09 сәу, 2020 сағат 20:22

Қазақстандық ғалымдар қолжетімді дезинфекциялық құрал жасап шығарды

Қазақстандық ғалымдар қолжетімді дезинфекциялық құрал жасап шығарды. Бұл туралы ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«...Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) АҚШ және Жапония ғалымдары әзірлеген вирусқа қарсы дезинфекциялау құралдарын, антивирустық санитайзерлер ұсынды. Олар барлық вирустармен қатар, дәл COVID-19 вирусын жою арқылы өте тиімді жұмыс атқарады. Алайда олардың құрамына кіретін кейбір компоненттер – химиялық заттар Қазақстанда жоқ немесе жеткізілуі қиын. Сондықтан олардың биологиялық антивирустық белсенділігін сақтай отырып, қолжетімді басқа химикаттарға ауыстыру керек болды. Бұл тапсырманы Д. Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институтының ғалымдары қолға алды. Олар ондаған түрлі химреактивтерді сынап, антивирустық санитайзерлердің әртүрлі дезинфекциялық құрамдарын жасады. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың қолдауымен Ұлттық биотехнологиялық орталықта (Нұр-сұлтан қ.), сонымен қатар Вирусология және микробиология институтында (Алматы қ.) сынақтан өткізді. Біз карантин күндері бір топ ғалымдарға жұмыс істеуге рұқсат еткен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының әкімдіктеріне алғыс айтамыз. Соның нәтижесінде, химиялық-биологиялық зерттеулер көрсеткендей, ДДҰ санитайзерлерінен ешқандай кемшілігі жоқ, аса тиімді, сондай-ақ қолжетімді дезинфекциялық құралдар жасалып шықты...» деп жазады ғалым мақаласында. 

Мұрат Жұрыновтың айтуынша, санитайзерлерге қойылатын басты талап – вирустарды жедел түрде және толық жою. 

«...Адамның иммунитеті мен физикалық күйін көтеретін белгілі тәсілдердің маңызы зор. Сондай-ақ қорқыныш пен пессимизмнен де арылу керек. Қазақстан жоғары білімді, ғылымы мен мәдениеті дамыған мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Ал жалпы алғанда, біз интеллектуалдық деңгейдің дамуы бойынша Азия құрлығындағы Жапон, Қытай, Оңтүстік Корея елдерінен ғана қалыспыз. Басқа мемлекеттер бізбен тең немесе артта. Бұл – үлкен жетістік!» - деп түйіндейді ғалым мақаласын.