#
#
Бейсенбі 12/12/2019

Қазақстандық ЖОО-ларға трансформация қажет – америкалық ректор Эндрю Вахтель

  • 25.11.2019
  • 0
  • 803

Соңғы жылдары қазақстандық жастар шетелдік жоғары оқу орындарын жиі таңдайды. Олардың біразы Еуропада, Қытай мен Малайзиядағы оқу орындарында жоғары білім алғанды жөн көреді және сол жақта тұрақтап қалуға тырысады. Осы орайда Нархоз университетінің ректоры Эндрю Вахтель отандық оқу орындарының бәсекеге қабілеттігі мен маман даярлаудағы жаңа тәсілдер туралы сұхбат берген еді.

Эндрю Вахтель - Гарвард және Калифорния университеттерінің түлегі. Америкалық халықаралық колледждер мен университеттер қауымдастығының басшысы. Орталық Азиядағы Америкалық университеттің президенті болған және 2018 жылдан бері Алматыдағы Нархоз университетін басқарып келеді.

Вахтель мырза, Қазақстан жастардың шетелдік университеттерді таңдауының себебі неде деп ойлайсыз?

-Ең алдымен, дүниежүзілік «жаһандану» үрдісінің ықпалы деуге болады. Яғни, көптеген мемлекеттер экономикалық шекараларын ашып, тығыз қарым қатынас орнатып, бірлескен жобаларды қолға алды. Жаһандану дәуірініде мықты маман болудың басты алғышарттары: бірнеше тілді меңгеру, мультимәдениет және коммуникация дағдыларына машықтану. Екіншіден, Қазақстанда халықаралық деңгейде білім берілмейді деген қасаң стереотип бар. Оның үстіне, тәуелсіздік алған тұста Қазақстандағы ЖОО-лар тек отандық еңбек нарығына ғана тұрақталып, осы нарықтың қажеттіліктерін өтеп келген. Олар оқыту бағдарламасын қайта қарап, тұтас трансформация жүргізгендері жөн.

Қазақстан шын мәнінде талантты жастарға толы. Ең басты проблемамыз – мұндай жастардың шетелдік оқу орындарына аттануы. Егер, жас талапкер ерекше дарынды болып, мектеп бітірісімен әлемдік үздік ондығына - Harvard, Stanford, Oxford, Cambridge, MIT сынды әлем мойындаған ЖОО-ға түссе, еш таласым жоқ. Бұл жерде ата-анаға немесе талапкерге оқуға барма деп айту дұрыс емес. Ал егер баласына сапалы білім іздеген ата-ана Польша, Венгрия, Малайзия секілді мемлекеттерді таңдаса, қателеседі деп айтар едім. Себебі, көптеген ата-аналар халықаралық білім нарығының жай-жапсарынан хабарсыз, жыл сайын өтетін білім көрмелеріндегі агенттердің арбауына түсіп, талантты балаларын және қалтасындағы қыруар қаражатын академиялық ортада танымал емес, жетістігімен көзге түспеген оқу орындарына береді. Осы жерде ең басты мәселе туындайы, шетелге кеткен студенттің оқу бітірген соң Қазақстанға қайтуы, алған білімнің елдің дамуына жұмсауы екіталай. Статистиканы қарасақ, біраз бөлігі оқыған елінде қалып, сол елдің азаматтығын алып, сол елдің экономикасына қызмет етеді. Қазақстанға қайтып келгендері де жұмыс табуда қиналады. Себебі, олар адам бойындағы тұлғаны және ортаны қалыптастыруға қолайлы 17-22 жас аралығында бөтен елде болды. Дәл осы аралықта жастарды «жоғалтып» алсақ, кейін оларды мемлекетке қайтарып, Қазақстанның экономикасына жұмыс істету қиынға түседі.

Демек, отандық ЖОО-лар заманауи талаптарға сай, оқытудың жаңа тәсілдерін қарастыруы керек қой?

- Иә, қазір әлемде тұрақсыздық кезеңі басталды. Қоғамның барлық саласы, оның ішінде жоғары білім беру ісі үлкен өзгеріске ұшырады. Мысалы, 10 жыл бұрын белгілі бір мамандықты оқып, сол бойынша болашақ мансабыңызды болжай алар едіңіз. Ал қазір оқыған мамандығыңызбен 5 жылдан соң табысқа жетеріңізге күмәнмен қарайсыз. Жобалар жасап, халықаралық компанияда жұмыс істеймін деп сеніммен айта алмайсыз. Себебі, қазір жасанды интеллект пен жоғары технологиялардың келуімен жүздеген дәстүрлі мамандықтар жойылудың аз-ақ алдында тұр. Яғни, қазір оқып жатқан мамандығыңыз бес жылдан соң мүлдем болмауы мүмкін. Өз тәжірибемізде осы әлемдік үрдістерді ескере отырып, белгілі бір маманды дайындамаймыз деген шешімге келдік. Себебі, өзіңіз көріп отырғандай, біз дайындаған мамандар қысқа уақытта жасанды интеллектіге орын беріп, еңбек нарығына керек болмай қалуы мүмкін. Демек, бізден түлеп шыққан маман бір емес бірнеше мамандықтарды игеріп, әмбебап болып шығуы тиіс.

Екіншіден, университет әлеуметтану бағытында болғандықтан, студенттерді жасанды интеллект шеше алмайтын технологиялық емес дағдыларға бейімдейміз. Жасанды интеллект қанша мықты болғанмен, әлсіз тұстары да болады. Мәселен, креативті ойлау – роботтардың қолынан келмейді, сондықтан осы дағдыға университет қабырғасында ерекше көңіл бөлінеді. 2018 жылы елу жылдық тарихы бар Нархоз университетінің жаңа стратегиясын қабылдағанда, төрт құндылықты негіз етіп, алға қойдық. Олар - еркіндік, ашықтық, тұрақтылық және тапқырлық. Студенттер мен оқытушылардың ойлау еркіндігін, ашықтығын, креативті ойлауын қамтамасыз етсек, бәсекеге қабілетті, озық ойлы мамандар шығаратынымызға сенімдімін.

Сонымен бірге, түлектерімізді отандық нарыққа ғана емес, құбылмалы әлемдік нарық үшін де даярлаймыз деп шештік. Себебі, Қазақстан - Орталық Азия аумағындағы алдыңғы қатарлы мемлекет. Қазақстан жер байлықтарына ғана емес, талантты жастарға да толы жас мемлекет. Экономика жылдан-жылға қарыштап дамып, шетелдік компаниялардың Қазақстанға келуі - таптырмас мүмкіндік. Сондықтан, мамандарымызды Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік нарыққа да даярлағымыз келеді.

Сіз әлемнің үздік университеттерінде білім алдыңыз және алдыңғы қатарлы университеттерде қызмет еттіңіз. Сол тәжірибеңізге сүйеніп, жастарды елде қалдырып, мемлекет экономикасын көтеру үшін не істеуді ұсынасыз?

- Тағы да жеке тәжірибемнен мысал келтірейін.Біз бұл сұраққа ұзақ ойландық және заман талабына сай қос дипломдық бағдарлама жасадық. Бұл бакалавр деңгейіне арналған, Қазақстандық және әлемдік нарыққа бағытталған бағдарлама. Яғни, қос диплом алғысы келетін студент 1 курсқа түскенде-ақ, ағылшынша өз ойын жеткізе алуы керек. Қазіргі уақытта көптеген мектеп оқушылары ағылшынды жақсы меңгерген десек, студенттің кемінде 5.5 баллдық IELTS сертификаты болуы керек. Мұнда біз әдеттегі 4 жылдық дәстүрлі оқу бағдарламасын 3 жылға қысқарттық. Сәйкесінше, төртінші курсын біздің серіктес шетелдік университетте оқиды. Әзірге тек бірнеше ЖОО-мен келісім орнаттық. Олар - Ұлыбританиядағы Coventry University, Франциядағы - La Rochelle University және Ресейдегі Қаржы академиясы. Ұлыбританиядағы Ковентри университетінде төртінші курсты оқыған студент сол елдің халықаралық компанияларында тәжірибе жинақтай алады және сол елде 2 жыл жұмыс істеуге рұқсат алады. «Бұл оқудың қорытындысы қандай болады?» деп сұрауыңыз мүмкін. Біріншіден, 3 жыл Қазақстанда оқып, өз ортасын қалыптастыруға және нарықта нетворкинг жасауға толық жеткілікті уақыт. Содан кейінгі бір жылда шетелдік ЖОО-да оқып және тәжірибе алып елге қайтып келе алады. Тағы бір мүмкіндік, егер студент біздің оқу орнында Қаржы немесе Есеп және аудит мамандығын оқыса, Ковентри университетінде Бизнес басқару мамандығын оқи алады. Яғни, 4 жылдан кейін біздің түлегіміз қазақстандық және шетелдік 2 дипломы және шетелдік тәжірибесі бар маман болып шығады. Мұндай мамандар Қазақстан нарығына өте қажет деп ойлаймын. Ресми түрде бұл бағдарламаны 7 желтоқсанда Нархоз университетіндегі үлкен іс-шарада халыққа жариялаймыз. Ал 2020 жылдың басынан бастап бұл бағдарламаға үміткерлерді қабылдай бастаймыз.

Сұхбатыңызға рахмет!

ҚазАқпарат

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар