09 мау, 2019 сағат 08:32

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева өз таңдауын жасады

Қазақстан халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Роза Рымбаева сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ол Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында орналасқан №254 сайлау учаскесіне азаматтық белсенділігін көрсетуге келді.

«Қазақстанның әр азаматы өз таңдауын жасауы керек. Әр жаңа басшы өз бағдарламасын жасайды, ел болашағына өз бағытын береді. Біз - халық, басшылықтың жасаған бағдарламасына қолдау білдіреміз. Әрі нәтиже күтеміз. Президенттікке кандидат азаматтардың барлығының негізгі мақсаты мемлекетті, халықты жақсы өмірге жеткізу, өмірімізді жақсарту. Бүгін халық таңдаған азамат жеңеді деп ойлаймын», - деді Роза Рымбаева.

Әншінің балалары да таңертеңнен сайлау учаскелеріне кеткен.

«Менің ұлдарым Темірбек Жүргенов атындағы Өнер Академиясында орналасқан учаскеде дауыс беріп жатыр. Мен азаматтардың барлығын жақсы білемін деп айта алмаймын. Бірақ, кейбіреулерінің бағдарламасын толық оқып шықтым, жеке де таныспын. Сол адамға дауыс бердім», - деді әнші.

Аймақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанованың айтуынша, қалада 554 сайлау учаскесі ашылған. Сайлау учаскелерінде 1 млн-ға жуық Алматы тұрғыны тізімделген.

«Өздеріңіз байқағандарыңыздай, белсенділік өте жоғары. Кешке дейін азаматтардың саяси белсенділігі бұдан да арта түседі деп ойлаймын», - деді ол.

Қалаға 80 халықаралық бақылаушы келген.

Қала бойынша бүгінде 1 миллион 130 мың 792 сайлаушы тіркелген.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау басталды. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.