05 там, 2019 сағат 10:25

Қазақстандық жас балуан әлем чемпионы болды

Болгарияның София қаласында өткен күрес түрлерінен кадеттер арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандық балуан Саматбек Ізімғали жеңімпаз атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Грек-рим күресінен 45 келі салмақта ел намысын қорғаған жас балуан финалда өзбек спортшысы Асадбек Бахрамовты 4:0 есебімен бір минутқа жеткізбей жеңді.

Ол алғашқы айналымда кадеттер арасында Еуропа чемпионы Фарид Садихлиді 15:4 есебімен жарыс жолынан тайдырса, одан кейін Үндістан, Иран және Өзбекстан балуандарын айқын басымдықпен ұтты.

Айта кетейік, Саматбек Ізімғали 4-7 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия чемпионатында да бас жүлдені еншілеп, чемпион атанған болатын. Міне, араға тура бір ай салып, әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Еркін, грек-рим және әйелдер арасындағы күрестен Әлем чемпионаты Болгария астанасында 29 шілде – 4 тамыз аралығында өтті. Онда 18 жасқа дейінгі ер балалар мен қыздар әр күрес түрінен 10 медаль жиынтығын сарапқа салды.