01 шіл, 2019 сағат 08:28

Қазақстандықтар ауа райы болжамын видео арқылы біліп отырады

1 шілдеден бастап «Қазгидромет» РМК Қазақстан бойынша ауа райы болжамын ұсынудың жаңа форматына өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" кәсіпорынның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан бойынша алдағы үш тәулікке арналған ауа райы болжамы күнделікті видео, аудио түріндегі жаңа форматта (ұзақтығы - 1 мин) беріледі.

«Онда ғарыштан суреттер және ауа райын болжаудың цифрлық әдістері пайдаланылады. Болжам мемлекеттік және орыс тілдерінде «Қазгидрометтің» ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшалары - Instagram, VKontakte, Facebook-ке салынып отырады. Алдағы үш күнге арналған күнделікті болжам сағат 19.00-ге дейін шығады» делінген хабарламада.

Жаңа форматтың мақсаты - халықты ертең қандай ауа райы күтіп тұрғаны жайлы ақпараттандыру, жылы киіну керек пе, әлде қолшатыр алу керек пе, немесе ыстық ауа райына дайындалу қажет пе - сол жайында ақпарат беріп отыру.

Сондай-ақ, «Қазгидромет» синоптиктері Қазақстан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін видео, аудио арқылы қауіпті табиғи құбылыстар туралы (нөсер жауын, күшті жел, найзағай, дауыл, бұрқасын, шаңды дауыл, үсік, тұман, бұршақ, температураның күрт төмендеуі/көтерілуі) ақпараттандыратын болады.