыл-сұр көзді келеді. (көккөз Өтей). Алты қатын алған бабамыздан екі мыңға жуық түтін қалған. Өзінің жазған «Ноғайлы» атты кітәбінде Әнес Сарай ағамыз бабамызды айтқанда: «Тарбағатай мен Ілені қайтарып алуға үлес қосқан Көкжал Барақ – ұлттық қаһарманымыз ретінде ұлықталуы лазым» деген екен.

     Найман шежіресінің көптеген нұсқаларында Көкжарлы мен Буралардың өзбек жақтағы Самарқаннан келгендері айтылады.  Ал енді, ғұлама шежіре Ғұлам Қадыр болса, олардың Үргеніш, яғни қарақалпақ жақтан келгендерін айтады.  Осыны шежіредегі: «Көкжарлы мен Бураның шешелері Алтыншәш қарақалпақ қызы еді» дегендері растап тұр.  Ғұлам Қадыр нақ айтқан, өйткені қияттар, Қият атауларымен «ат төбеліндей» болып осы қарақалпақта сақталып қалған. Үргеніштегі қияттардың басым көпшілігі Ергенекті атауымен наймандарға келіп сіңген.  Көкжарлымен бірге келді деген Бураның түбі де қоңырат-қият. (арғы қият). Шежіреде Жорлық мергеннен Қоңырат болса, оның туған інісі Құбай шеріден Икірес тайпасы. Қазіргі наймандағы Бура руы осы Икірестің құрамында болған.   

 

                        Шыңғыс хан мен мұғалдар

     Енді  Шыңғыс  ханымызға келелік.  Шыңғыс хан қазіргі «қысық көз, қисық аяқ» маңғолдың төлі болса, оның шежіресіндегі киіз үйдің шаңырағынан түскен «шикіл сары, көкшіл көз» елесіміздің кім болғаны? Лубсан Данзан «Алтын дәптерде» төбеден түскеннің сары ит, яғни арийлердің тотемі болғанын неге жазған?  Көптеген деректерде Шыңғыс ханның ұзын бойлы, ақсары, жасыл-сұр мысық көзді болғаны айтылады. Әбілғазы болса, Боданжардың әкесі жөнінде сөз бастап: «Баяғы Аланко (Алан ана. Қ.З.) айтатын, оған келіп ашына  болатын адамның да түсі шикіл сары, көздері қызғылт болады. Соның нышаны тоғыз атадан барып шықты» деп, Шыңғыс ханның бет-әлпетіне де қатысты айтқан еді.  Қадырғали Жалаири да Алан анаға түнделетіп келіп  «қыз оятқанның»  көк көзді, жирен сақалды болғанын айтады.

      Көне атауы Ергенеге ұйқас тәжікше Иаргана болған Ферғана маңында жүріп юечжи-кушан патшалығын құрған юечжилар турасында, Қайролла Ғабжәлел  басқарып отырған  «Алаш» атты тарихи-зертеу орталығының тарихшы ғалымдары, олардың бүгінгі қазақ халқының этногенезінде елеулі роль атқарған субстраттардың бірі екендерін айтқан. Осы тұрғыдан қарағанда Юечжи-Кушан патшалығын казақтардың ең тұңғыш мемлекеті деп айтуға хақымыз бар секілді, егер де бұл мемлекеттің біздіңше атауы  адай-қыпшақ  болса.  Қытай тарихшысы Таң Шиәнчүннің айтуынша Кушан патшалығы Рим империясымен терезесі тең болған.  Юечжи мәселесін терең зерттеген ғалым,  адайдағы Бекет атамен аталас Серікбол Қондыбай болса: «Юечжилер – түркі, қазақ тарихының үздіксіз тарихын қалпына келтіруге ең басты тірек буын болып табылады» деп кеткен еді.  Сондықтан да, бұл юечжи мәселесі қазақтанудың ең елеулі мәселесі. Кеңес дәуірінде бұл тақырып қазақ тарихшылары үшін жабық болған сыңайлы.

     Ертедегі қытай ақыны Ли бо:

                                           Коней небесных род начался,

                                           В стране Юечжи в пещерах,

                                           На спинах у них как у тигра узор,

                                           С драконьими крыльями тело...

дейді.  Бұл жердегі әңгіме ала жонды (ала ат) қанатты тұлпарда болып тұр.   Арийлер дәуіріндегі бейнелеу өнерінде осы қанатты тұлпарлар жиі кездеседі.  Ал енді, адай мифологиясында Адай жылқысының атасының қанатты тұлпар болғаны айтылады. Қанатты тұлпар жөніндегі аңыздардың бәрі де, Каспий теңізіне байланысты айтылады.  Сондықтан да, Серікбол Қондыбай  Каспий дегенді ат, жылқы болар деген еді.   Міне, аңыз бойынша, осы теңізден ұшып шыққан қанатты айғыр жағадағы биеге шапқанынан  Адай жылқысы пайда болады-мыс.   Енді міне, қытайдың ертедегі ақынының айтқандарынан біз арийлердің қанатты жылқысын Юечжилардан көріп отырмыз. Нығмет Мыңжан юечжилердің «жылқы елі» деген атауларының  болғанын айтқан еді.  Каспий мен Адайлардың Юечжилермен байланыстары бар екендері даусыз.    

      Осымен қатар, Уақтардың атасы деген Ер Көкшенің де, қанатты тұлпары болған. Уақтардың да тарихының Маңғыстаудан бастау алатынын екінің бірі біле бермейді. Шежіредегі Уақтардың атасы Ер Көкшенің ұлы Ер Қосай дегендері, Көкше теңізінің (Каспий) Қосайы дегенді білдіреді.   «Мен да Бей лу» яғни, «Маңғол-татарларды толық сипаттау» атты кітәбінде Шыңғыс ханның замандасы Чжао Хун: «Племена татар (оқы маңғол. Қ.З.) происходят от особого рода ша-то.  Их имеются три рода: черные, белые и дикие» деген еді. Міне, осы белые, яғни, ақ татар дегеніміз Уақтар. Уақтардың өркениеті басқа көшпенділерден жоғары болғандығынан қытайлар оларды «культурные татары» деп те атаған.   Қытайлар  Орхон-Енисей ескерткішінде аттары жазылып қалған Татар тайпасының атауымен Ұлы қабырғаның арғы жағындағы барлық көшпенділерді атаған.  Сондықтан, «ақ татар» дегендердің Шыңғыс ханның әкесін өлтірген нақ татарларға ешқандай да қатыстары жоқ.   Бұлар ақсары  болғандықтарынан осылай атанғандар. Шежіредегі Ергенекті Уақ дегендеріне қарағанда, бұлардың да іздері Ергене қоңда жатқандай. Уақтардың оңғыт деген бастапқы атауларының мағынасы оңғы+ут, уаңғы+ут, қаңғы+ут ретінде «қаңғлы әулеті» дегенді білдірсе керек.   

      Серікбол Қондыбай марқұм түркі дегенді арғықазақ дегенінде қателескен.  Сондықтан да: «Неше кітәп жазып тастасам да, өзім білмеген бір табалдырықтан аттай алмай тұрғандаймын» деп, көкейінде бір шөлдің жатқанын сезген еді. Ол шөл - Ергенек қоң-Ферғананың жалғыз қақпасының алдындағы бөрте жусаны қалың   Мырзашөл еді.  Егер де ол бауырымыз көзінің тірісінде Ергене қоңның  Ферғана аңғары екенін білгенде, онда, «Арғықазақ мифологиясын» басқаша жазар еді.  Алай да, осылай  болғанда да, абыз рудың түлегі Серікбол Қондыбай өз заманының заңғары, теңдесі жоқ зерттеушісі, лингвисті, географы, шежірешісі болып қала береді.  Оның жазған «Арғықазақ мифологиясы» келер ұрпақтардың  ұлы қазақтың тарихын  зерттеулерінде басты негіз, жолнұсқаушы жарық жұлдызы болып танылады. Расында да, Серікбол марқұм табалдырықтың дәл алдында тұрған еді. 

