23 там, 2016 сағат 08:18

Қазақта қалған Жалғыз жапон

Алматыда тұрып, жұмыс істейтін жапондар жыл сайын қыркүйек айында Райымбек пен Рысқұлов көшелері аралығында жатқан Орталық зиратқа жиналады. Жыл сайын осы уақытта Қазақстанға Жапониядан ресми тұлғалар келеді. 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапония Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгенін мойындап капитуляция туралы актіге қол қойды. Тұтқынға түскен жүз мыңдаған жапон КСРО республикаларына жөнелтілді. Мыңдаған жапон сол күйі отанына қайта алмады. Қазір Алматының Орталық зиратында 145 жапон солдатының сүйегі жатыр. Өткен аптаның аяғында Жапония парламентінің депутаты, биліктегі партияның белді мүшесі Хидехиса Оцудзи мырза осы жапон тұтқындарының рухына тағзым ету үшін арнайы келді.

Экономиканы қалпына келтіруге үлес қосты

АҚШ 1945 жылы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбаларын тастаған соң тамыздың 15-і күні Жапония соғысты тоқтататынын мәлімдеді. Ертесі Қытай, Оңтүстік Сахалин және Кореядағы миллионнан аса жапон солдаты им­ператордың бұйрығы бойынша қарсыластарға берілді. Халықаралық келісімге сәйкес, қаруын тастаған жапондар отанына қайтарылуы тиіс болатын. Кеңес Одағы бұл талапты орындауға асықпады. 500 мыңға жуық жапон КСРО территориясындағы лагерьлерге жіберілді. Кеңес өкіметі тұтқындарды соғыстан қираған экономиканы қалпына келтіру жұмыстарына пайдалану қажет деп тапты. 1945 жылы Қазақстанға 58 900 тұтқын келді. Негізінен Қарағанды, Жезқазған, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарына таратылды. Кей деректер бойынша олардың шамамен алты мыңы 1945 жылдың желтоқсанында Алматыға әкелінген. Қазақстандағы жапон тұтқындары жайлы мәліметтер аз. Алайда, олар артына айтуға тұрарлық із қалдырды. Алматыда жапондар Ғылым академиясының үйін, Қабанбай батыр-Наурызбай батыр көшелері қиылысында тұрған ҰҚК ғимаратын, Киров атындағы машина жасау зауытын салды. Бұдан басқа олар сейс­микалық тұрғыдан өте мықты екі қабатты үйлер тұрғызды. Шамамен 1,5 жылдан кейін жапондарды отанына жөнелту басталды. 1949 жылдың соңына қарай барлығы кетті. Дегенмен, әр қалада өз еркімен қалып қойған бірен-саран жапон болды.

Алматыдағы 3-4 жылдың ішінде жүздеген жапон бақилық болды. Жұмыстың ауырлығы, тамақ­тың нашарлығы, қыста күн­нің суықтығы және ауру-сырқау дегендей. Көбі туберкулезден. 90-жылдардың басында Алматы тұрғыны полковник Асқанбек Алданазаров жапондар жерленген жерлерді анықтаумен айналыса бастады. Қазақстанда жапондар жерленген 41 зират табылды.

38 самурай

Қала зираттарындағы жапондар жатқан жерлерді күтумен Алматының Салттық қызмет көрсету комбинаты айналысады. Жапониядан тағзым ету үшін келген ресми адамдарды зират басына апаратын да осы мекеме. Жолды комбинат директорының орынбасары Марат Исмаилов бастап келе жатыр. Ол кісі Алматыға жерленген жапондар жөнінен біраз нәрсе біледі екен. 90-жылдары жапондар біраз сүйекті қазып, дәстүр бойынша өртеп, күлін әкетіпті. «Неге бәрін қазып алмаған?» деп сұрадым. «38 жапон Алматының су іркуіш құрылысын (водозаборные сооружения) салған, – деді Марат Исмаилов. – Сегіз айда бітірсе елдеріне қайтаруға уәде беріледі. Айтылған уақытта жұмыс бітеді, бірақ уәде орындалмайды. Ыза болған жапондар өздеріне қанжар салып өлтірген. Харакири рәсімін жасауға арналған қанжар олардың офицерлерінде болған. Алдымен сол 38 солдаттың сүйе­гін қазып әкетті». 2003 жылы «Караван» газетіне сұхбат берген Асқанбек Алданазаров лагерьдегі жапон солдаттары бұрынғыша офицерлеріне бағынғанын және офицерлердің қанжар ұстағанын айтады. Сонымен қатар, ол сұх­батта жапондардың бөлек жер­ленген 38 сүйектің 36-сын қазып алғаны, талдың астында қал­ған екі сүйекке тиіспегені туралы дерек бар. Өртемес бұрын жапон­дар әр сүйекті мемлекеттік туға орап алған. Көріп тұрған жер­­гі­лікті адамдар тұтқынға түс­кен солдаттардың өлігіне деген мұн­дай құрметке қатты таңданған.

