15 қар, 2017 сағат 15:59

Қазақстанға шет елдерден әкелінген 578,83 тонна өнім кейін қайтарылды

2017 жылдың қараша айының 3-10 аралығында құжат тексеру барысында Қазақстан Республикасының аумағына жоғары фитосанитариялық қаупі бар карантинге жатқызылатын өнімдерді әкелу кезінде Қазақстан Республикасы және Еуразиялық экономикалық одағының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамалық бұзушылықтың 53 фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Ресей Федерациясынан 19 жағдайда (картоп - 1,4 тонна, алма - 3 тонна, апельсин, мандарин, ананас, лимон - 17,15 тонна, күнбағыс тұқымдары - 22 тонна, бидай - 102 тонна, ағаш дайындамалары - 72 текше метр, кесілген ағаш дайындамалары - 160 текше метр) міндетті ілеспе фитосанитариялық сертификатсыз әкелінген. Оның ішінде, 2 жағдайда салмағы 20 тонна картоп өнімінде - картоптың алтын түстес жұмырқұрты және салмағы 19,85 тонна пияз өнімінде - арам сояулар атты карантиндік объектілер анықталды.

Өзбекстан Республикасынан 3 жағдайда жалпы салмағы 21,02 тонна құрма және анар өнімдерінде - Комсток сымыры атты карантиндік объект анықталды.  

Қырғызстан Республикасынан 30 жағдайда әкелінген келесі өнімдер республика аумағына маркировкасыз (алма - 21,825 тонна, күріш - 23,08 тонна, асқабақ тұқымы - 0,8 тонна, алмұрт - 5,05 тонна, жаңғақ - 8,35 тонна, бұршақ - 22 тонна, банан - 1,2 тонна) және міндетті ілеспе фитосанитариялық сертификатсыз (құрма - 3,4 тонна, алма - 1,1 тонна, күріш - 0,08 тонна) әкелінген.  

Сондай-ақ, жалпы салмағы 218,165 тонна кептірілген жемістер, құрма, алма, жүзім, алмұрт, жаңғақ өнімдерінде карантиндік объектілер - Комсток сымыры, арам сояулар, шығыс жеміс жемірі анықталды.  

Қытай Халық Республикасынан салмағы 69,16 тонна сұлы жармасы жарамсыз фитосанитарлық сертификатпен әкелінген.

Заңбұзушылыққа жол берген өнім иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жоғарыда көрсетілген карантинге жатқызылатын өнімдердің жалпы салмағы 578,83 тонна және 232 текше метр экспорттаушы мемлекеттердің аумағына қайтарылды және 1,8 тонна өнім жойылды.