06 қыр, 2019 сағат 17:21

Қазақстанның Майндағы Франкфурт пен Джидда қаласындағы Бас консулы тағайындалды

Майндағы Франкфурт (Германия) және Джидда (Сауд Арабиясы) қалаларында Қазақстанның жаңа Бас консулдары тағайындалды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

​​Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы қызметіне Ермұхамбет Болатпекұлы Қоныспаев тағайындалды.

Ол 1976 жылы 8 қазанда Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін бітірген. Сондай-ақ Ахен қаласындағы Рейн-Вестфаль техникалық университетінің магистратурасын Еуропалық зерттеулер мамандығы бойынша бітірді. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының түлегі.

Дипломатиялық қызметін ҚР Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде 2001 жылы Екіжақты ынтымақтастық департаментінің атташесінен бастады. 2002 жылы Қазақстанның Германиядағы Елшілігіне атташе болып жолданды. 2003-2007 жылдары Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінде атташе, үшінші және екінші хатшы қызметін атқарды.

2008 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне аға кеңесші ретінде жұмысқа ауысты.

2008-2014 жылдары Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің бірінші хатшысы және кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2014 жылғы қараша айында Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды. 2017 жылдың тамыз айынан қазан айына дейін СІМ Еуразиялық интеграция департаменті директорының міндетін уақытша атқарушы болды.

Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консул лауазымына тағайындалғанға дейін СІМ Еуразиялық интеграция департаментінің директоры қызметін атқарды. II дәрежелі кеңесші дипломаттық дәрежесі бар. Неміс және ағылшын тілдерін біледі. Үйленген, үш баласы бар.

Қазақстанның Джидда (Сауд Арабиясы) қаласындағы Бас консулы Талғат Рахымкұлұлы Шалданбай болды.  

1967 жылы 2 шілдеде Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі оқытушысы мамандығы бойынша және 2000 жылы ҚР СІМ Дипломатиялық Академиясын үздік бітірген.

Өзінің дипломатиялық мансабын 1993 жылы СІМ Консулдық басқармасының референті қызметінен бастады. Одан әрі осы басқармада атташе және кейін үшінші хатшы лауазымында жұмыс істеді. 1996 жылы Сауд Арабиясындағы ҚР Елшілігіне үшінші хатшы ретінде жіберілді.

2000-2002 жылдары СІМ Екіжақты ынтымақтастық департаментінде екінші хатшы болып жұмыс істеді. 2002-2007 жылдары Дубай қаласындағы ҚР Бас консулдығында екінші және бірінші хатшы және БАӘ-дегі ҚР Елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарды.

2007 жылдан 2010 жылға дейін Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінде кеңесші және басқарма басшысы, сондай-ақ ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің Таяу және Орта Шығыс, Африка және Азия басқармасының басшысы қызметін атқарды. Одан әрі Сауд Арабиясындағы ҚР Елшілігіне кеңесші-консул ретінде жұмысқа жіберілді. 2012-2015 жылдары Египеттегі ҚР Елшілігінде кеңесші-уәкіл болып жұмыс істеді.

2015 жылдан бастап 2017 жылға дейін СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаментінің ИЫҰ басқармасын басқарды.

Джидда қаласындағы (Сауд Арабиясы) ҚР Бас консулы лауазымына тағайындалғанға дейін осы қаладағы ҚР консулдығының басшысы-консул қызметін атқарды.

I сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. Араб және ағылшын тілдерін меңгерген. Үйленген, екі баласы бар.