13 шіл, 2018 сағат 14:47

Қазақстанның өңірлері Түркістанға бір ғимараттан салып береді

Елбасы тапсырмасының аясында республиканың әрбір облысы Түркістан қаласына бір ғимараттан сыйға тартады. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту бойынша өткен жиында айтты.

Мәселен, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов «Астана» саябағын салу туралы ұсыныс білдірген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жиында Жансейіт Түймебаев 1500 жылдан астам тарихы бар Түркістанның өткенінен аз-кем сыр шертті. Қазақ хандығының астанасы болған бұл мекен бүкіл түркі әлемінің де рухани-мәдени астанасы бола білгенін жеткізді. Сонымен қатар, аталған тарихи шаһарды Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның Рухани орталығы бағытында жандандыру жайына тоқталды.

«Түркістан қаласында бой көтеретін тұрғын үйлер көп қабатты болмайды. Себебі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Барлық жерде мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ, баспаналар Орта-Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Сонда еліміздегі, кем дегенде, бір қала осындай ескі келбетпен бой көтереді», - деді Жансейіт Түймебаев.

Түркістан қаласын туристер үшін қолайлы аймаққа айналдыру мәселесін сөз еткен өңір басшысы мұнда жаңадан әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал және қонақүйлер, дәмханалар салынатынын атап өтті.

Бұдан бөлек, әкім Қ.А. Яссауиға қатысты жарияланған құнды жәдігерлердің көптігінен арнайы Яссауи музейі салыну қажеттігіне де тоқталды.