     Қазақтың есте жоқ ерте замандардағы тарихы оның  мифологиясында жатыр.  «Алпамыс» жырының қоңыраттық нұсқасында Қарақан тау деген жер атауы аталады. «Қарақан тауда қамалым» делінеді.  Міне, осы Қарақан тау дегеніміз Ергене қоң, қазіргіше Ферғана аңғары, тау шатқалы, қазаншұңқыр болып келеді. Қарақан дегеніміздің Иарғана, Ферғана, Вараханамен  үндес екені білініп тұр. Арғықазақ мифологиясын індете зерттеген Серікбол Қондыбай «Алпамыс» жырына келгенде: «Қарақан тауымен байланыстырылған сөздердің жайына қарағанда «Қарақан тау» - ұмытылып кеткен, ежелгі ұрпақтардың фольклорында болған, аңсау, сағыну сипаты бар ата-мекен, қасиетті ата-баба елі, жері туралы толғаудың әр шумағының бірінші жолындағы арнау сөз сияқты. Міне, дәл осы «Қарақан тау» сөзі «Алпамыс» жырын қоңыраттармен ұштастыратын басты нүкте болатын сияқты» деген еді. Өзі айтқан табалдырыққа жақындай түсе Серікбол марқұм  Қарақан дегенді «Қара Қаңғ» дейді де, осы «Қара Қаңғты» арийлердің Авесталық «Қангха» қамалымен сәйкестендіре келе: «Алпамыс туралы жырларда сақталған «Қарахан тауда қамалым» сияқты тіркестің болуы осыған меңзейді» деп, «арий теориясына» қарсы болса да, қоңыраттың, жалпы қазақтың түбінің арийлерге тірелетінін өзі де аңғармай айтып салады.  Ергене қоң дегендегі «Қоң», Қоңғ» сөзі – Кангха дегеннің бір фонетикалық  нұсқасы.   Сондағы: «Қарақан тауда қамалым» дегенде, халық ауыз әдебиеті Ергене қоң, Қангха, Ферғана бекінісін  айтып тұр.  Жоғарыда айтылғандай, Сәбетқазы Ақатайдың Ергенені - Ергенек дегені «тосқауыл қоныс», «бекініс» деген мағына беріп тұр.   Жиделі-Байсынның осы маңда болғаны да бекер емес.  Осы «Алпамыс» жырынан-ақ, Ферғана аңғарының Ергенек қоң екенін түсінуге болады.  Зардықан Қинаятұлы: «Қоңыратты айту үшін алдыменен Ергене қоңды тауып алуымыз керек» деген еді. Қоңырат пен Жиделі Байсының міне, Ергене қоң-Ферғанаң әне, бәрі де өзбек жерінде қалды.  Кеянидтердің ең үлкені деген Кей Кубад «Алпамыс жырында» Кейқуат атанып жүр. Еренғайып Омар Алпамыстың Кейқуатты патша қылғанының тарихи негізі бар екенін айтады.  Осымен қатар ғалым «Алпамыс жырының» барлық нұсқаларының лайықты түрде зерттелмегенін айтып, бұл жырдың арийлерге тартатынын меңзейді.

    Кейбір мәтіндерде Қарақан тау Кангха –Вара деп те аталады.  Ал енді, Вара дегеніміз жоғарыда айтылғандай, таудың қарының суларынан сақтану үшін, Авесталық Иемнің саманнан салған қорғаны.  Демек, мифология Кангха қамалының арғыда арийлік, бергіде турандық екенін айтып тұр.  Вара қамалында аңыз бойынша Каршипта деген құс зороастризмді уағыздаған.  Қазақта бұл құс Қаршыға деп аталады.  Шыңғыс ханның тоғызыншы бабасы, Адайдан туған  Боданжардың қаршығашы болғанының, оның ұстанған  арийлердің «свастика» таңбасының «қаршыға» аталуының негізінде оның арийлік ата-тегі жатыр.

      Соңғы  бір  ғасыр ішінде қалыптасып үлгерген  Қазақстан мен Орта Азияның б.з. 5-6 ғасырларға дейінгі ғасырлар мен тіпті, мыңжылдықтардағы тарихы, тілдік-этникалық, мәдени болмысы жөніндегі тұжырымдар жиынтығын қайта қарау керек екенін айта келе Серікбол Қондыбай: «Әрине, мұндай үлкен өзгерістерді жасауға, яғни, қайта қарауға орыс тілді  ғалымдардың бара қоймайтыны айдан анық» деген еді.   Қайта қараудың орнына олар (шовинистер): «қысық көз, қисық аяқ қазақтар арийлерден садаға кетсін!» деп құр ауыз сөзбен айта салып жүр.  

      Иә, арғықазақ дегеніміз арийлер. Олай болса, адайдың ұлы Шыңғыс ханды да арийлердің ұрпағы  болған деп айта аламыз. 13-ші ғасырдың миниатюрасында бейнеленген Шыңғыс хан әскербасыларының байрағындағы, астында аттың жалы байланған  арийлердің үш аша таңбасының пошымы, қазіргі жалайырдың да емес, тарақтының да, табынның да емес, дәл адайдың Мұңалының тіл таңбасының пошымы.   Адайлар Шыңғыс ханды Бекет атаның руы Мұңалдарға жатқызады. Оның мәнісі мынада.  Домбауыл мергеннің архардың (кейде қодастың, бұғының) етіне айырбастап үйіне әкелген баланың тегі Мағалық-Баяуыт еді.  Жоғарыда айтылғандай,  Алан ана Боданжарды осы жігіттен тапқан.  Мағалық дегендегі  «мағал» - рудың атауы да, «ық» жалғауы бұл адамның мағал руынан екенін аңғартады.  Адайдағы Мұңал руының аты ескі жазуларда Мұғал деп жазылады.  Міне, «Құпия шежіредегі» Мағалық-Баяуыт дегеніміз  осы Байұлы Мұғалық   болады. Шыңғыс хан аламандық құрғанында өзінің нақты тегі Мұғал-Мағалдың атын қайта жаңғыртқан.   «Балаларға өздерінің түп-тамырын ұмытпауды үйретіңдер» деп өсиет айтқан Шыңғыс хан өзінің түп-тамырын жақсы білген.  Осылай  болғанда,  Рашиденнің мунгол, мовал дегендері де осы Мұғал.  Яғни,  мағал, мовал, мунгол дегеніміз,  адай шежіресіндегі Мұғалдың  фонетикалық нұсқалары.  Кейбір зерттеушілердің, соның ішінде Зардықан Қинаятұлының да Мағалықты Мәлік дегендерінің қисыны жоқ. Өйткені, Мәлік дегеніміз арабтардың есімі, Мағал атауы дүниеге келгенде  әлемге тараған Ислам діні де жоқ еді.

     Рашиден  «мовал» дегенді: «Будьте всегда опечаленными» деп түсіндіреді.  Яғни, «әрқашан мұңлы болыңдар» дегені еді.  Осылай болғанда адайдың Мұң+ал нұсқасы: «Возьми печаль» деген мағынада, Рашиденнің  айтқанына дәл келіп тұр.  Әбілғазының  болса: «Слово «мунгул» состоит  из слов «мун» и «ол» (мұң+ал. Қ.З.), но так как люди не могли его выговорить, оно со временем превратилось в «мугул» дегені, жоғарыда айтқанымыздай,  Мұңалдың  Мұғалға айналып кеткенін  білдіріп тұр.  (Мұғалжар).  

     Енді осы Мұңал-мұғал-маңғол дегеннің  арийлерге қатысы бар-жоғын айталық.  Рашиденге сенетін болсақ, Оғыз ханның «мовал» дегенін парсы шежірешісі: «Әрқашан да мұң алып, қысылып, бақытсыз болыңдар. Иттің терісін жамылып аң аулап жеп, ешқашан да  Түркістанда көрінбеңдер!» деп түсіндіреді.  Бұл жердегі «иттің терісін жамылып» дегенді «итке айналып» деп ұққанымыз дәлірек болар.  Бұл дегенің, түріктердің арийлерге айтқан қарғысына ұқсайды.  «Ит елі екенсіңдер, ит болыңдар!»  деп тұр.  Қазақтар жаман адамды қазақтың жеті қазынасы саналатын  ит жануарына теңейтіні, міне, осы түрік-турандардан қалған.  Мықты адамды қасқырға теңейтініміз де, көк бөрі тотемді түріктерден қалған.  Ал енді, анығында қазақтар: «қас, сондықтан қыр» деп,  бөріні  қас+қыр  атаған еді ғой.  Жыртқыш қасқыр аңы арийлердің ұрпақтары қазақтар үшін жағымсыз кейіпкер де,  ит жануары жағымды кейіпкер. Түркілер осы түсініктерді шатастырып жібергендіктерінен, біздер осы күнге дейін адасып жүрміз.   

     Қалай болса да, түріктердің түсінігінде Мұңал дегеніміз  арийлердің  қорлау, намысына тию атаулары болады.  (уничижительный).   Ал енді, итті қадыр тұтқан арийлердің түсінігінде бұл атау қасиетті болған.  Бұл жерде, Ислам қайраткерлерінің арийлермен бақталас болған соң, олардың қасиетті ит жануарларын нәжіске жатқызып жіберген сияқты мысал тұр.  Мәселен, біздер кешегі күнге дейін орыстардың біздерді «калбит» дегендерін қорлау сөз деп түсініп келдік.   Анығында бұл атау итке қатысты, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ның шығу тегіне қатысты қасиетті, біздер мақтан тұтатын атау.  Пайғамбарымыз с.ғ.с-ның  «калб» руына қатысты «калбалықтар» дегенді білдіреді.  Калбит дегеніміз қазақтардың бір атаулары болған сияқты, Мұңал дегеніміз де, атасы қытай деген ғұн-түріктермен ұстасқан арғықазақтардың бір атаулары болуы әбден мүмкін.