145 жапон солдаты жатқан жер Орталық зираттың шығыс жағында екен. Райымбек көшесінен төмен бұрылған көлік бір ғана машина сыятын тар көшемен жүрді. Оң жағымызда тұрғын үйлер, сол жақта зираттың дуалы. Көліктер 2-3 адам сыятын темір торлы қақпаның алдына тоқтады. Осында үш жапон күтіп тұрды. Қақпадан кіргенде жиырма қадамдай жерде қоңыр гранит мемориал тас тұр. Оның екі жағында үш-төрт қатар бейіттер. Басқа бейіттермен арасы темір торлы шарбақпен қоршалған және бұл жердің шөбі шабылған. Оцудзи мырзаның бірінші келуі екен. Шырақ жағып, гүл қойды. Тағзым рәсімін аяқтаған соң мәр­тебелі мейман жанындағы кісі­лермен әңгімелесе бастады. Ел­шіліктің үшінші хатшысы Цунокаке Марико қазақшаға ауда­рып тұр. Зираттың төменгі шекарасының ар жағында бөлек қоршалған, шөбі биіктеп өсіп кеткен зират бар екен. Оцудзи қолымен көрсетіп, оның кімдікі екенін сұрады. «Онда неміс тұт­қындары жатыр, – деді Марат Исмаилов. – Бұрын шөп басып кетпеуін қадағалап отыратынбыз. Кейін Германия өкіметінің өкілдері басқа күтуші компания жалдайтындарын айтып, ол жаққа кірмеуді өтінді. Бірақ күтіп жатқан ешкімді байқамадық». Жапондар күлді. «Тоғыз жылдан кейін осы қайғылы оқиғалардың басталғанына 80 жыл толады. Сол уақытқа дейін осында жатқан жапон солдаттарының сүйегін түгел қазып алып, дәстүр бойынша Жапонияда жерлегіміз келеді. Біздің дінде отанына жерленбеген жапон жұмаққа бара алмайды. Кей жерде сүйектердің арасынан жапондарды табу өте қиын. Парызымызды аяғына дейін атқаруға басты кедергі осы болып отыр. Жапондар жерленген зираттарды қорғауына алып, күтіп келе жатқан қазақ өкіметіне ризашылығымызды білдіргім келеді», деді Хидехиса Оцудзи мырза.

Қазақта қалған Жалғыз жапон

Қазақстандағы жапон тұт­қын­дарының жартысына жуы­ғы Қарағандыда болды. Әйгілі Қарлагты зерттеуші профессор Нұрлан Дулатбековтің жетек­ші­лігімен «Қарағанды об­лы­сындағы жапон әскери тұтқындары» атты еңбек үш тілде жарық көрді. 2013 жылы кітап авторлары Жапонияның Хосей университетінде 1945-1949 жылдары Қазақстан лагерьлерінде болған жапондармен кездесті. «Кеңес Одағы 500 мыңнан аса жапонды тұтқындаған, бүгінде олардың шамамен 10 пайызы тірі. Қазір 90 жастың арғы-бергі жағындағы кісілер. Біраз естеліктер айтты», дейді Нұрлан Дулатбеков. Бір жапон Қызылорда облысындағы Төретамда болған екен. Бірде әбден ашыққан бірнеше жапон көктем уағында жаңа өсіп шыққан шөпті жұлып алып жей бастайды. Мұны көрген сол маңайдың қазақтары жандары ашып сүт береді. «Сонда бірінші рет түйенің сүтін іштік. Қорек болғаны өз алдына, іші өтіп ауырып жүрген кейбіріміз сол сүттің арқасында жазылдық. Соғыстан кейін өздері тарығып отырса да қазақтар бізге көмектесті», деп әңгімесін айтады жаңағы қария қазақ ғалымына.

