17 там, 2017 сағат 14:37

Қазақстанның қасиетті мекендері: «Тоғыз әулие» зираты

Қазақ  халқына «Қазақстан-2050» жаңа стратегиялық бағытты орындауда ерекше жауапкершілік арта отырып, Президент қазіргі заманның талабына сәйкес болу  үшін, қазақ ұлтының негізгі мәдени өзегі-тілі, діні және салт-дәстүрін сақтауды  талап етіп қойды. «Егер ұлт мәдениетінен айрылса, ұлттың өзі түбегейлі жойылады.  Бұл жағдайда тек қана қазақтың тарихы, ата-бабалар туралы жарқын естеліктер, бізге келешектегі қиыншылықтарды жеңуге көмек береді».

Президент өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Үшінші жаңғыртудың басталуын жариялады. Бірінші шарт  – мәдениетті, өзіндік ұлттық кодты сақтау.

«Біз мәдениетімізді қалпына келтіру жұмыстарын ауқымды да орнықты түрде қолға алуымыз қажет. Патриотизмнің ең маңызды белгісі – туған жеріне, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген ерекше көңілді қалыптастыру. Бұл мәдени-тектіліктің негізі. Бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі мәдениет және рухани мұра тұрғысынан қасиетті орындарды сақтау». Біздің Президент: «Ұлттық рәміздердің негізгі міндеті бөтен идеологияның ықпалына қарсы тұру болып табылады,» - дейді. Мәселе, Қазақстандағы ескерткіштерді, ғимараттарды, құрылыстарды қалпына келтіріп қана қоймай, қасиетті мекендерді ұлтымыздың санасына біртұтас киелі ұғым ретінде сіңіре алу. Осындай топқа қосуға болатын  Қазақстандағы қасиетті мекеннің  бірі – Астанадан 150 шақырым жердегі «Тоғыз әулие» зираты. Ол жерде қазақ даласының белгілі ағартушылары мен қайраткерлері жерленген. Олардың бәрі – қазақ зиялыларының өкілдері, ұлттық сана-сезімнің ояну кезінде өмір сүріп, еңбек етіп, діни тақырыпқа құрмет көрсеткен. Олар Исламның рухани-зияткерлік мектебі – тасауф (сопылық жолын) ұстанған, соның көмегімен қазақтар Ислам дінін қабылдаған. Ал кейіннен оның идеясын белгілі қазақ философтары, мәдениет және рухани қайраткерлері қолдаған.

Ұлттық сананың қалыптасу үрдістеріне Қазақтың ұлы ақыны-философ Абай орасан ықпалын тигізген.  Ол сопылық ілімнің негізгі қалауы  болып келетін адамның рухани даму мәселелері жайлы сұрақтар төңірегіндеойланып-толғанған.Абайдың бірқатар поэтикалық туындыларында да діни тақырыптар кездеседі. Сондай-ақ,Абайдың  «Қара сөздері» атты прозалық туындысының негізгі бес тақырыбтарының бірі  дін мәселесінің маңыздылығын дәріптейтін  тақырыптардан құралған.

Ақын-философ Шәкәрім Құдайбердіұлы да тасауф (сопылық) негіздерімен таныс болған. Ол дінді ақыл-оймен, ғылымды дінмен байланыстырғысы келді. Бұл дәл Исламның рухани-зияткерлік мектебі – тасауфтың ұсынысы.

Қазақ ағартушысы Ы. Алтынсарин, жас ұрпақты, ислам діни ілімдерінің негіздерімен таныстыруды жөн көрген. Оның белгілі «Мұсылман тұтқасы» деген шығармасы оқушылар үшін Ислам негіздерінің оқулығы болып саналады.

Сопылық ілімді терең ұстанған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын да қазақ әдебиетінің діни-философиялық бағытының белгілі өкіліне жатқызуға болады.

