27 шіл, 2017 сағат 06:36

«Қасиетті Қазақстан» орталығының бағыт-бағдары қандай?

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық картасын дайындау бойынша ҚР Ұлттық музейінің «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы жетекшісінің орынбасары Батырхан Елікұлы Жұмабаевпен әңгімелескен едік.

Батырхан Елікұлы, Қазақстанның сакралды картасы қыркүйек айында таныстыралытыны туралы айтылды. Макросакралды және микросакралды нысандардан жинақталған көп томдықты дайындау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

- Бес томнан тұратын энциклопедия үш тілде, мың данадан жарық көрмек. Кітап нысандардың тізімі бойынша шығарылады. Макросакралды нысандар тізіміне ұлттық деңгейдегі ірі жүз нысан кіреді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Маңғыстау облысы, Ұлытау аймағы, Аңырақай шайқасы өткен жер, Желтоқсан көтерілісі өткен алаң, Ордабасы аймағы, Ақмола облысында орналасқан «Алжир» лагері, «Ахмет Яссауи кесенесі», «Бекет ата» өңірі,  т.б. халыққа кеңінен танымал, зерттелген, қазіргі кезде айқын сипаты бар орындар кіреді. Қазақ тарихында өзіндік мазмұны бар ескерткіштер, мекемелер, мекендер, ата-бабамыздан қалған сәулет өнері ескерткіштерін де қоспақпыз. Астананың символы ретінде «Бәйтерек» монументін, Алматы қаласындағы қазақтың танымал тұлғалары жерленген Кеңсай зиратын қосу туралы ұсыныс айтылып жатыр. Тізім әлі де толықтырылады. Осыған байланысты алдағы уақытта ғылыми кеңес өткізіп, тізімді ғалымдардың назарына ұсыну жоспарлануда. Кеңесте дайындалған нысандарды саралап, сараптап, ұсыныстарды қабылдап, тізім толықтырылып, қайта қаралады.

 Ал микросакралды нысандарға түрлі өңірлерде зерттелуді қажет ететін, шағын, халыққа танымал емес, бірақ тарихи мәні зор орындар кіреді. Олардың саны қазіргі кезде бес жүзге жуық болып тұр. Бүгінгі күні аталған шағын нысандардың құжаттарын дайындап жатырмыз. Өңірлермен байланысу арқылы тарихи орындардың орналасқан жері туралы, құрылыс деңгейі қандай, зиярат етушілер бар ма, өңдеу жұмыстары жүргізілген бе деген сияқты мәселелерге қатысты ақпараттар жинақталуда.

Қазіргі кезде киелі жерлерді анықтау барысында қандай шаралар атқарылып жатыр?

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрліктері бірігіп, арнайы штаб құрды. ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова жетекшілік ететін штаб Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық картасын дайындау бойынша күнделікті атқарылып жатқан шаруаларды қадағалайды, сараптайды, жүзеге асырады.

 Таяуда «Туған жер» Қазақстанның өлкетанушылар қоғамдық бірлестігі құрылды. Онда өлкетанушы ғалымдар бас қосып, бірлестік мүшелерімен бірге жұмыс атқарады. Тарихи деректер, ерте дәуірге қатысты тың мәліметтер, өлкетануға байланысты ақпараттарды білетін көнекөз қарттарды барлық аймақтардан іздестіріп, тізімін дайындап, әңгімелесу жұмыстарын жүргізбек. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы:  Қостанай, Петропавловск, Көкшетау, Оңтүстік Қазақстан облысы: Қызылорда, Шымкент, Тараз, Қарағанды облысы облысы: Қарағанды, Жезқазған, Шығыс Қазақстан облысы: Павлодар, Семей, Өскемен, Батыс қазақстан облысы: Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Алматы облысы: Алматы, Талдықорған өңірлері бойынша алты бағытта жүргізілетін зерттеу жұмыстарына атсалысады.

 Арнайы веб-портал іске қосылып, халыққа картаның 3D форматтағы нұсқасы ұсынылады. Бұдан өзге, «Арша» студиясы түсіріп жатқан «Қасиетті Қазақстан» деректі фильмі үстіміздегі жылдың қараша айында көрерменге жол тартады деп күтілуде.

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын жасау үшін арнайы құрылған экспедиялық топ өзіне қандай міндет жүктейді?