     Қайсы бір халық әнін  айтса да қазақ сыңсып, мұң мен шерін тарқатып отырады.  Қорқыттың  күйлері де нағыз  мұңның бір байланысы.  Асан атамыз мұңды қойып,  барып тұрған қайғы.  Әзіл-шыны аралас, Сәбетқазы Ақатай қазақтардың мас болғанда ғана көңілдерінің көтерілетіндерін айтқан еді. Қазақ дегеніміз нағыз мұңлы, көңіліне мұң алған халық емес пе?  Бұл мұң қайдан, неге келген?   Оғыз ханның бұл сөздерді кімге, қандай жағдайда айтқаны маңызды емес. Бұл сөздер маңғол атауының мағынасын  түсіндіретін біздерге жеткен шежірелік жасырын мағыналы мәлімет.  Бұл мұңға қатысты аңыз сөздер  сонау Туран замандарынан келе жатуы мүмкін.  Кейбір зеттеушілер (Х. Перлээн.) маңғол атауын арийлердің қола дәуіріне апарады. Меніңше, Шыңғыс ханның жұрты арийлердің ұрпақтары болғандықтарынан,  бұл мұңал атауының мағынасын түсініп, өздерінің ежелгі атауларының қайта қайтқанына қуанып, Доктор Қара Даван айтқандай: «Бұл ғажайып атауды олар қайта оянған ұлттық сезіммен мақтан тұтты».  Әйтпесе, саясаттанушы Қасен Қожа-Ахметтің пікірінше: «Бұндай қарғыс атауды олар несіне мақтан тұтар еді?»   

      Рашиден өзінің қожайыны Газан ханның маңғолдардың шежіресін  терең білетінін, және де осыған басқалардың таң қалатынын айта келе: «Оның өзі ғана білетін, бұл жылнамаға жазылмаған маңғолдар жөнінде көп құпия мен баян бар» деген еді.  Осы құпияға жарық түсіргендей болып, Рашиден Газан ханның Баги-и Уджан өңірінде имамдардың, шейхтардың алдында сөз сөйлегенінде,  Алаһтың күшімен оның Иран жеріне, еліне хан болғанын, және де бұл мәртебені Аллаһ тағала өзінен басқа хандарға бұйыртпағанын, осымен өзінің ата-бабаларының аңсаған армандарын орындағанын айтқан сөздерін «Газан хан» тарауында келтіреді. Міне, Ғазан ханның маңғолдар жөнінде білген, жылнамаға енгізбеген құпиясы, оның айтқан осы сөздерінің астарында жатыр.  Бұл сөздердің астарында маңғолдар (мұңалдар) өздерінің тарихи арийлік отандары Арианам-Вайджнаға, яғни арий кеңістігіне  қайтып келді деген мағына бар.

     Міне, арийлік теорияның тұрғысынан біздер маңғол атауының мағынасын  осылай түсінеміз.    Бұл жерде әлгі «мәңгі ел», «мыңқұл», «маңқұл» сияқты қисынсыз қиял, жөнсіз жорамал жоқ.  Әлемде бір нәсіл арқалап жүрген маңғол атауының мағынасы тарихи деректерге жататын «Құпия шежіре», «Жылнамалар жинағы», «Шежіре түрік», «Адай шежіресінен» шығып отыр.  Халықтардың түп-тамырын шежіре ғана айта алады. Шежіре – түпнұсқа.  Шежіреге үрке қарағандардың түсінігі тар.   Шежіре жоқ жерде негіз жоқ.  

     Шежіре деректеріне сүйеніп менің Шыңғыс ханның ата-тегіне қатысты жазған ең алғашқы «Қазақ шежіресіндегі Шыңғыс ханның ата-тегі» атты шығармамда шежіредегі жасырын мағынаны талдап, «Созақтан моғол» дегеннен,  маңғолдардың түбінің су сақтары екендерін айтқан едім. Шежіреде «Қазақ пен Созақ ағайын» деп айтылған.  Бұл деректен біз кей сақ пен су сақтарының ағайын екендерін түсінеміз.  Сонда жоғарғы Юечжи-Кушан, яғни адай-қыпшақ патшалығын  құрғандардың су сақтары мен кей сақтары екендері түсінікті болады.   Су сақтарының моғолы дегеніміз, Каспий теңізінің Мұғалдары.   Ит елі сақтардың андронов, яғни арий тайпаларының ұрпақтары екендері К.А. Акишев пен Г.А. Кушаевтың  «Древняя культура саков и усуней долины реки Или» атты еңбектерінде де айтылған.  

     Біздер бала күндерімізден нағыз қазақтардың сары, көздері көк болғандарын аталарымыздың аузынан естіп өстік.  Яғни, біздің ата-бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа, қандай да замандарды бастарынан кешсе де, өздерінің тектік сипаттарын жеткізіп отырған. Қазіргі түрікпіз деп жүргендердің өздері  түбі қазақ сары қаңлылар. Қазақтардың ғұн-түрік ұрпақтары емес екендерінің басты дәлелі қытай деректерінде жатыр. Қытайлар да, солардың деректерін зерттеген Бичурин де, кейін, осылардың жазғандарын мұқият зерттеген әлемге танымал түркітанушы Лев Гумилев те, «Алаш» тарихшыларының айтқандарындағы қазақ халқының субстраты деген юечжилардың  ғұндардан бөлек екендерін айтқан.  Анығын айтқанда, ғұндар, үйсіндер,  юечжилер - үшеуі үш бөлек массив болған.  Ежелгі арийлік сарықазақтар Мөденің заманынан кейін ғұндармен мидай араласып кеткен соң, арийлік бет-әлпеттерін барынша жоғалтқан. Сондықтан да, қазіргі қазақтардың бет-әлпеттерінің антропологиялық типі жөнінде ғылымда: «Бұл нәсіл ерте кезде европа тектес тайпалар мен маңғол тектестердің бір-бірімен араласуынан пайда болған» деп айтылады.   Қазақтың антропологиялық типінің төрт түрі бар.  Осы төрт типтің екеуі арийлік  бет-әлпет те, екеуі  ғұн-түріктік бет-әлпет.   

    Зуев Ю.А. өзінің «Ранние тюрки: очерки историй и идеологий» атты еңбегінде юечжилердің антропологиялық типінің европеоидтар (сары қазақ) болғанын айтады. А. Бернштаммның айтуынша «Кушан» (қыпшақ) деген термин тохарлардың юечжи деген тайпасындағы үстемдік құрған рудың атын білдіреді. А.Ю Якубовский юеджа деп аталған юечжилерді кангюилер мен кушандар деп көрсетеді.  Осыдан шыққан тұжырым: қазақ атауының бастапқы нұсқасы хассақ болса да, қазғақ болса да, кайсак болса да, бұл нұсқалардың бәрінің  адай, қаңлы, қыпшаққа қатыстары бар.  

     Осымен қатар, соңғы зерттеулердің нәтижесінде мен Қоңырат дегеніміздің бастапқы атауының қаңғ+арат, яғни, «қаңлы елі»  болған деген тұжырымға келдім. (counkarates).  «Құпия шежіредегі» қоңыраттардың «хасаг арбасы» осыны растап тұр.  Мифологияда арийлерден кейінгі арбаның иелері каңлылар екендері нақты айтылады.  («Оғызнама»).   Бұл жағдайда жоғарыда айтылған қоңыраттардың Қарақан тауы, яғни,  Кангха қамалы еске келіп тұр.  Міне, осы жерден каи-қоңырат пен каи-қияттың түбінің бір екендері білінеді. Доктор Зардықан Қинаятұлы қоңырат пен қияттың құдандалық салтын айтқанда, есте жоқ ерте замандардан бері бұлардың арийлік қан-туысқандық некені ұстанғанын меңзеген болса керек.

