13 ақп, 2018 сағат 09:48

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша?

«Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында Euroclear жүйесі арқылы теңгемен еврооблигациялар шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«2018 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік борыш 13,5 трлн теңгені (40,6 млрд АҚШ доллары) немесе жалпы ішкі өнімнің 26 пайызын құрады. 2017 жылы бюджетке борыштық жүктеме кірістердің 15 пайыз лимитінде 8,8 деңгейінде қалыптасты», - деді министр.

Оның айтуынша, валюталық тәуекелдерді нивелирлеу мақсатында 2016-2017 жылдары мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару ішкі нарықта ғана жүзеге асырылды. Сондай-ақ 2016 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2017-2019 жылдарға арналған сыртқы қарыз алу қоржыны оңтайландырылды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында Euroclear жүйесі арқылы теңгемен еврооблигациялар шығару жоспарланған. Қарыз алу көздерін әртараптандыру мақсатында сондай-ақ, ислам облигациялары сукукты шығару да жоспарда бар», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ, жиында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынатындығын атап өтті.