05 қар, 2019 сағат 14:19

Қазақстанның өсімдік майы қай елдерде сұранысқа ие

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстан бүгінде өсімдік майын қай елдерге экспорттап жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылмен салыстырғанда 2018 жылы отандық өсімдік майы экспорты 2,8 есеге, маргарин өнімі 42 пайызға артты. Күнбағыс майы көбіне Қытайға, Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға экспортталады. Рапс пен зығыр майын негізінен Қытай, ал соя майын Өзбекстан сатып алады», - деді министр елордадағы «KazOil – 2019» III Халықаралық конференциясында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде майлы дақылдарға қатысты әлеуетті кеңейтуге екпін қойылып отыр. Осы орайда биыл министрлік пен СҚО әкімдігі «Солтүстік соясы» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, екі жылда Қазақстан майлы дақылдарды толықтай өңдеу деңгейіне шығуды жоспарлап отыр.

«Дәстүрлі астық егістерін өсірумен қатар, Қазақстан майлы дақылдарды өндіруді арттырып келеді. Өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға бағытталған мемлекет саясаты майлы дақылдар егіс алқаптарын арттыруға елеулі әсер етті. Егер 2009 жылы майлы дақылдар егістері 1,2 млн гектар болса, 2019 жылы 2,9 млн гектарға жетті», - деді министр.