09 сәу, 2020 сағат 19:22

Қазақстандық суретші Паша Кас Forbes Asia 30 Under 30 тізіміне енді

Қазақстандық стрит-арт суретші Паша Кас Гонконгта шығатын Forbes Asia журналының жас көшбасшылар тізіміне ("30 Under 30") енді. 

Журналдың жазуынша, 3500 номинанттың арасынан 30 жасқа дейінгі әлемді өзгертуге даяр, жаңашыл әртүрлі салада істейтін 300 адам іріктелініп алынған.

Тізімді құрастырушылар 25 жастағы Паша Касты әлеуметтік мәселелерге қоғам назарын аударту үшін провокациялық әдістерді пайдаланатын суретші деп атайды. Мысалы, суретші суицид мәселесіне назар аударту үшін Алматыдағы жарнама билбордтарының біріне манекен іліп қойған.

Қазақстан бойынша ауасы ең лас саналатын Теміртау қаласында 2016 жылы экология мәселесіне назар аударту үшін көп қабатты ғимараттың қабырғасына 15 метрлік граффити салған.

Сол жылы шығармашылық туындыларының бірін Қазақстан аумағында ядролық қалдықтарды көму мәселесіне арнап, Семейдегі бұрынғы ядролық полигон аумағында Эдвард Мунктің "Крик" картинасын қабырғаға түсірді.

"Қазақстан 21 ғасырда ядролық қалдық төгетін орынға айналып бара жатыр. Мемлекет адамдарға сынақ жасауын тыяр емес. Бұл - үнсіздік. Үрей. Торығу. Қылмыс" деді суретші сол кезде.

Паша Кастың шығармашылық туындылары Қазақстаннан бөлек өзге мемлекеттерде де кездеседі. 

2019 жылы суретші Нью-Йорктегі жаяу жүргіншілер жолына ақ түсті бояумен адам кескінін салып қойған. Осылайша мегаполистердегі адамдардың "немқұрайлығын" жеткізуге тырысқан.

Былтыр Паша Кастың Петербургтегі туындысы "қоғамдық кеңістіктегі өнер" номинациясы бойынша Курехина сыйлығына ие болды. Суретші бұл жеңісін алматылық белсенділер Бейбарыс Толымбеков пен Әсия Төлесоваға арнады. Бейбарыс пен Әсия былтыр сәуір айында марафон кезінде "шындықтан қашып құтыла алмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған. Оларды полиция "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптады. Бұл акциядан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде жастарды қолдаған түрлі акция өтті. Чехия, Франция, Ұлыбритания, Грузия, Италиядағы студенттер екі белсендіні босатуды талап етіп, акция өткізген.

Азаттық