Қазақстандағы қасиетті мекендеросылай тасауфпен байланысты болған. Олардың көпшілігі қазіргі таңда Оңтүстік және Батыс Қазақстанда шоғырланған. Біздің еліміздің солтүстігі мен орталығында да қазақ  мәдениетінің дамуы үшін маңызды, тасауфпен байланысты орындар бар. Олар халық  арасындағы тарихи жағдайларға байланысты белгісіз боп танылмай қалған.

«Қызылдардың террорының» негізгі соққысын көрген солтүстік және орталық Қазақстанның аймақтары екенін есте сақтау керек. Сондықтан барлық архивтер жойылған, ал ұлт зиялыларын түн ішінде жапан далаға апарып, атып тастап отырған. Көбінің молалары белгісіз болып қала берген. Артынан қалған шәкірттерін айдауға жіберген. Сонымен бірге бұлжерлерде ауа райының қолайсыздығынан ерте кезде кесенелер салынбаған. Ал сазбалшықтан құйылған  кесектермен салынған құрылыстарды коммунистер жойып жіберген.

Өкінішке орай қазіргі тарихшылар зерттеулерінде көбіне Ресей деректеріне сүйенеді. «Еділдік ислам нұсқасы» Ресейдің даладағы «өркениеттік миссиясының» орындалуының ерекше амалы ретінде қарастырылған.1788 жылы Орынбордағы Магометандық Діни Жиынының құрылуымен Исламның «еділдік» нұсқасындалада таратуы, қазақ көшпелілерінің арасында  «ишанизмнің» «орта азиялық» моделінің таралуына тосқауыл ретінде қолданбақшы еді, себебі тікелей «орта азиялық» Исламға ресейлік биліктің ешқандай ықпалы болған жоқ.

Бірақ қазақтарда өзіндік Ислам, өзінің тарихы және барлық ислам әлеміне танымал ұлы ғалымдары болған. Жергілікті зиялылар және рухани жетекшілер «ишанизмді», болмаса  татар молдаларын қабылдамаған, сырттан келетін идеологиялық ықпалдарға қарсы «иммунитеттері» болған. Халық арасында ұрпаққа өздерінің дәстүрлі білімдерін таратқан ғалым-әулиелері болатын. Олар араб мемлекеттеріндегі ғалым-сопылармен тікелей байланыста болған. Уаххабиттер билікке келмес бұрын, Мекке тарихи дәстүрлі сопылық исламның орталығы болғаны белгілі. Осман империясы осы ең толеранттық Исламды қолдайтұғын. Сондықтан да уаххабилік идеология бірінші кезекте сопылықпен күреседі.

«Тоғыз әулие» зиратында жерленген сопы ғалым-әулиелер: Шонтыбай-хазрет, Құтан-хазрет, Алдажар – хазрет және т.б. Батыр қажы мен Шонтыбай хазрет Астананың маңындағы Астрахан ауданындағы медреседе сабақ берген және мешітті қамтамасыз еткен. Қазіргі таңда, ол сүт өнімдерін шығаратын белгілі «Родина» ауылы.

Меккедегі бесінші қажылық сапарында қайтыс болып,Отанына оралмаған Батыр қажының өз мүридтерімен (шәкірттерімен) қоштаса отырып, жазған үзіндісіне үңілсек,  қызықты жағдайлардың куәсі боламыз.

Есен бол елім жұртым шырағым-ай 
Өлсем сен артымдағы тұяғым-ай, 
Мекке мен Мединеде жүргенімде 
Келер ме азан дауысы құлағыңа-ай. 

Есен бол,көре алмасам қайран жұртым 
Жүрме екен сағынып менің мүридтерім. 
Иемнің рахматынан көп үмітім 
Жәннаттан тиер ме деп бірер жұтым. 

Жігіттер ел қайда бар,күн қайда бар 
Жан қалар ажал келсе жер қайда бар. 
«Пірсіздің пірі шайтан»деген сөз бар 
Бойыңа бозбалалар пір сайлап ал! 

Жаныңа өтеріңде пірің пайда 
Ал, Пірсіз сегіз жәннәт сізге қайда, 
«Пірсіздіңпірі– шайтан» деді хазірет 
Бұл сөзді есіңе ал осындайда. 

Жұмақ тиер тәуба ғып зарлағанға 
Меккеге арманда құл бармағанда 
Мұндай пірің нашар болса дағы 
Оныңда үлкені бар ар жағында!

Осы ақпаратқа сүйене отырып, біздің бабаларымыздың  Меккедегі ғұлама-шейхтермен байланыста болғандығын  білеміз. Олардың ұстаздары Меккеде болғандықтанолар өзбектің  ишандарын және татар молдаларын қабылдамады. Жыл сайын қажылыққа барып, олар ғалымдардың сұқбаттарына және жиындарына қатысқан. Біздің сопылар мен  хазреттеріміз әулиелер иерархиясының ең биік рухани сатысында болған. Біздің ғалымдардың руханият жайлы еңбектерін түсіну, Ислам жайлы үлкен білімді қажет етеді. Олар үш тілді менгерген: араб, түрік және парсы. Өкінішке орай, шейхтеріміздің еңбектерін аударғанда көптеген олқылықтар кездеседі, өйткені дұрыс аудару үшін осы үш тілді де меңгеру керек.

Одан әрі, сіздерді көбі білмейтін ақпаратпен таныстырғым келеді. Халық арасында танымал ақын-әулие Мәшһүр Жүсіп Шонтыбай-хазретке арналған дастанында былай дейді:

Келдіңіз бе есен-аман данышпаным, 
Дін үшін қайрат қылған арыстаным! 
Көрісіп пайғамбармен, құшақтасып, 
Төрт жармен құтты болсын табысқаның!.. 

Жарасар қалай айтсақ,тақсыр, сізді 
Кез қылып сөйлеткен Тәңірім бізді. 
Арғын, Қыпшақ, Найман мен Керей, Уақ ,- 
Бастадың басшы болып Орта жүзді... 

Ендігі бола берсін қалғаны аман, 
Сіздердей туа бермес енді анадан! 
Шапағат пайғамбардан, пірден дуа, 
Тигенсоң, болғаныңыз Құтб-заман! 

Қажекең мурид қылды Орта жүзді, 
Айтайын толып жатыр қай бір сөзді?!.. 
Таусылмас есіл ердің айтсам кебі, 
Табылар тараулатсам сөздің көбі. 

Шонтекем, айналайын, тақсыр пірім, 
Бастаған Орта жүзді кемеңгерім. 
Мен қажы көрген жоқпын сізден басқа, 
Ер едің аты шыққан Алты Алашқа!

(МәшһурЖүсіп, 3том,243 бет, 4-ші бөлім: Деректі дастандар, Шонтыбайқажы. 1893 ж.).

Қазақтарар асында әулие-хазреттердің болғанын осы жазбалардан білуге болады.Ақын-сопы және ойшыл МәшһүрЖүсіп, Шонтыбай-хазретті Құтб-заман деп атай отырып, ол туралы түсінігі болды деуге болады. Құтб-заман деген ол – әулиеліктің ең биік дәрежесі. Сондықтан да біз кіммен және немен мақтаныш ете алатынымыз анық. Біздің бабаларымыз асқақ рухты болған. Осы жазылған жолдарды «Қазақстанның қасиетті мекендері» бағдарламасына қатысты ғалымдар оқиды деген үміттемін. Өйткені белгілі ескерткіштерді қайта қалпына келтіруден басқа, жаңа қасиетті жерлерді табу қажет, ал ондай жерлер біздерде жеткілікті.

Шонтыбай-хазреттің жерленген жері Жалтыр бекетті аймағының далалы жеріндегі  орналасқан «Тоғыз әулие» зиратында. Сол зиратта оның бабалары Қошқарбай батырдың асыранды ұлы-шайқы Жақып-молла да жерленген. Қошқарбай батыр Жақып-молланың тегі хан тұқымынан екендігін ескеріп, оны шайқастарда қолға түскен Бадамхар деген Қалмақ ханының қызы Құмайға үйлендіреді.

Қошқарбай батырдың өзі қазіргі Омбы облысына қарасты Қараөзек ауылында дүниеге келген. Ол Сібірде Абылайханның қолбасшысы бола отырып, бес мыңнан астам жоңғарлар мен ұранхайлықтарға соққы беріп қана қоймай, оларды Оба өзенінен асыра тықсырып қуып тастайды.

Өз заманында Абылайханның өзі осы Жақып молладан бата алған деседі.

Қошқарбай батырдың арғы бабалары өткен мың жылдықтың ХҮ ғасырында Сібір жерлерін қоныстанған. Олар Тобыл мен Сүйір өзендерінің аралығындағы жерлерде көшіп-қонып жүрген. Олардың нақты сол өңірлерді мекендегендіктерін арнайы бекітілген жағрапиялық атаулар растайды. Қазіргі Новосібір облысы байағы заманнан бері Құланды даласы деп аталған. Ал Омбы облысында Олжай деген тұзды көл бар. (Оның ежелгі атауы Сортаңкөл). Бұл атау Олжай батырдың бабасы Қошқарбай батырмен байланысты болса керек. Олжай-батыр Жамақ-ұлы ХҮІ ғасырдың аяғы, ХҮІІ ғасырдың басында өмір сүргені, оның Сағалай, Балажайесімді екі батыр ұлы болғаны белгілі. Олжай батыр Сібірді отарлауға қарсы көтерілістерді басқарғандықтан Ресей үкіметі оның кіші ұлы Балажай батырды күштеп, кәпірлердің дініне кіргізген. Балажай батырдың ұрпақтары Сібірде атақты «Полежаевтар әулеті» деген атпен белгілі болған. Омбының бұрынғы губернаторы Леонид Константин-ұлы Полежаев – Балажай батырдың тікелей ұрпағы. Ресейдің отарлау мақсатындағы басқыншылық соғыстарынан кейін ағасы Олжай-батыр Жамақ-ұлының бастауымен Сейітқұл-батыр Құрымбел даласына көшіп кетуге мәжбүр болады.

Жақып-молла мен оның ұрпақтарының айдаладағы осы зиратты таңдау  сырының себептері, олардың бабалары Қошқарбай батырдың осы зиратта жерленуі мүмкін-ау деген ойға қалдырады...

Осы ежелгі «Тоғыз әулие» зиратында отызға жуық қажылар мен өз заманындағы белгілі ғалымдар және бірнеше рет қажылыққа барған ер адамдар жерленген.Соның бірі Ақмола округінің аға-сұлтаны Ибраһим-қажы Жайықбай. Олардың ішінде, осы уақытқа дейін халыққа белгісіз: Жанбатыр-хазірет, Құтан-хазірет, Алдажар-хазірет, Жантас-хазірет, Әлтә-хазірет, Мұса-хазірет, Құранды жатқа білген Шернияз-қари, Нұртаза-хазірет, Садуақас-хазірет, Сопы-Көпей-хазірет, Бақберген-хазірет және басқалар.

Маған осы Алланың қасиетті Нұры түсіп турған «Тоғыз әулие» зиратына барып, біртуар бабалардың басына құран бағыштау несібесі бұйырды. Осындай Қазақстандағы қасиетті мекендердің тізіміне «Тоғыз әулие» зиратын да қосу арқылы кейінгі ұрпақтың өз біртуар бабаларының туған халқы мен өскелең ұрпағы үшін атқарған қызметін тереңірек  біліп,оған лайықты құрметін көрсетуіне септігі тиер еді дегім келеді.

Салтанат Мубаракова, тарихшы

Ұлт порталы