12 қаң, 2018 сағат 10:01

Қазақстанға жаһандық жанжалдар шешімінің жауабын табуға тура келеді - М.Енча

Қазақстанға жаһандық жанжалдар шешімінің жауабын табуға тура келеді. Мұндай пікірді бүгін Нью-Йорктан тікелей байланысқа шығып, қазақстандық БАҚ өкілдерімен сұхбаттасқан БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы айда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді. Бұл айрықша маңызды рөл. Өйткені Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде оның отырысын шақырып, күн тәртібін ұйымдастырады және Қауіпсіздік кеңесі атынан сөз сөйлейді. Келесі аптада Қауіпсіздік кеңесінің бірнеше өте маңызды отырысы болады. Біріншісі - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ядролық қарусыздану, сенім шаралары мәселелеріне арналған отырыс. 19 қаңтар, жұма күні Орталық Азия мен Ауғанстан мәселелеріне арналған отырыс өтеді», - деді Мирослав Енча.

Сонымен қатар ол Сирия қақтығысын шешу мәселесінде Қазақстан айрықша рөл ойнайтындығын, елордада Астана процесінің 8 раунды өткенін айтты.  

«Бұл процесстің Сириядағы қақтығыс проблемалары шешімін іздеудегі үлесі өте үлкен. Бұл шиеленісті төмендету, деэскалация аймағын құру және ең маңыздысы аталған процесс БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Стеффан де Мистураның жетекшілігімен Женевада өтетін саяси процесске қолдау көрсетеді», - деді БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі.

Мирослав Енчаның пайымынша, Қазақстан Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан маңызды үлесін тиімді пайдалануда.

«Бұл - ядролық қарусыздану мәселелері, Семей ядролық полигонын жабу, Орталық Азиядағы ядролық қарусыз аймақ құру. Қазақстанның бастамасымен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнінің негізі қаланды. Бұл бағытта Қазақстан қызметін жалғастыруда», - деді ол.   

Оның айтуынша, Ауғанстанмен байланысты қауіпсіздік мәселелерін шешуде де Қазақстан айрықша рөлге ие.

«Ауғанстан проблемасын тек қана әскери жолмен шешу мүмкін еместігі барлығына да түсінікті. Қайта өңірлік ынтымақтастықты, инфрақұрылымдық жобаларды қолдау қажет. БҰҰ-ның штаб-пәтері Қазақстанның Ауғанстанға қолдау көрсетіп отырғанын, оның ішінде кадрлар дайындауға жәрдем беріп жатқанын жақсы біледі. Кезінде Орталық Азиядағы превентивті дипломатия өңірлік орталығының басшысы болып жұмыс істеген кезімде Алматыдағы ауған жастары білім алып жатқан университеттерде дәріс оқыған едім. Меніңше, бұл Ауғанстанның бейбіт болашағын қолдауға және Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға қосылған нақты үлес. Осылайша, Қазақстан жаһандық бейбітшілікті қамтамасыз етуге үлес қосып отыр», - деді Енча.