01 қар, 2019 сағат 09:41

Қазақстандықтар электрондық ақша жүйелері арқылы 443,5 млрд теңге аударған

2019 жылдың тоғыз айында Қазақстанда 400 млрд теңгеден астам сома электрондық ақша аудару жүйелері арқылы өтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2019 жылғы тоғыз айда электрондық ақша жүйелерінің эмитенттері 436,4 млрд теңге сомаға электрондық ақша шығарды, бұл өткен жылғы деректерден 13,5% асады.

«Қазақстанның электрондық ақша жүйелері арқылы 443,5 млрд теңге сомаға 117 млн транзакция жасалды. 2018 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда жүргізілген операциялар саны 25% артты. Бұл көрсеткіштерге жеке тұлғалар арасындағы аударым операциялары және заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің пайдасына тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу кіреді», - деп хабарлады ҚР Ұлттық банкі Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

 

Қазақстан нарығында 22 электрондық ақша жүйесі жұмыс істейді. Олардың эмитенттері 10 банк пен «Қазпошта» АҚ болып табылады. 2019 жылы 5 жаңа электрондық ақша жүйесі жұмыс істей бастады: «Senim», «AlmaPay», «Onay Pay», «Onе Click» және «ҚАЗЕВРОМОБАЙЛ».

Қазақстанда электрондық ақша интернет-коммерцияға, коммуналдық қызметтерге, ұялы байланысқа, кредиттер өтеуге және тағы басқасына ақы төлеу үшін пайдаланылады.