25 қыр, 2017 сағат 11:26

Қазақстанға атом электрстанциясы керек пе?..

ҚР Энергетика министрлігі қуат көздерін тұтыну көлемінің артуына байланысты осы мәселені жан-жақты зерделеп шықты. Алдағы уақытта атом электрстанциясына үлкен қажеттілік болмайды. Дегенмен, экологиялық қауіпсіз энергетиканы құру жағынан аталған жобаны іске асырған жөн,  деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Электрэнергетика және көмір өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Талғат Әбілғазының айтуынша, бүгінде Қазақстанның 2030 жылға дейінгі энергияны тұтыну көлемі есептелді. Онда ел экономикасының барлық салаларының дамуы, яғни жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы аясында қуат көздерін өндіру мөлшеріне болжам жасалды.

"Осы болжамға сәйкес, қазіргі электр стансаларының қуаты толығымен жетеді. Жаңа нысандарды салудың қажеті жоқ. Сондықтан энергияны тұтыну жағынан атом электрстансасына үлкен қажеттілік жоқ. Ал баламалы энергетиканы дамыту жағынан ондай құрылыстар қажет. Себебі 2050 жылға дейін біз баламалы энергия көздерінің үлесін айтарлықтай ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы орайда атом көмірді алмастыра алады", - деді Әбілғазы бүгін Астанадағы Энергетиканы реттеу органдары аймақтық қауымдастығының (ЭРРА) кезекті конференциясында.

Оның сөзіне қарағанда, әзірше атом электрсансасын салу бойынша нақты жоспар жоқ. Аталған мәселе жан-жақты зерделеніп жатыр. Себебі атом электрстанциясы сияқты нысандардың қалдықтары болады.

Айта кетейік, конференция кезінде журналистерге сұxбат берген Талғат Әбілғазы көмірдің бағасына қатысты түсінік берді.