19 қыр, 2019 сағат 19:55

Қазақстандықтар салық міндеттемелері туралы SMS-хабарлама алады


Бұдан былай ел тұрғындарына мүлік, жер және көлік құралдарына қатысты салық төлемдері SMS-хабарлама арқылы келеді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған жоба «Салықтық әкімшіліктендіру жүйесін реформалау» жобасы аясында жүзеге асуда. «SMS-тарату» қызметі жеке тұлғалардың 2018 жылғы салық міндеттемелерін уақтылы білу мақсатында пилоттық режимде іске қосылды.

 «Жақында Қазақстан Республикасы азаматтарының ұялы телефонына салық жөніндегі ақпарат SMS-хабарламалар арқылы келетін болады. Хабарламаны алу үшін Электронды үкімет порталына (egov.kz) немесе mgov мобильді қосымшасы арқылы азаматтардың мобильді базасына тіркелу қажет» делінген баспасөз хабарламасында.

SMS-хабарламаның тиімді тұсы – жеке тұлғаларға салық міндеттемелерін жедел түрде жеткізіп, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету.  Басты мақсат – салық жинау тиімділігін арттырып, жылдам әрі сапалы қызмет ұсыну.

«Хабарламаларды қағаз түрінде беру көп шығынды талап етеді. Сол себепті, Қазақстан Республикасы Қаржы минстрлігі Эстония тәжірибесін ескере отырып, қағаз хабарламаларды жою мақсатында заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», – дейді ҚР Қаржы министрлігі өкілдері.  

Жеке тұлғалар кез келген ыңғайлы жолмен салық төлей алады. Нақтырақ айтсақ, екінші деңгейдегі банк бөлімшелерінде немесе төлем терминалдарында қолма-қол ақшамен, банк карталарын қолдана отырып банкоматтар арқылы, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер департаментінің сайтындағы электронды қызметтерді пайдалана отырып салық төлеу мүмкіндіктері қарастырылған. Қосымша сұрақтар бойынша 1414 тегін телефон номері арқылы бірыңғай байланыс-орталығына хабарласуға болады.

Аталған төлемдерді есептеу кезінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Мемлекеттік жер кадастры» ақпараттық жүйесі мен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік ақпараттық жүйесінің деректері пайдаланылған.

Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 қазанына дейін төленуі тиіс 2018 жылғы салықтар сомасы туралы хабарламалар қағаз түрінде де пошта арқылы жіберілетін болады.