      Жоғарыда айтылғандардың негізінде біздер  хассақ, кейсақ, қайсақ, қазғақ, ғозар, ғозыақ, хазар деген сияқты нұсқалардан шыққан  қазақ  этнонимінің  бастапқыда  Орта Азия арийлерінің атауы болғанына сенімдіміз.  «Әлемді рәміздер мен нышандар билейді» деген еді Конфуций.  Шыңғыс хан алған арийлердің жалайыр таңбасы кейінгі алты алаштың да таңбасы болған деп айтуымызға негіз бар.  «Алты алаштың ұлығы Жалайыр болған» дегеніміз осыны растап тұр. Арийлердің таңбасын ұстаған Жалайырлардың жолы үлкен болған еді.  Философ ағамыз Сәбетқазы Ақатай Жалайырдың тарихының қазақтың (алаштың) тарихы екенін бекер айтпаған.  Алаш атауының арийлерден келе жатқанының енді бір дәлелі ретінде «алты алашқа» кілең  арийлердің ұрпақтарының жиылғандарынан да білініп тұр.  Алты алаштағы  ұлығы Жалайыр. Қаракесектің түбі қият. Қоңырат. Қыпшақ.  Қазақтың белді тарихшыларының бірі Мәмбет Қойгелді ағамыз Қадырғали Жалаиридің алаш мыңымен бірге Қаңлыны да атағанын айтады. Өкіреш найман. Және де кереитсіз күллі Кіші жүз Алшын тобы ретінде алты алашты құрағандар.  Тарихи жағдайларға байланысты бұл тайпалар түріктердің атауын, тілін қабылдағандарымен  түбі түрік емес, асыл қазақ арийлер.  Алтын Орда ыдырағаннан кейін қалыптасқан Ақ Орданың негізгі бұқарасы  осы алты алаш тайпалары болғандықтан, бұл хандықты тарихшылар 13-15 ғасырларда бір тұтас халық болып қалыптасқан Қазақ хандығы екенін айтады.  Демек, алғашында «Алаш» қауымы болып  ұйысқан бұл арийлік алты тайпа  кейінгі жерде қазақтың біртұтас халық болып қалыптасуына негіз болды.  Яғни, осыдан біздер қазақ атауы Қазақ хандығынан кейін пайда болды дегеннің өзінде де, бұл атаудың арийлердің атауы екенін түсінеміз.  Осыны, кейін  орыстардың біздерді «кайсаки», яғни «саки кеяниды» дегендерінен де  аңғаруға болады.  

 

                            Тамғалы тастағы арийлер

      Еренғайып Омар өзінің еңбегінде  философ, тарихшы ғалым  Сәбетқазы Ақатайдың «Қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрпы мен дәстүрлі мәдениеті»  атты еңбегіне біраз жерде сілтеме жасаған екен.  Сәбетқазы ағамыз  өзінің еңбектерінде арийлердің атын атамаса да, жазғандарынан арийлерді көреміз. Түріктердің Умай анасы жөнінде жазған ғалым  қазақтардың келіндерінің «қайын атаның ошағына май құю» атты дәстүрін айта келе, Умай дегеннің «май» сөзінің фонетикалық нұсқасы екенін түсіндіреді. Осымен қатар Сәбетқазы ағамыз бұл дәстүрдің ведалық дәуірдегі үнділерден, яғни арийлерден келе жатқанын айтады.  Және де, осының дәлелі ретінде  Умай ананың тасқа қашалған екі суретін көрсетеді.  Бұл суреттерде Умай ананың басындағы тәжінің пошымынан  арийлердің үш аша таңбасы білініп тұр.  Міне, осыдан біздер Умай ананың түркілер қарызданған  арийлердің  құдайшықтарының бірі болғанын аңғарамыз.   Умай –үндіарийлерден келе жатқан  Ума анасы.

     Осы сияқты, Бөрте шене мен Қуа Маралдың да арийлік мифологиялық кейіпкерлер екендерін, Бөрте шененің бөрі емес ит болғанын таңбалы тастардан аңғаруға болады.  Орыстардың иттің күшігін «щенок»  дегендері осы Шенеге қатысты айтылған.  Сәбетқазы ағамыз «шене» дегеннің қазақтың сөзі екенін айтады.  Бөрте дегеніміз - бөрте жусан, қазақтың қасиетті жусанының аты. Қазақты жусансыз, жусанды қазақсыз  айту мүмкін емес. «Исі қазақ» дегенде біз қазақтан аңқыған жусанның иісін айтамыз.  Көк Тәңірі дінінің  қазақ жерінде пайда болғанын айта келе Сәбетқазы Ақатай Тамғалыдағы түріктің аты да жоқ, заты да жоқ замандардағы арийлердің Андронов мәдениетінің тұсындағы қола дәурінен қалған таңбалы тастағы суреттердің бірінің адам кейпіндегі Ай Тәңірі, бірінің Күн Тәңірі екенін айтқан екен.  Алай да, ғалым олардың қастарында тұрған жануарлардың мағынасын түсіндірмеген. Тамғалыдағы суретте Күн Тәңірі - архармен тұрса,  Ай Тәңірі  -  құйрығы шолақ  төбетпен  тұр.  Бұл екі жануар Ай мен Күнді білдіретін тотемдік жануарлар.  Алтай мифологиясында маралдың Күн екені, яғни маралдың мүйізінде күннің шығып, бататыны айтылады.  Бұл жердегі Күніміз «Құпия шежіредегі» Қуа марал болады да, Айымыз (итіміз) Бөрте шене болады.  Күн Тәңірінің қыпша бел силуетінен біз әйелді танимыз. Және де, қасындағы архардың шағын мүйізінен оның ұрғашы екені білініп тұр.  Ай Тәңірі болса, енді бір суретте ит құйрықты көрсетілген.  Енді бір суретте архар мен құйрығы шолақ  ит - Ай мен Күннің символдары ретінде жеке тұр. 

     Архардың ежелгі түрік мифологиясында маралға айналып кетуінің себебі, түріктердің архарды қоймарал деп атағанынан болған. (Әбілғазы). Шежіредегі Қуа Марал дегеніміз осы Қоймарал-архар. Зардықан Қинаятұлы «қуа» дегенді қоңырат деп түсіндірген екен.  Аңызда Қияндардың Ергене қоңды архардың ізімен тапқандары айтылады. Бұл аңыз Қияндардың шығыстан батысқа, яғни Күннің артынан (ізімен) кеткендерін айтып тұр.   Демек, төрелердің «Архар» ұраны Серікбол Қондыбай айтқан айдаһардың емес, Күннің мағынасын беріп тұр.  Жалпы, Тамғалыда архардың бейнесі өте көп кездеседі.    

     Тамғалыдағы петроглифтердің екеуінде архар мен арий-кеянидтердің таңбалары қатар тұр. Біреуінде жалайырдікіндей тарақ таңба болса, екіншісінде арийлердің скипетрге ұқсас айыр таңбасы тұр.  Ғалымдар қола дәуіріндегі айыр таңбаның кейін жаңартылғанын айтады. Жалайыр таңбаның ортаңғы ашасының басында  Айға ұқсас шеңбер тұр.  Демек, арийлердің скипетрге ұқсас  жалайыр таңбасы Ай Тәңірінің белгісі.  Мен әу бастан төрелердің таңбасының құйрықты тарақ екенін айтқан едім. Бұл жердегі тарақтың құйрығы Ай Тәңірінің тұла бойы ретінде көрсетілген.  Екі жағындағы екі ашасы Тәңірдің көтерілген қолдары.  Осымен қатар, екі жерде  қола дәуіріндегі арийлердің қосаяқты арбалары салынған.  Осыдан біздер бұл таңбалы тастардан сонау арийлердің заманында қазіргі төрелердің ұрандарын, таңбаларын, арийлердің, қаңлы мен қоңыраттардың хасағ арбаларын көреміз. Қосаяқ арбаны арийлер бізді танысын деп салып кеткен сыңайлы. Сонымен, Шыңғыс ханның таңбасы Ай Тәңірін білдіріп тұр. Серікболдың бұл таңбаны үш басты айдаһар дегені дәлелсіз жорамал болғаны.  Арийлік үш аша таңбаның айдаһар болуы мүлде мүмкін емес, өйткені, айдаһар арийлердің қас жауы еді.

    Негізінде, Алматының маңындағы Тамғалыдағы петроглифтер тобы аспан астындағы ғибадатхана  еді. Ғалымдардың айтуынша  осы аспан астындағы ежелгі арийлердің ордасында дүниедегі білімнің, ландшафт, қасиетті өсімдіктер, бұлақтар, адам қолымен тастардан жасалған құлпытастар, биік жартастардағы қашалып салынған суреттердің барлығының өзіндік орны, мәні мен мағынасы бар. Міне, осы тастардағы суреттерден біздер өздеріміздің тақырыбымызға қатысты мән, мағыналарды ашып отырмыз.   Мен шежіреге қатысты қағаз деректердің  бәрін оқып тауысқан едім, енді міне,  Аллаһ тағала маған тастағы  деректерді  оқуды бұйырған екен.  Бұл тастарда мені Шыңғыс хан мен маңғолдың тегіне қатысты  жеті  сурет қызықтырған еді.  Бәрі де арийлердің заманында салынған суреттер.  Тастағы суреттерден арийлердің  космологиялық санасы мен танымдарының құпиясын ашуға өзімнің ақылым жетпеген соң, космоэнергетика прогрессоры,  аты әлемге әйгілі Эмиль Багировтың өз қолынан оқыған шәкірті Бибі Сандуғашты көмекке шақырдым. Бибі Сандуғаш менің қолымдағы альбомның тақырыбынан бейхабар еді.  Бірден көкейкесті суретті көрсетпей Бибіні тексеріп алайын деп, ғалымдардың: «Перілердің рухты шақырып тұрған бейнесі, қола дәуірі» деген суретті көрсеттім.  Бибі біраз көзін жұмып отырды да: «бақсылардың иелері деп тұр!»  деді.  Демек, абыз адам өзі ғана көре алған иелерінің суретін өзі салған.  Шоқан иелердің ең мықтысының «сары қыз» болатынын айтқан. «Алдар Көсе» фильміндегі басына арийледің шошақ қалпағын киген бақсының: «Әлгі біздің сары қы-ы-ы-ы-з!» дегені, иесін шақырғаны еді. Міне, Тамғалы таста бақсы өзінің «сары қыз»  иесінің суретін салған.  Тастағы иенің қыз екені білініп тұр. Сурет те сары түсті.  Менің әкем марқұмның туған інісі, Қазақстанның құрметті, рухани халық емшісі Базылқан қажының да иесі «сары қыз» болады.  Міне, осы иесінің мықтылығынан Базылқан қажы «Сократ» сыйлығын, оның алтын мүсінін, «Патшайым Виктория» орденін алған.  Осыдан біз, Шоқанның айтқанындағы «сары қыздың» ақиқат екенін, және де, қазақтың «сары қызының» ертедегі арийлерде болғанын  біліп отырмыз.  Орыс ғалымдары бұл «иелерді» ряженные, яғни алқа-салқа киінген скоморохтар деген екен. Бұлардың ряженныйлар болулары мүмкін емес, өйткені, олардың адамды буып алатын жыландар тәрізді, саусақтарсыз ұзын қолдары анық  суреттелген.