- Экспедициялық топ құрамы жүз маманмен қамтылған. Ғалымдар, өлкетанушылар, ұйымдастырушылар және нысандарға қатысты тың мәлімет ұсына алатын әр аймақтың тұрғындары. Олар нысандарды суретке түсіріп қайту үшін емес, тарихи деректер жинап, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында өңірлерге барады. Кешеннің мазмұнын айғақтайтын аңыз-әңгімелер, жәдігерлер,  қазіргі кезде келушілердің саны, сол сияқты  түрлі мағлұматтар жинау үшін  экспедициялық топ 30-90 күн аралығында жұмыс істейді. Ол үшін мемлекет арнайы қаржы бөліп отыр. Экспедициялық топты күтіп алып, өңірді аралатып, қайта шығарып салатын ұйымдастырушылар болады. Олардың міндеті - сапалы, мобильді, жинақы жұмысқа жағдай жасау.

Аталған бағдарламаның еліміздің туризм саласына қосатын үлесі қандай болмақ?

- Саяхатшы үшін маңызды, қызықты болатын  - көне дәуірден келе жатқан кесенелер, жаратылысы жұмбақ тау-тастар мен құпиясы мол ғимараттар. Барлығы да қазақтың басынан кешкен ауыр тағдырымен тығыз байланысты. Саяхатшының бір ғана нысанды қарауы арқылы бүкіл қазақ елін, ұлт ретінде ерекшелігін, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін, бар болмысын тануға болатындай мүмкіндік жасалмақ. Мысалы, белгілі бір кесенені көргісі келген азамат сол туралы толығырақ білгісі келеді. Бару жолы, қашықтығы, қай ғасырға тән, тарихи дерек бар ма, ел арасында ол туралы айтылған аңыз қандай, қазіргі күні айналасында дүкен, мейрамхана, қонақүй бар ма, гидтер жұмыс істей ме т.б. түрлі сұрақтарға жауап іздейді. Біздегі мақсат – қасиетті орындарды анықтап, сол сұрақтарға сай деректер дайындау. Әр кешенге жан-жақты сипат беру осы мақсатта жүргізіліп жатыр. Және заман талабына сай сапалы, жоғары деңгейдегі қызмет көрсету түрлерімен қамтамасыз етілсе, туризм саласы ілгерілейтіні анық.

«Кие» – ұғымы қазаққа қанмен дарыған ұғым. Киелі деген дүниенің бәріне дерлік құрметпен қарап, қадірлейміз. Кейінгі кезде діни ағымдардың салдарынан осы ұғымның мағынасын әркім әртүрлі түсініп жүр. Сондықтан болар, ырым-жоралғыларға құрметпен қарағанымыз – Аллаға серік қосу, әруаққа құран бағыштағанымыз – өлілерден жәрдем сұрау болып саналады. Әрине, қате пікір. Алайда түрлі кесенелерді қасиетті деп танып, таңдап, жариялау –  діни тұрғыдан кереғар пікірлердің үдеп кетуіне жол бермей ме?

- «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, біз – әруағын құрметтеген халықтың ұрпағымыз. Әруаққа құран бағыштауды кішкентайымыздан көріп өстік, жұма күні шелпек пісіріп, дастархан жаю да апаларымыздың әдеті болатын. Зираттардың қасынан өткенде бет сипау – аталарымыздан көргеніміз. Оған ешқандай дәлел немесе арнайы түсінік қажет емес. Ол – қазақтығымыздың белгісі. Отбасында салт-дәстүрге сай, қазақы тәрбие көріп өскен баланы ешқандай теріс ағым айналдыра алмайды. Психологиясы орыстанған қазақ болса да, ол апасынан, атасынан көргенін істейді. Ол діни сауаттылыққа мұқтаж емес. Қажетті білім, сенім оның санасында бала кезінен қалыптасып қойған. Оны ешкім өзгерте алмайды. «Кие» ұғымы да солай қалыптасады. «Киелі» деген ұғым арқылы біз бар нәрсені қадірлеуді, құрметтеуді үйренгенбіз, үйретуіміз қажет. Ал Қазақстанның қасиетті жерлерінің картасын анықтау барысында тарихи кешен, кесенелер, шайқас өткен жер, ескерткіштер, киелі саналатын тау-үңгірлер туралы тек мәліметтер дайындалады. Ол ғылыми деректерге сүйеніп, нақты ақпаратпен қамтылады. Яғни кез келген нысанның киесін насихаттамайды, жарнамаламайды. Тек қазақ жері туралы толық мағлұмат береді. Бұл бағдарлама өз жерін ұрпаққа танытып,  патриот етіп қалыптастыруды көздейді.

- Әңгімеңізге рахмет.

Ләйлә Ноғайбек,

Ұлт порталы