07 там, 2018 сағат 13:46

Қазақстандық полицейлер ата-аналар мен оқушыларға үндеу жолдады

Жаңа оқу жылы қарсаңында ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті ұстаздарға, оқушылар мен олардың ата-аналарына үндеу жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімшілік полиция қызметкерлері жол және коммуналдық қызметтермен бірлесіп, жаяу жүргінші өтпелерінің қажетті жол белгілерімен, жол таңбасымен, жаяу жүргінші қоршауларымен және басқа да жол жүрісін реттейтін техникалық құралдармен жабдықталуын тексеріп жатыр. Әсіресе, жалпы білім беретін мекемелерге жақын аумақтар ерекше бақылауда. Тексеру нәтижесі бойынша орын алған кемшіліктерді жою үшін уәкілетті ұйымдарға нұсқамалар жолданған.

«Сонымен бірге, Әкімшілік полиция комитеті педагогтарға, оқушылар мен олардың ата-аналарына ескертеді. Жол жүрісін ұйымдастыру бойынша ескертулеріңіз, ұсыныстарыңыз, балалар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты басқа да маңызды мәселелер болса, ведомствоның сайты арқылы тікелей аумақтық ішкі істер органдарына немесе Фейсбуктегі парақша арқылы ІІМ ӘПК-ге жолдай аласыздар» делінген хабарламада.

Жолданған ұсыныс-тілек, мәселелер қаралып, тиісті шаралар қабылданады.