11 шіл, 2018 сағат 11:33

"Қазақстанның көркем жерлерін шетелдіктерге көрсететін уақыт жетті" - Назарбаев

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Щучье-Бурабай» курорт аймағындағы жаңа туристік нысандармен танысты. Сондай нысандардың бірі - Щучье қаласындағы «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысының сапары кезінде жаңа шаңғы базасында 200-ден астам спортшылардың оқу-жаттығу жиыны өтіп жатты. Қазақстанның трамплиннен секіру спортының ең мықты шеберлері жаңа кешеннің сапалы екендігін өздерінің шеберліктерімен көрсетіп берді.

Елбасына «Щучье-Бурабай» курорты аймағын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин есеп  берді.

«Осыған дейін туризмге онша көңіл бөлінбей келді. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Жағдайы бар қазақстандықтар басқа елдердегі курорттарға барып демалып жүрді. Ендігі уақытта Қазақстанның көркем жерлерін отандастарымызға ғана емес, шетелдіктерге көрсететін уақыт жетті. Туризмді қуатты экономиканың бір саласы деп есептеуіміз керек. Қазір «Щучье-Бурабай» курортына барып-келуге барлық жағдай жасалған. «Астана-Көкшетау» автобаны салынды. Көкшетау әуежайы жұмыс істеп тұр. Енді  Бурабай кентіне ішкі жолдар салып, адамдар демалатындай қолайлы жағдай туғызуымыз қажет. Бұл облыс әкімдіктердің шаруасы. Жалпы Бурабайды ғана емес, Имантау, Шалқар, Баянауыл, Түркістанда туризмді дамытуды қолға алуымыз қажет. Түркістан туризмді дамытуға өте қолайлы. Ең бастысы инфрақұрылымды дұрыстауымыз керек. Мен  барлық облыстарға арнайы тапсырма беремін», - деді Н.Назарбаев өз сөзінде.

«Бурабай» халықаралық шаңғы базасының аумағы 125,54 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүзеге асырылды. Бірінші кезеңде аумағы 111 гектарды алып жатқан шаңғы базасы іске қосылса, екінші кезеңде 90 жəне 125 метрлік тұғырдан секіру нысаны қолданысқа берілді.

Айта кетейік, аталған спорт кешенін салуға барлығы 38 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Шаңғы базасы қысқы спорт түрлері (шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан секіру) бойынша əлемдік талаптарға сай салынған. Нысанға шаңғы жолы, 90 жəне 125 метрлік биіктіктен секіру тұғыры (трамплин), 200 орындық қонақ үйі, 250 орындық асхана, жүзу бассейні, дəрігерлік-сауықтыру орталығы кіреді.