11 қыр, 2019 сағат 07:39

Қазақстандықтар қандай депозиттерді көбірек таңдайтыны белгілі болды

Қазақстандық салымшылардың 53 пайызы ұзақ мерзімді депозит ашқан, деп хабарлайды Ranking.kz сайты.

Тамыз айында отандық банктердегі салымдар көлемі 15,24 трлн теңгені құраған болатын. Бұл былтырғыдан 1,3 пайызға аз. Оның ішінде ел резиденті болып саналмайтындардың бөлшек салым үлесі 57,2 пайызға жеткен. Бөлшек салымның 87,3 пайызы шұғыл салымдарға тиесілі. Мұндағы теңгенің үлесі 50 пайыздан астам (7,6 трлн теңге).

«Ұзақ мерзімді салымда да теңгенің үлесі басым. Қазақстандықтар 2,09 трлн теңгенің депозитін ашқан. Дегенмен, бұл былтырғыдан төмен. Жеке адамдардың қысқа мерзімді депозиттері 12,2 пайызға артса, ұзақ мерзімді салымдар 2,4 пайызға кеміген. Бұл тенденциямен күресу үшін банктер түрлі шаралар қабылдап жатыр. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жаңа ережесі бойынша, депозит сыйақыларының мөлшерлемесі ай сайын жарияланып тұруы тиіс.  Мөлшерлемелер төмендеуі мүмкін деген болжамдар бар. Мұндай жағдайда ұзақ мерзімді депозиттер өзіне оңтайлы мөлшерлемені жыл соңына дейін сақтап қалу басымдығына ие», - деп жазады Ranking.kz.

Еске салсақ, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшылардың депозиттерін өтеу уақытын қысқартқан болатын.