      Рух, яғни аруақ деп те ғалымдар қателескен.  Тенгриандықта аруақ шақырылмайды.  Аруақты дінді біздің ата-бабаларымыз солтүстікке келгенде  чукча-бурят, тунгус тайпаларымен араласып жүріп ұстанып кеткен. Және де, тенгриандық дін Түрік дәуірінде аруақтық өзгеріске ұщырады.  Біздің бастапқы дініміз Сәбетқазы Ақатай айтқандай Тәңірлік дін.  Шыңғыс хан аруақпен емес, Тәңірімен ақылдасатан болған. Бибі Сандуғаш болса, қият-жырхындардың ұрпағы болған соң, абыз-ақын болған Кави ата-бабаларының жолымен келе жатқан Тәңірлік елті.  Сондықтан, Тәңірлік ғибадатханада Бибі  өзін суда жүзген балықтай сезінді.  Ал енді, «Аллаһтан аруақ күшті» деген чукча-түріктік жынды бақсылардың ақылдары Тәңірге жетпейді.  Шоқан Уәлиханов маңғол-бурят шамандарының қазақтың бақсыларының тырнақтарына да тұрмайтындарын айтқан еді.  Шоқан қазақ бақсыларын ұлы бақсы, орташа бақсы, ұсақ бақсы деп үшке бөлсе, мен абыздар мен шамандар деп екіге бөлемін. Менің екі тілде жазған кітәптарымның «Следы шаманства у найманов», «Найманның бақсы-балгерлері» атты тарауларында Бибі Сандуғаштың аты найман Күшлік бақсының, бақсылардың пірі Кетбұқаның, бақсылардың бақсысы бағаналы Қойлыбай бақсының қатарында аталған.  Бұлардың бәрінің түбі Кавилер, яғни абыз-ақындар.

    Осыдан кейін елтіге ғалымдардың «белгі» деп атаған суретін көрсеттім. Бұл «белгі» деген сурет екі жағында екі шеңбері бар, орталары ұзын сызықпен қосылған таңба сияқты екен.  Мен күллі түрік әлемінің, Қазақстан, Орта Азия, Қырымдағы  тастарда қалған таңбаларының бәрін жатқа білсем де, бұндай таңбаны бірінші рет көрген едім.  Сондықтан бұл таңбаның артында бір сыры бар-ау  деп қызықтадым. Таңбаға қарап Бибі біраз отырды да: «Қос ноқта  деп тұр» деді.  Мен әзер түсіндім, бұл тасқа басылған  белгі, таңба емес, екі құрықты ноқтаның салынған суреті екен.  Мен бұны басқа суреттердегі адамның екі құрықты ноқтамен екі малды жетелеп келе жатқанын көргенде түсіндім.  Қос ноқта Ай мен Күнге арнап шалатын құрбандықтарды қосарлап жетелеп әкелу үшін жасалған болса керек.  Яғни бұл қос ноқтаның ритуалдық мағынасы бар.

      Ары қарай Бибі екеуіміз  ғалымдардың:  «Тау ешкісі мен жоғарыда архар, мүйзідерін түйістіріп тұр» деген суретті көрдік.  Архар жоғарыда емес, тау ешкісінің үстінде тұр. Бибі бірден: «Күн Тәңірі архар. Архардай биік бол!» деп тұр» деді.  Мен бала кезімде Тарбағатай тауларында архарға барғандағы биік құздың үстінде үйіріне  қарап тұратын  архардың құлжасын көргенімді есіме бірден түсірдім. Күннің шыққан кезінде құлжа күнге шағылысып бейне бір тұғырда тұрғандай болып көрінеді.  Бұндай көріністі әрине, арийлер де көрген. Сондықтан да архарды Күнмен барабар еткен.  Ал енді, архардың тауешкі  үстіне шығып тұрғаны, оның шыңда тұрғанын білдіріп тұр. Анығында тауешкі  қарлы шыңның басында, архар жүретін жерден биікте  жүреді.  Яғни, бұл суретте «шыңның үстінде тұрған архар»  деген ұғым бар. Тауешкі бір жағынан шыңды білдіріп тұрса, екінші жағынан архар тұрған құзды білдіріп тұр.  Архардың басы тауешкінің құйрық жағына қарап тұр, яғни шыңдағы құздың шетінде тұрғандай.   Сонда бұл көріністе  шың+құз деген ұғым жатыр.  Меніңше, арийлерде патшалық, яғни монархиялық биіктікке  қатысты «шыңқұз»  деген ұғым болған.  Не болмаса, архардың қоймарал деген сияқты «шыңқұз» деген енді бір атауы болған.  Алай да, бұл ұғымның қазақ тілінде шығып тұрғаны маған белгісіз.  Осыны анықтау алдағы зерттеулердің құзырында.  Ақын-жазушы, Филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы  ретінде менің кеңесші досым Иманғазы Нұрахметұлының айтуынша, арийлердің тілі түркі тілі болуы мүмкін.  Аңызда ханның лақаб атын Көк Тәңірінен есітіп Көкше бақсының қойғаны айтылады.  

     Тастағы суреттерде жыныстық мүшелері  шошайған, құйрықтары бар  жалаңаш адамдардың бейнелері көп кездеседі. Мен осыған таң қалдым. Арийлердің құйрықты адамдар болғаны ма деген ой да келді. Осыны көрген Бибі: «Жабайы адам, аңның құйрығын тағып алған. Қалып» деп тұр» деді.  Демек,  арийлердің заманында  жабайы адамдар болған. Олардың әбүйрлерінің  шошайып жүргені,  қазіргі заманның гвинеялық жабайылары сияқты  жыныс мүшелерін қорғау үшін арнайы қалып тағып алғандарынан болған. Силует түрінде салынған  осынау суреттерден бұл қалыптарды көру мүмкін емес.  Сондықтан,  бұл қалыптар суреттерде жыныс мүшесінің шошайып тұрған кейпінде көрінеді. Ақпарат құралдарынан қазіргі заманда сақталып қалған жабайылардан осындай қалыптарды көрген соң, есіме түсіріп ұқтым. Осыны ұға алмаған  Сәбетқазы ағамыз: «Здесь художник посчитал нужным подчеркнуть родительский признак в эротическом состояний» деген  екен.  Бір топ жабайылардың «в эротическом состояний» билеп жүргендері, әрине, ақылға сыймайды. Садақ тартып тұрғанда да, сол -  «в эротическом состояний».  

       Сәбетқазы Ақатай ағамыз  1984-ші жылы жазған өзінің «К пережиткам культа Тенрги у казахов» деген мақаласында  Тамғалы тастағы бір суретке қатысты: «На другом рисунке (4) эти же тотемы вступили в довольно странные половые связи» деген екен.  Олай айтатын жөні бар, өйткені, бұл суретте  Ай Тәңірінің ит құйрықты бейнесі бұқаға артылып жыныстық қатынасқа түсіп жатыр. Бұқаның екі аяғының ортасында жыныстық мүшесі салақтап тұр.  Бұлар арийлер болмаған ғой деген ой келді. Өйткені, арийлер бұндай қызтекелік тақырыптағы суретті салғанды қойып,  ойлаған адамды өлтіріп тастар еді. Арийлер қан-қарындастық некені өздерінің тектеріне басқа халықтардың қызтекелік  тұқымдары еніп кетпесін деп ұстанған.  Осыны айтып Бибіге әлгі суретті көрсеткен едім ол: «Бұл бұқа емес, сиыр, салақтап тұрғаны, оңға қайырып тастаған құйрығы. Заман солай болған» деп тұр» деді.  Расында да,  егер бұл Сәбетқазы ағамыз айтқандай, жыныстық мүшесі салақтаған  бұқа болса, онда оның құйрығы қайда?  Және де, жыныстық мүшесі осыншама салақтайтындай бұл айғыр емес қой.

