04 мау, 2020 сағат 09:00

Қазақстанның көк байрағы қалай әзірленеді - Кәсіпорыннан репортаж

Жыл сайын 4 маусымда Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні тойланады. Қазақстан туы - Тәуелсіздікдің аса маңызды белгілерінің бірі. Атаулы күнге орай ҚазАқпарат тілшісі мемлекеттік туды әзірлеу жұмыстарымен танысты. 

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторы – танымал суретші Шәкен Ниязбеков. 

Мемлекеттік рәміз талабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген көгілдір түсті тік бұрышты мата. Тудың сабы тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн мен оның сәулелері, қыран және ұлттық өрнек алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2 болуы тиіс. 

Елордалық «ZOOM» компаниясы 9 жылдан бері мемлекеттік символдарды әзірлеумен айналысып келеді. Компания ҚР мемлекеттік рәміздерін әзірлеу бойынша ресми лицензия алған.

«Біз Ақорда, Парламент және өзге де мемлекеттік органдар мен елшіліктер үшін ту әзірлейміз. Ол үшін атлас, габардин, тафта материалдары қолданылады. Мұндай маталар ғимарат ішінде тұратын туларды әзірлеуге жұмсалады. Ал далада, ғимарат сыртына ілінетін тулар жалауға арналған тордан (Флажная сетка) тігіледі. Жалау торлары - барлық ауа райы жағдайына төзімді болып келеді. Ал атлас пен габардин тығыз болғандықтан, ауа өткізбейді», - деп түсіндірді «ZOOM» жарнама агенттігінің директоры Салтанат Ахметова «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында. 

Қазақстан туындағы бейнелер міндетті түрде екі жақтан басылуы керек. Ең алдымен ту сублимациялық қағазда шығарылады. Бейнелер қанық шығу үшін 300 градустық режимде біріктіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл процестерден кейін ақ қағаз параметрлер бойынша қажетті түстерге айналады. Одан бөлек, цехта ту кестелейтін арнайы машина жұмыс істейді.

«Сонымен бірге, жан-жағында шашағы бар байрақ жасаумен де айналысамыз. Оны түрлі салтанатты шараларда, фотосессияларда пайдаланады, кабинет ішіне қояды және тутұғырға іледі. Байрақ далада ілінбейтін болғандықтан, оны габардиннен әзірлейміз. Оның да екі жағы бірдей кестеленуі керек», - дейді компания өкілі. 

Айта кетейік, Қазақстандағы ең үлкен тудың көлемі - 15:30, ол Нұр-Сұлтан қаласында «Атамекен» этно-мемориалды кешенінің аумағына орналасқан және бұл туды да «ZOOM» компаниясы әзірлеген. 

«Еліміздегі ең үлкен ту жалауға арналған тор матадан тігілген. Оны басып, тігуге, жинақтауға бір ай уақыт жұмсалды. Дайын болған соң қасымыздағы №53 мектептің оқушылары туды жайып көрді. Олар Қазақстанның ең үлкен туын ұстап, бойларын ерекше мақтаныш сезімі кернегенін айтты. Осылайша, біз мемлекетіміздің күш-қуатын көрсеткіміз келеді», - деді Салтанат Ахметова. 

Ал стандартты 1:2 көлеміндегі туды әзірлеуге шамамен бір күн қажет. 1:2 көлеміндегі кабинеттік тулар шамамен 25 мың теңгеге, тордан жасалған тулар - 15 мың теңгеге бағаланады. 

«Біз нарықта 16 жыл жұмыс істеп келеміз және соңғы 9 жылда Қазақстан туының негізгі жеткізушісі атандық. Барлық өңірлермен және елдермен жұмыс істейміз. Өткен жылы Германияға, Бразилияға және Қатардағы елшіліктерге көк туымызды жібердік», - деді ол. 

Сонымен бірге, компания ҚР Сыртқы істер министрлігімен және Нұр-Сұлтандағы елшіліктермен тығыз жұмыс істейді. 

«Қазақстанға келген әрбір шетелдік қонақ өз туының барлық стандартқа сәйкес жасалғанын көруі керек. Біздің басты мақсатымыз - осы. Әр елдің туына белгілі бір стандарттар қойылады. Қазір, мәселен Португалияның туын әзірлеп жатырмыз. Мұнда да Португалия туының барлық ерекшеліктерін, қойылатын талаптарын зерттедік. Оңтүстік Корея, АҚШ, Жапония туларын әзірлеу өте қиын, онда ескеретін дүние көп. Мысалы, Жапония туының түсі ел аумағында бір түсте, шекара сыртында - басқа түсте болады. Өткен жылы 80 мемлекет өкілдері қатысқан үлкен форум өтті. Біз барлық елдің туларын әзірлеуге көмектестік. Сонда бір мемлекет өкілі өз туының сапасын ұнатып, өзімен бірге алып кетті. Біз өз жұмыстарымызбен мақтанамыз және мемлекеттік рәміздердің барлық талапқа сай әзірлеуге тырысамыз», - деді С. Ахметова.

Сонымен бірге, С. Ахметова туға дұрыс күтім жасау тәсілдерін айтып берді. 

«Сыртқа арналған, тордан тігілген тулар қатты жел, дауыл сынды табиғи құбылыстар болмаса, ұзаққа шыдауы тиіс. Күннен де бояуын өзгерте қоймайды. Оны көрсетілген температурада кір жуатын машинада жууға болады. Габардин, тафта тулары да дәл солай, жуып-кептіріп, үтіктеуге болады. Әр бұйымда біздің лицензиямыз көрсетіледі, онда туды жуу, үтіктеу нұсқаулығы, көлемі, шығарылған мерзімі жазылған», - деді Салтанат Ахметова.