1949 жылы тұтқындарды отанына қайтарғанда 18 жапон Алматыда қалып қойыпты. Алайда, кейіннен олар да Жапонияға орала бастады. Қазір Қазақстанда бір ғана жапон бар. Ол Қарағанды облысы Ақтас ауылында тұратын Ахико Тецуро. Дулатбеков ол кісіні мазаламауды өтінді. 85 жастағы Ахико бүгінде өткен өмірі жайлы сөйлегісі келмейді. Тыңдаушыға қызық болғанымен ол әңгімелер оның өзіне ауыр. Әрі айта-айта шаршаған. 2007 жылы «Стенгазета» басылымы жариялаған естеліктерінен Ахиконың нағыз тозақтан тірі шыққаны, одан соң тағдыр тәл­кегіне түскені көрінеді. Тұт­қынға алынған кезде ол 18 жастағы курсант екен. 10 жылға сотталып, лагерьге түседі. Аш­тық пен қатыгездіктен 1954 жылы бос­тандыққа құр сүлдері шығады. Бі­рақ қанша тал­пынса да еліне орала ал­мады. Жапонияға қайтарылатын әс­кери тұтқындардың тізімінде оның фамилиясы жоқ болып шығады. Себебін сұрағанда «Сен солдат емессің, Кеңес Ода­ғына қарсы соғысқан жоқсың, сондықтан әскери тұтқын болып саналмайсың» деген жауап алады. Жапон елшілігіне жазған хаттарына жауап келмейді. Осылайша арып-ашқан Ахико Тецуро бөтен елде жападан-жалғыз қалды. Басында жергілікті адамдардың көмегімен тірлік етеді, сосын шахтаға жұмысқа орналасты. 1958 жылы Қарлагқа айдалған неміс қызы Катя Краузға қосылды. Келесі жылы осыннан оралған жапондардан сұрап мекенжайын тапқан әкесінен хат келеді. «Бәрін таста да қайт» депті ол. Ахико көп ойланады, ақыры қалуға бел байлады. Мен көргенді балаларым көрмесін деп жауап жазды. Әкесі содан қайтып жазбапты. Әлгі хаттан соң Кеңес өкіметі оның жүріс-тұрысын шектейді. Дегенмен, біртіндеп заман түзеліп, тірлік оңалады. Ахико Тецуро кәдімгі кеңес азаматы болып өмір сүреді. 1990 жылы зейнетке шықты. Ал 1994 жылы 50 жылдан кейін алғаш рет туған топырағы Хоккайдоға барды. Туған бауыры Юдзомен көрісіп, бірнеше күн жүріп қайтты. Одан кейін де Ахико Жапонияда бірнеше рет болды. 2010 жылы отанына біржола көшеді. Алайда, екі жыл тұрған соң қайтып келді. «Ақтасыма жетпейді екен, үйімнің алдында шемішке шағып отыратын кезімді сағындым» деп айтты» – дейді Нұрлан Дулатбеков. Жапонияға біржола оралуға талпыныс жасағанын естігенде ойы­ма Оцудзи мырзаның сөзі түсті. Жапондардың нанымы туралы айтып еді. Кім біледі, Хоккайдоға барғанда Ақтасын сағынған Ахико Ақтастағы үйінің алдында шемішкесін шағып отырып туған жерін ойлайтын шығар.

Ержан ӘБДІРАМАН,

журналист

АЛМАТЫ

P.S. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры Ахико Тецуроның тағ­дыры туралы спектакльді сахнаға шығаруға дайындалып жатыр. Премьерасы алдағы қыркүйек айының 15-сі күні болады деп жоспарланып отыр.

Егемен Қазақстан