      Демек, Сәбетқазы ағамыздың басын қатырған бұл суретте силует түрінде салынған сиырдың  арғы жағында салақтап тұрған құйрығы,  бергі жақтан бұқаның жыныс мүшесі сияқты көрініп тұр.   Және де, суреттерде бұқалардың тұмсықтары су сиырынікіндей (бегемот) үлкен де, сиырлардікі ұрғашы екендерін білдіру үшін жіңішке, нәзік көрсетілген. Міне, Көктің нұрынан жүкті болу  мифі осы суреттердің заманынан арийлік Алан ананың заманына дейін жеткен. Демек, көптеген зерттеушілердің айтқандарындай, Алан ананың тарихына қатысты «Құпия шежіреде» христиан дінінен плагиат болған жоқ. Қайта, христиан дініндегі нұрдан жаралу арийлерден келген. Барлық суреттерде Күн Тәңірінің  басы  айнала біткен шуақ-сәулелерімен  бірге салынған да, Ай тәңірі бір сәулелі толған Ай түрінде шуақсыз берілген. Наймандардың бір таңбасы «шөміш» таңба еді.  Тамғалыда бір сәулелі Ай осы «шөміш» таңба сипатта суреттелген.  Анығында, бұл «ноқта» таңбасы.  Юечжи-Кушан алтын теңгесіндегі патша оң қолында осы жалғыз басты ноқтаны, сол қолында жалайыр таңбасын ұстап тұр. Артында Өкіреш (бұқа) тұр.  Осыдан біздер қазақтың барлық шежірелерінде айтылып жүрген «ноқта ағасы» дегеннің мағынасын  түсінеміз. Бұл атау «сиыршы» дегенді білдіреді.   Осының дәлелі ретінде біз Ұлы жүздің «ноқта ағасы» деген Жалайырдың Сырманағының құрамындағы Сиыршы атасының бар екенін келтіреміз. Алтын теңгеден біздер «сиыршы» дегеннің патша екенін көріп отырмыз.  Сонда қазақ шежірелеріндегі  «ноқта ағасы» дегендері  сол елдің патшасы дегенді білдіріп тұр.  Яғни, Жалайыр - Ұлы жүздің патшалар тайпасы.  Осыдан біздер Өкіреш пен  «ноқта ағасы» дегеннің патшалар әулеті екенін  ұғамыз.   Және де, қазақбайшылықтан аталған қазақ тайпаларының кейбіреулерінің «шөміш» таңбасын, анығында  «ноқта» таңба деп ұғамыз.  Жоғарғы Табындарда жалайыр таңба да, ноқта таңба да бар. Менің алдыңғы мақаламдағы арийлердің «адай көне» деп атаған таңба да ноқта таңба екен. Адайлардың бір таңбасы да осы ноқта болған соң, әзірше «адай көне»  деп атаған едім. Кеянидтердің шежіресіндегі барлық патшалардың таңбалары осы ноқта таңба.  Яғни, әулеттің жалпы таңбасы жалайыр да, әр патшаның таңбалары ноқта.  Осымен біздер, қазақ шежірелеріндегі Өкіреш, ноқта ағасы дегендердің Юечжи-Кушан патшалығының алтын теңгесіндегі патшаға қатысы бар екендеріне ешбір күмән тудырмаймыз.  Ал енді, осы Өкіреш пен ноқта ағасының арийлердің кеянид-қият  әулетіне қатысы бар екендерінің бірден-бір дәлелі ретінде, патшаның қолына ұстап тұрған  кеянид әулетінің жалайыр таңбасын келтіре аламыз. Демек, Юечжи-Кушан дегеніміз, қытайлардың тілдері  келмей айтқан Адай-Қыпшақ.  

      Кейбір суреттерден сиыр малының  арқасында бір өркеші бар, мүйізі ұзын африкалық сиыр екендері көрініп тұр.  Бір қызығы, сиыр малының иесі Зеңгі баба дегеніміз анығында Зеңгір, яғни қазақтардың африкалық негр дегенді айтқандары. Бұл жәй, қазіргі генетик ғалымдардың күллі адамзаттың Африкада өмір сүрген бір әйелден тарағанын айтқандарымен үндеседі. Бұл тастарда буаз сиыр жиі кездеседі. Буаз сиыр арийлердің «сиыр анасын» білдіріп тұр.  Сонда, мифологияға сай Ай Тәңірі мен буаз сиырдың  буданы Өкіреш болғанда, Өкіреш найман дегендеріміздің шежіреде мифологиялық Қарабұқадан тарап тұрған, мен айтқан «бұқатекті» найман хандарының шыққан тегі  Жағалбайлы болғаны. Олардың каанбаалы, яғни Тәңірдің қағандары деген бастапқы атаулары Ай Тәңірінің ұлдары, оғландары дегенді білдіріп тұр.  Алан анаға Ай сәулесімен кірді деген  сары иттен туған Боданжар да мифологиялық Ай Тәіңірінің ұлы ретінде көрсетілген. Міне, «Құпия шежіренің»  фальсификациясы дәл осы жерінде.  Және де бұл фальсификацияны Тілеуберді айтқандай халха-маңғолдар емес,  Шыңғыс хан әулетінің  идеологтары жасаған.    Мен бала күндерімде нағашы атамның жаңа Ай туғанда оң тізесіне отыра қалып, екі қолын Айға созып бата беретінін көруші едім.  Нағашы атам Қожагелді Рақымбайұлы найманда қалған Жағалбайлының Айтолы  тармағынан еді.   Айтолының Ай Тәңірі екені айтпаса да, түсінікті.   

    Енді бұл жерде Қайрат Закиряновтың айтқандарына тоқталайық. Менің руласым Шыңғыс ханның найман хандарының тегін құртып жібермекші болғанын дұрыс айтқан. Алай да, осының мәнісін дерексіз айтқан соң, дұрыс түсіндіре алмаған.  Шыңғыс ханды Бағаналы деп ғалым қателескен. Бағаналы алдыңғы қияттардан болады. Домбауыл мергеннің Белгімтай, Богентай деген екі ұлы болған. Қытай деректерінде олардың обақтары Белгунут, Богенут болып көрсетілген. Алай да, олар қазіргі таңда бұл атауларымен ешқайда жоқ, өйткені, Белгунут Белгібай болып найман шежіресінің басында тұрса, Богенутымыз наймандағы Бағаналы.  Ал енді, найман шежіресіндегі Өкіреш найман аталған қият-жарғы (әмірші) Қарабұқадан тараған найманның бұқа  хандары кешегі Юечжи-Кушан патшаларының ұрпақтары, яғни кеянидтердің патшалық ұрпақтары болып келеді. Осының дәлелі тарихи деректерде айтылған. Кеянидтерге жатпайтын адайдың ұлы Шыңғыс ханның өзінің хан әулетін құрмақшы болғанын естіген найманның ханы Таян,  оңғыттардың ханы Алакүш тегінге Жауқұнан деген (Джохунан) елшісін жіберіп: «Аспанда екі Күн болмайтындай, жерде екі хан болмайды. Егер де сен менің оң қолым болсаң, онда, Солтүстікті тыныштандыру қиынға түспес» деп, оған сәлем жолдайды. («Мен да Бей лу». М. 1975. 148 бет.)  Бұл жердегі Таян ханның «екі хан болмайды» дегені, Шыңғыс ханның патшалар  әулетінен емес екендігін айтып тұр. Әйтпесе, біреу хандық құрамын десе, Таян ханның несі бар? Әрі қарай, осы  қытай дерегінде: «Чжун-у ван (Алакүш тегін. Қ.З) давно думал о том, что Тай-цзу (Шыңғыс хан.Қ.З.) мудр и доблестен и в конце концов завершит великое дело основания династий (фальшивой. Қ.З.), и твердо решил присоединится к нему» делінеді. Демек, қытайлар Шыңғыс ханның жалған патшалар әулетін құрғанын айтып кеткен. Сондықтан да, Шыңғыс хан әулеті дүниежүзілік монархтар әулеттерінің қатарына алынбаған. Кеянидтерді болса, монархтар ретінде әлем, сары қаңлылар құрған Осман империясы арқылы мойындаған. Сондықтан қазақта: «Келелі елде қаңлы бар, қаңлыдан  (кеянидтен. Қ.З.)  хан көтер» деген арман қалған.  Найман хандары тірі тұрғанда  Шыңғыс хан өзін толық мағынада хан атай алмаған, өйткені, ол арийлік болса да, кеянид емес еді.  Шыңғыс ханның найман хандарын құртып жібермекші болғанын айта келе Қайрат мырза кезіндегі Лениннің  Романовтар әулетін құртып жіберген мысалын өте дұрыс келтірген.  Романовтар тірі тұрғанда бұқара халықтың большевиктерді  мойындауы қиынға түсер еді.  Осыдан біздер, Найман хандығының  Юечжи-Кушаннан кейінгі кеянидтер  хандығы болғанын түсінеміз.  Ал енді, «ноқта ағасы» болған жалайырларды Шыңғыс ханның бабалары тарихи жағдайды пайдаланып, олардың түбін ұмыттыру үшін бөржігіндерге құлдыққа сайлап жіберген.   Қазақ шежірелерінде болса, «ноқта ағасы» дегендер маңғол хандарының идеологтарының ақылымен құл-құтандарға айналып кеткен. Мәселен, Найман шалдың малын бақты деген, «ноқта ағасы» деген атағы бар  терістаңбалылының атасы  Елтай.  Кейінгі идеологтар Шыңғыс ханның адай екенінің күндердің бір күндерінде анықталатынын біліп, адайларды «Кіші жүзге кетіп қалды» деген осы кеянид Елтайдан таратып жіберген.

     Сәбетқазы ағамыздың ұға алмай қойған келесі суретінен біздер, көне тенгриандық ұғымда Күннің архар мүйізінде шығып, бұқаның мүйізінде бататынын ұқтық.  Демек, бұқа түс ауа Күнді өзінің әкесі Ай Тәңіріне ертіп әкетеді.  Сонда Бибі Сандуғаштың: «Архардай биік бол!» дегені, архардың төмендемейтінін білдіріп тұр. Ал енді Алтай түріктерінің аңызындағы маралдың мүйізінде Күннің шығып, бататыны, қазақтарға, мұғалдарға ешқандай да қатысы жоқ. Олардың, яғни түріктердің аңызында арийлердің Самұрық құсы  түс ауғанда маралды бүріп, сүйреп әкеліп Күнді батырады.  Демек, түріктер біздердің қасиетті құсымызды жеккөрінішті қылып көрсеткен. Албастылар ойнайтын қараңғы  түннің зұлым символына айналдырған.  Ал енді, арийлер болса, түркілердің төтемі қасқырды бейшара кейпінде, ілмиген, ұсқынсыз түрінде салған.  Қазақтың бағын алған, жемтік іздеген сілімтік!  Тамғалы тастарда  бұл сілімтік ауылды торып жүрсе, қасиетті ит жануары нағыз қаһарман ретінде, адаммен бірге аң аулап, тіпті, құланды тұмсықтан алып,  қодасты омыртқасынан алып құйрығына отырғызып қойған кейпінде бейнеленген.

      Осымен біздер, Тамғалы   шатқалынан қазақтардың арийлердің ұрпақтары екендерінің  дәлелін тасқа қашалған күйінде тауып отырмыз.   Павел Глоба: «Зороастризм проматерь всех религий» деген еді.  Анығында, діндердің анасы біздің Көк Тәңірлік дін.  Бұл діннің Қазақстан жерінде дүниеге келуінің дәлелі де осы Тамғалыда. Сәбетқазы Ақатайдың айтқанында, тенгриандық бастапқыда космологиялық ой, сана және танымдардың жиынтығы болып, осыдан кейін ғана  діни концепцияға айналған.  Алай да ғалымның бұл еңбегі кеңес дәуірінде атеистік тақырыпта жазылған еді.  Ал енді, «Қазақтың әдет-ғұрыптарының орындалуы» атты еңбек жазған жоғарғы Иманғазы Нұрахметұлының айтқанында тенгриандық діннің пайғамбары Кыдыр ата болған, алай да қазақтар оның уағыздарын ұмытып кеткен. Қыдыр атаны Наурыздың әулиесі дегенімізден оның да арийлік заманның қаһарманы екенін түсінеміз.  Қалай болса да, уағыздары ұмытылса да, Қыдырды қазақтар осы күнге дейін ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. Зерттеушілер Қыдырды Кедар пайғамбар деп айтады. Осы Кедардың атымен Юечжи-Кушан патшалығының бір тайпасы кедариттер аталған. Қазіргі кедариттер Кіші жүздегі  Кердерілер.  

      Көне суреттердің кейбірінде Тәңірдің басы ғарыш түрінде салынған.  Арийлердің түсінігінде ғарыш жеті қабаттан тұрады екен.  Қазақтардың жеті санын қастерлейтіндері осыдан қалса керек. Жоғарыда  айтылғандардан  біздер  таңбалы тастағы суреттерден мифологиялық  Бөрте шене мен Қой маралдың арғықазақтардың сыйынған  Айы мен Күнінің тұлғаланған  бейнелері  екендерін түсінеміз.  Бұл Тәңірлік Қоймаралды кейін Аллаһ тағала Көктен түскен құрбандық қошқарға айналдырды.  Яғни, архарымыз қошқар атанды. Қазақтың құрбан шалу дәстүрінде архарымыз ақсарбас атанды. Айымыз Ислам дінінің символы болды. Осымен қатар Исламның кейінгі қайраткерлері зороастризммен бақталаста қасиетті ит жануарын нәжіске жатқызып жіберді. Бастапқы Исламда итті нәжіске жатқызбаған. Осының дәлелі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.-ның  итке құдықтан су алып беріп шөлін қандырып, желкесінен сипап кеткені  туралы аңыз қалған.  Ол ит қазақтың төбеті еді.  Желкесінде пайғамбарымыз с.ғ.с.-ның қолының ізі қалған  төбетті қазақ «ноқат» деп атайды. Және де, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.-ның өзі «бану калб», яғни «ит ұлдарының» ұрпағы еді.   Ай Тәңірінің ит құйрығы шәйтән лағынетке жапсырылып кетті де, Айлы түн албастылардың  ойнайтын кезіне  айналды.  Өкірешті Мұса пайғамбар бауыздатып тастады. Демек, ең алғашқы тенгриандық діннің кейіпкерлері, ақырғы пайғамбарымыз с.ғ.с.-ға уахи етілген Ислам дінінде жүр. Орыстар айтатындай: «Ба-а-а! Знакомые все лица!».  Осыдан біздер діндердің  бәрінің бір Аллаһтан екендерін түсінеміз.

     Міне, арғықазақ мифологиясындағы Бөрте шене мен Қоймаралдың тағдырлары осылай болды. Қазіргі қазақтың идеологтары енді бұлардың орнына Айға қарап ұлыған қасқырды қоймақшы. Сонда бұлар өздерін Аллаһқа, не болмаса, пайғамбарға теңегендері ме? Ұлы қазақтың таңғажайып рухани тегін бұлар атасы қытай бір ғұнның қызының қасқырмен ылыққанынан болған, не болмаса сол ғұнның қаншық қасқырды ашына қылғаннан Ашина атанған (зоофилия), біздерге бөтен мифологиялық текке айырбастап жібермекші. Бумын, Тумын, Күлтегіннен олардың құлпытастарынан басқа ештеңе қалған жоқ.  Ал арийлерден бүгінгі мемлекетіміз қалды.   Сіз анау сақарадағы қаймана қазақтың киіз үйіне кіріп «сенің түбің көк түрік» дегенде бетіңізге түкіріп итіне талатып жібермесе, маған келіп айтыңыз!  

