#
#
Жексенбі 17/12/2017

Қазақстандықтар Мұзафар Әлімбаевты ақтық сапарға шығарып салды

  • 29.11.2017
  • 0
  • 1548

Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында мемлекет қайраткері, ҰОС ардагері, көрнекті ақын, балалар әдебиетінің негізін қалаушы Мұзафар Әлімбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаралы жиынға қатысқан Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының көңіл айту хатын оқып берді.

«Кеңестік кезеңде ол қазақ әдебиетінің алыптарымен қанаттаса жүріп, Отан игілігі жолында жемісті еңбек етті. Көптеген жыр жинақтары мен ән мәтіндерінің авторы атанды. Отыз жылға жуық балалардың сүйікті «Балдырған» журналының редакторы болып, ана тіліміздің дамуына және бүлдіршіндеріміздің дұрыс тәлім-тәрбие алуына лайықты үлес қосты. Мұзафар Әлімбаевтың есімі мен еңбегін халқымыз әрдайым жадында сақтайды деп сенемін», - делінген Елбасының хатында.  

Алматы әкімі атап өткендей, Мұзафар Әлімбаев бар ғұмырын, шығармашылығын мемлекетке, Алматыға арнады. «Оның артында қалған жақындарына жақсылық тілеймін», - деді ол.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин марқұмның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегі туралы тілге тиек етті.

«ХХ ғасырдан бері халқымен бірге тыныс алып келе жатқан, сөз өнерінің аса көрнекті өкілдерінің бірі, ҰОС ардагер-жазушыларының маңдайалды көшін бастаған Мұзафар Әлімбаев өмірден өтті. 95 жасқа келген Мұзағаң балалар әдебиетінің классикалық үлгісін жасаған қазақтың арғы-бергіде өткен жүйрік сөзін бір адамдай білген сөз білгірі, «Мұзағаң айтты» дейтін жүздеген қанатты сөз иесі болған. Ұлтымыздың абзал ақсақалдарының бірі өмірден өтіп отыр. Қазақ халқының орны толмас ауыр қайғысына көңіл айтамын», - деді Нұрлан Оразалин.

Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзафар Әлімбаев 95 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-ді тәмамдаған. Тырнақалды өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрген. Соғыс жылдарында республикалық, облыстық және майдандық газеттерде басылып тұрды.

1948 жылы Армиядан оралған соң, «Пионер» журналында поэзия бөлімін басқарады. 1956-1958 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары. 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған күннен 1986 жылға дейін журналдың Бас редакторы болды.

Алғашқы кітабы - «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басылып шықты. Содан бері бірнеше ондаған кітабы, бірнеше дүркін таңдамалылары, туысқан халықтар тілінде көптеген жинағы шықты.

Жүз сексен әнге өлең жазды. 64 төл тума және аударма кітаптардың авторы.

Шығармалары 20 тілге аударылған. Соның ішінде орыс тілінде 6 кітабы, түрікмен тілінде «Мен - түрік мейманы» (1963), қырғыз тілінде «Жолдар. Ойлар. Жырлар» (1966) жинақтары жарық көрген.

Көркем аударма саласында Сағдидың «Бостанын» («Жәннат» деген атпен), Петефи мен Тоқтағұлдың, Аполлинердің таңдамалы өлеңдер жинақтарын, Ю.Фучиктің «Дар алдындағы сөзін», Орбелианидің «Ғибратнамасын» және Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Ғ.Тоқай, М.Жәлил, Фирдоуси, Х.Әлімжанның өлең-жырларын қазақ тіліне аударған.

1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін республикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1978), Қазақстанның Халық жазушысы, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері (1996). Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі.

Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған.

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар