18 нау, 2019 сағат 08:14

Қазақстандықтар қатерлі ісіктің қай түріне жиі шалдығады?

Қазақстанда қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік байқауда 181 мың адам тұр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде медициналық көмек тақырыбына арналған Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстанда қатерлі ісікпен ауырғандар саны 8 пайызға өсті (100 мың халыққа шаққанда 181,2-ден 195,7-ге дейін). Салыстыру үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде сәйкес кезеңде обырдан сырқаттанушылықтың өсуі 11,5 пайызды құрайды. 1999 жылдан бастап Қазақстанда қатерлі ісіктерден өлімнің жалпы 42 пайызға төмендеуі тіркелді (100 мың халыққа шаққанда 136,4-тен 78,3-ке дейін). Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде өлімнің төмендеу қарқыны -15,5 пайыз», - деді Елжан Біртанов.

«2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік байқауда 181 мың пациент тұр. 2018 жылы 35 753 адам алғаш рет есепке алынды, оның 44,3 пайызын ерлер және 55,7 пайызын әйелдер құрады. Обырдан қайтыс болғандардың арасында ерлер үлесі 53,8 пайыз. Алғаш ауырғандардың 60 пайызға жуығы 18 жастан 63 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағылар. Сырқаттанушылық құрылымында сүт безінің обыры (12,6%), өкпе обыры (9,9%), асқазан обыры (9,9%) алдыңғы орындарда тұр. Содан кейінгі орында жатыр мойны мен тік ішек обыры (4,7%) тіркелген», - деді Е. Біртанов.

Оның атап өтуінше, өлімнің негізгі себептері ретінде өкпе обыры (16,5%), асқазан обыры (11,5%), сүт безінің обыры (8,4%) айқындалды.