       Ай мен Күннен басталып тұрған «Құпия шежіре» арий-қазақтардың шежіресі.  Ал енді бұлардан туды деген  шежірелік Батыс қаған (Батцаа каан) Қытай деректеріндегі «батыс өңірін», яғни Ферғана аңғарын білдіріп тұр.   Ергене қоң оқиғасы бастапқыда  арийлердің хиқаяты болған. Одиссейдің тарихындағы архар-мериностың «алтын жабағысы» (золотое руно) мен Арго кемесі де, осы Ергене қоң дастанымен үндеседі. Бұлар Ергене қоңнан шыққаннан кейін ешқайда аумаған. Арианам-Вайджна, яғни Каспий теңізіне дейінгі арий кеңістігінде, Қоңыраттың жерінде, Хорезм, Жиделі-Байсын, Мырзашөлде  жүріп  Қаңлы мемлекетін (Кангюй), Юечжи-Кушан патшалығын құрған.  Қайрат Закирянов Ергене қоңның Ферғана екенін білмесе де, оның Мәуреннахрда, яғни Жиделі – Байсынның маңында болғанын дұрыс айтқан.  Және де ғалым свастика таңбалы бөржігіндердің арийлер екендерін де айтқан.  Анығында, ол кісі өзінің жазғандарында  Шыңғыс ханның шыққан тегіне барынша жақындаған.  Қанынан тартқан болса керек, өйткені Қайрат мырзаның  руы Қарауыл-Жасақтың түбі Қоңырат. Бұл жасақты Жошы ханға шешесі өзінің қоңыраттарынан жасақтап берген. Кейін, олар Кетбұқаға бағынып наймандардың құрамында матайларға жазылып кеткен.  Қазіргі қоңыраттардың аталары осы Қарауыл-Жасақтардың ішінде де бар. Сонымен, арийлер Түрік қағанаттарын бастан кешіп барып Солтүстікке келген.  Б.ж.с. 8-ші ғасырдан, яғни бұлардың Солтүстікке келген кездерінен бастап, Қытай деректерінде «хаса» атауы пайда болған.  Түріктерге  Ергене қоң оқиғасының сарыны ғана жеткен.  Сондықтан олар бұл оқиғаны бұрмалап алып, өздерінің идеологиясына айналдырған. Бұл оқиғаның бастапқы кейіпкерлері болған арий-қазақтардың жадында Ергене қоң - Қарақан тау, Тескентау деген атаулармен қалса да, оның географиялық орны ұмыт қалған.  Дастандағы Ергене қоңның ең басты сипаты, оның ортасынан үлкен дария өзеннің ағып жатқаны.  Бұл өзен Ферғана аңғарында ағып жатқан қазақтың Сырдариясы болады. Жан-жағы тең қабырғалы үшбұрышты құраған таулармен қоршалған,  жауды кіргізбеген  жалғыз қақпасы бар, ортасында дариясы бар,  дарияның бір жағалауы шүйгін шөп, екінші жағалауы бау-бақша жүзім, жеміс жылына екі өнім беретін Ергене қоңға сай Ферғана аңғарынан  басқа  жер жұмағы Ай астында жоқ.  Жиделі-Байсынның маңындағы бұл таңғажайып табиғат орыны түріктің емес, арий-қазақтардың қасиетті жер ұйығы. Астанадағы елбасымыз қойдыртқан үшбұрышты пирамида осы Ергене қоңның символы болып тұрса, «Мәңігіл Ел» монументінің басындағы қасиетті самұрық  құс - арий-алаштың символы болып тұр!  Әл-һәмду лиләһи!   

     Ал енді, орыстардың, германдықтардың, осетиндердің, шешендердің «арийшілдіктерінің» бар болғаны, Серікбол айтқандай «өгей бала», «кедей туысқаны» екендері. Өйткені, оларда қазақта бар рухани байлық, яғни  Тамғалы тас, Ергене қоң, Бөрте шене мен Қоймарал,  қошқар мүйіз ою, алшын-алаш, жалайыр, қыпшақ, қоңырат,  Шыңғыс хан, ақбозат, қанатты тұлпар,  Алпамыс жыры, Қарақан тау-қаңлы, бөрте жусан, Ферғана аңғары жоқ.

     Міне, құрметті оқырман, шежіретанушының арийлік теория тұрғысынан айтқан кеңесі осындай болды. Өткен мыңжылдықтың басында қан-туысқандық некені ұстанған арий-қеянидтердің  тұқымы тоза бастады.  Осының кесірінен ақырында олар ғұндардан жеңіліп, соларға бодан болды.  Кейін, түрікке бодан болды. Түрік қағанаттары бірін-бірі құртқаннан кейін олар солтүстікке келді.  Орта Азиядан Аравияға кеткен арий-сақ Ибраһим мен арий хузаағ (қазақ) Қосайдың ұрпағы Мұғаммед пайғамбар с.ғ.с.-дар Ислам діні арқылы жарты әлемге жетті.  Ал енді солтүстікте арийлер сөне бастады. Міне осы бір қиын кезеңдерде кеянидтердің ұрпағы Домбауыл мерген, баласын аманат еткен  бір баяут адайға кезікті.  Осы бала Алан анамен махаббат құрып  қияттардың қанын жаңартты. Адайлар жоғарыда айтылғандай Бай, яғни Тәңір (Күн) әулеті болғандықтан, бір күнде туған үштіктің кенжесінің атын Будан+жар қойдық.  Бұл жердегі «жар» дегені Тәңір еді.   Яғни, бүкіл әлемнің Раббы болған бір Аллаһ, абыз-ақындық Кей-қият патшалық әулетті, Байұлының адайымен будандастырды.  Осы буданнан дүниені дүр сілкіндірген  қасиетті Бөржігін  әулеті құрылды.  Осы буданның төлі Шыңғыс хан мыңжылдықтың ең ұлы адамы атанды.  Шыңғыс ханның балалық Темірші деген есімінің, қытайларға темір  балқытқан   түріктерге ешқандай да қатысы жоқ.  Селенгі буряттарында Шыңғыс ханның ұста, яни кузнец болғаны жөнінде аңыз сақталған.  Алай да, Шыңғыс хан ешқашан да ұста болған жоқ.  Есукей баһадүр өзінің ұлының атын Темірші деп, Фердоусидің «Шахнамесінде» айтылған Кави ұстаның (Кави кузнец) құрметіне қойған болса керек.  Бүгінгі біздер біліп отырған бұл Кави ұстаны Есукей білмеді дейсіздер ме?  Ұстаның темірші екені  белгілі.  

      Иә, таныған адам үшін шежіреде бәрі айтылған. Қазақ шежірелерінің жасырын мағыналарын түсінуді  үйрететін жоғарғы оқу орны қазақта жоқ.  Генеалогиялық тарихымыздың қайнар көзін ашатын шежіретану пәні де жоқ.  Жеті атасын қойып, жетпіс жеті атасын білген шежірелі халық болып, шежіренің не екенін білмейтін халге жеттік. Сондықтан да, саязып қалған кейінгі ұрпақтар қазақбайшылықпен  айтып кеткен шежіремізді сол қалпында қабылдап жүрген қазақ, надан күйі қала беріп, өзінің ұлы тарихын тани алмай, Найман шал жас қыз баланы құшып жан ләззәтін алып  өкіргенінен кейін Өкіреш атам туған деп, тексіздердің ойлап тапқан лақабына сеніп жүр.  Осы лақапқа арнап көркем шығарма жазып жүргендер де бар.

     Осы сияқты, шежірені ұқпаған білгіштер  арий-қазақ-мұңал болған  Шыңғыс қағанымызды  түрікке тартады. Бұрмаланған деген  «Құпия шежіреге» оның сыңары,  «Алтын дәптердегі» сары иттің орнына көк бөріні енгізіп жіберген қытайлар болса керек.  Өйткені, қытайдың тарихи дәстүрінде  ғұн-түріктің шежірелік атасы қытай Шун-Вей.  Демек, Шыңғыс хан түрік болса, түбі қытай болмақ.  Және де, түрік атасы Ашина дегеніміз осы қытайдың ажын, ажүн, жүн, яғни жоғарғы Шун болса керек.  Бұл Шун мен Ашинаның атаулары үндес болғанымен қоса, олардың  тарихтары да ұқсас.  Алай да, бұл бұрмалаушылар 1926-ші жылы «Алтын дәптердің» табылатынын білген жоқ.  Бұл жерде түнделетіп Алан анаға  келген арийлердің сары төбеті еді.

     Ал енді осы «Құпия шежіредегі» көк бөріден тарады деген Бөржігін әулетінің атауы қазақ мифологиясында «бөрі жеген» деп берілген.  Осылай деп,  Абылай ханның тапсырмасымен Үш жүздің шежіресін жазысқан сыбан-найман Ақтайлақ бидің елінде айтылады.  Бөріжегеніміз - бөрібасар, яғни бәйтөбет дегеннің синонимі.  Біздер, наймандар атам заманнан бері  бөріні күшіктей қамап өсіріп, төбеттерімзіге талатып өлтіріп, батыл болсын деп етін жегіземіз. Итбегілер осыны жақсы біледі. Және де, төбеттің күшігінің бәрі бөрінің етін жей бермейді.  Сондықтан да, мен төбеттер асырайтын итбегі ретіде төбеттің күшіктерінің бөрінің етін жегендерін ғана  аламын.  Осы сияқты ежелгі қазақтар да төбетті таңдағанда «бөрі жегенді» алған, өйткені бұл бөрі жеген күшік өскенде, менің Тарбағатайда атағы шыққан Ерден төбетімдей міндетті түрде бөріні басады. Демек, «бөріжегеніміз» - бөрібасар төбет.

     Түркі тілінде сөйледі екен деп, Шыңғыс ханды түрікке тартқан адасқандық. Меніңше, түрік тілі дегеніміз, осылар қолданып кеткен  қыпшақ тілі. Қазақтардың хандығына қатысты көпті білген ноғайлар: «Сөз анасы Қыпшақ, ел анасы Найман» дегенде біздің ана тілімізді айтқан. Ал енді қыпшақтар болса, Иса пайғамбардың туған жылынан арғы замандардан бері келе жатқан, мың өліп, мың тірілген  кавишақ,  қаиысақ, қаңлы, қазақтар. «Қазақ болмағанда қаңлы болған» деген сияқты, түрік болмағанда қыпшақ болған.     

 

                               Қайрат Зарыпхан, Шежіретанушы.

Ұлт порталы