23 мам, 2020 сағат 12:02

Қазақстандық жауынгердің сүйегі 78 жылдан соң Ресейден туған жеріне жеткізілді

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ресейдің Смоленск облысында қаза тапқан жауынгер Медет Аманжоловтың сүйегін туыстарына беру рәсімі астанадағы авиация базасында өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қаза тапқан майдангердің сүйегі сәуір айының басында Смоленск облысының Темкин ауданында іздеу-барлау экспедициясын өткізу кезінде табылды. Сақталып қалған мойынтұмарының арқасында жауынгердің есімі анықталды. 9 мамырда әскери бортпен сарбаздың сүйегі Нұр-Сұлтан қаласындағы авиация базасына жеткізілді», делінген хабарламада. 

Қазақстан Қарулы күштері әскери басшылығының, Қазақстандағы Ресей елшілігі қызметкерлерінің және авиабазаның жеке құрамының қатысуымен әскери рәсімдерді сақтай отырып, сүйекті туған жеріне жерлеу үшін туыстарына тапсырды. 

«Бүгін біз майданнан оралмаған сарбаздарға тағзым етіп, жерлесіміз Медет Аманжоловтың сүйегін еліне 78 жылдан кейін туған-туыстарына табыстауға жиналдық. Сол уақытта Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 бригада, 50 полк құрылған болатын. Сарбаздарының ерлігін ұрпағымыз ұмытпауы тиіс», - деді ҚР ҚК Әуе қорүаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Әлім Ыбыраев. 

Медет Аманжолов Қарағанды облысы Шет ауданы Жастерек ауылының тумасы. Соғыс алдында ол әскерге шақырылып,1941жылы 24жасында майданға бірден аттанды. Оның соңғы қызмет орны 125-ші жеке атқыштар бригадасының жеке барлау ротасы еді.

Сарбаздың туыстары әлі де сол Шет ауылында тұрып жатыр.1942 жылы оның отбасына Смоленск қаласын қорғау кезінде Медет Аманжоловтың қаза болғаны туралы хабар алады. Көп жылдар бойы ұрпақтары оның жерленген жерін таба алмаған, бірақ 78 жылдан кейін жауынгерді туған жеріне жерлеуге мүмкіндік туды.

«Бізге қоңырау шалып, атамыздың сүйегінің табылғанын хабарлады. Біз таңқалғанымыз сонша, тіпті ештеңе айта алмадық. Содан кейін бізге елшілік пен әскерилер көмек көрсетті. Қазір оны туған жеріне апарамыз», - деп ойымен бөлісті табылған сарбаздың немересі Мұрат Аманжолов.