22 мау, 2018 сағат 13:19

Қазақстанның дүкен сөрелерінде Қырғызстанның қауіпті өнімдері сатылуда

«РИХА» өндірген «Испанская» пісірілген-ысталған салями шұжығы сынамаларынан ішек таяқшалары тобының бактериялары, ал «Умут и Ко» ЖШҚ өндірген «День и Ночь» шоколад және ақ глазурдағы кілегей эскимосының сынамаларынан тамақтан улану туғызатын Staphylococcus aureus анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ДСМ қоғам денсаулығын сақтау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Сонымен қатар, «Эмилия» ЖШС-нің 45% «голландиялық ірімшік» өнімінің сынамаларынан ішек таяқшалары тобының бактериялары табылды. Бұл ретте өндіруші «Эмилия» ЖШС жүргізілген санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралардан, сондай-ақ зертханалық бақылаудан кейін Қазақстанның тұтынушылық нарығына қауіпті өнімді жібермеу туралы кепілдік берген. Алайда бүгінгі күні осы кепілдіктер сақталмай отыр, бұл кәсіпорында тиісті өндірістік бақылаудың өткізілмейтінін, сонымен бірге логистика ережелерінің бұзылғанын көрсетеді» делінген хабарламада.

Осы өнімдердің барлығы Кеден одағының «Тамақ өнімінің  қауіпсіздігі туралы» 021/2011 КО ТР, «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» 034/2013 КО ТР, «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» 033/2013 КО ТР және «Таңбалау бөлігіндегі тамақ өнімі» 022/2011 КО ТР техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейді.

Бүгінде аталмыш комитет талапқа сай келмейтін өнімді алу және жою бойынша іс-шаралар жүргізіп, республиканың барлық аумағында зертханалық бақылауды күшейтуде.

Сондай-ақ Қырғызстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне аталған жосықсыз өндірушілердің қызметін бақылауға алу жөнінде хабарлама жіберілді.