01 жел, 2018 сағат 09:14

Қазақстандықтардың Зейнетақы қорында қанша қаражаты бар?

2018 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9 трлн теңгені құрады. Бұл, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге көп, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан мәлім еткендей, бір жыл ішіндегі өсім 19 пайыз құрады.

«Ал 2018 жылдың басынан бергі өсім 1,3 трлн теңгені немесе 16 пайызды құрады. Зейнетақы жинақтарының басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасып, олардың сомасы 8,9 трлн теңгеге жетті. 2018 жылдың 1 қарашасына қарай шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 10,3 млн бірлікті құрады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен ашылған шоттар 9,8 млн бірлік, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ЖЗШ саны 472,5 мың бірлік, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша 46 мың бірлік болды», - делінген қор ақпаратында.    

Он ай ішінде қор салымшыларының шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс 715,6 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл сома 457,7 млрд теңгені құраған болатын. Бір жыл ішіндегі өсім - 56 пайыз.  

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың зейнетақы активтері қайда инвестицияланып жатқаны туралы жазған болатынбыз.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері - ҚР Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.