30 қаз, 2018 сағат 14:01

Қазақстанның Қытаймен шекарасында дабыл қағылды

Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Қытай азаматы ұсталды, деп хабарлайды Sputnik

Өткен түні Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Жаркент шекара отряды мен соған қарасты "Қорғас", онымен қапталдас "Басқұншы", "Ынталы" заставалары түннің жарымына дейін ұйықтамады.  Оған себеп сағат 23. 05-те келіп түскен дабыл белгісі болатын.

Оқиға орнына дереу аттанған дабыл тобы тікенек сымды қоршауды бұзып-жара біздің елге кірген бір адамның ізін анықтап, оған ізшіл итті салды. Бұл уақытта отрядтың жеке құрамы мен қапталдас заставалар да дабыл белгісімен көтеріліп, жолға шыққан болатын.

"Арада бір жарым сағаттан сәл асқанда, сағат 01.42-де оң қапталдағы "Басқұншы" шекара заставасы бастығының орынбасары бастаған төрт шекарашы сарбаз "Ром" атты қызметтік иттің көмегімен ішке қарай 5200 метрге кіріп үлгерген "шақырылмаған қонақты" қуып жетіп, ұстады", — деп жазылған  ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Ұсталған адам хань тілінде ғана сөйлейді. Жолқапшығынан 1990 жылы туған ҚХР азаматының төлқұжаты, 3 дана газды оттық, азық-түлік қоры табылды. Шекара жолағындағы із сол адамға тиесілі екендігі анықталғаннан кейін, сағат 03.20-да шекарашыларға дабылдың аяқталғаны хабарланды.