27 мам, 2020 сағат 12:58

Қазақстанның жаңа мамандықтар атласы күзде дайын болады

Қазақстанның жаңа мамандықтар атласы күзде дайын болады. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында BTSDigital білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орта мектептерде мамандыққа бағыт-бағдарға қатысты ортақ көзқарастың жоқ екендігін мойындауымыз қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің тапсырмаңызбен әзірленіп жатқан жаңа мамандықтар атласы қыркүйек айында толық дайын болады. Оны мектептерде мамандыққа бағдарлауға алып, кешенді жүйеге айналдыру қажет», - деді Саясат Нұрбек. 

Сонымен қатар ол кәсіптік білім беретін ұйымдарға академиялық еркіндік беру қажеттігін баса айтты. 

«Қазіргі уақытта олар қандай да бір ішкі оқу жоспарын 50 пайызға дейін реттей алады. Бірақ, оларға өңірлік ерекшеліктерді, нақты кәсіпорын қажеттілігін ескере отырып, толыққанды академиялық еркіндік беру қажет. Кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдар өздерінің оқу бағдарламаларын реттей алулары қажет. Екіншіден, колледж студенттері бір мамандық аясында бірнеше біліктілік ала алулары және еңбек нарығындағы өзгеріске ұшырап жатқан қажеттіліктерге барынша тез бейімделуі үшін мамандықты лицензиялау керек», - деді BTSDigital білім беру жобаларының жетекшісі. 

Саясат Нұрбек кәсіптік білім беру әлеуетін анықтауға мүмкіндік беретін WorldSkills бағдарламасын енгізу маңыздылығын айта келе ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа аталған қозғалысты басқаруды ұсынды.