11 жел, 2017 сағат 09:33

Қазақстандық Данэлия Тулешова "Голос країни" ән байқауының финалына шықты

Қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова Украинаның «Голос. Дiти» конкурсының финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Данэлия бұл жолы Андра Дэйдің «Rise Up» композициясын орындап, тәлімгері Дмитрий Монатиктің жанарына жас үйірді. 

Монатиктен бөлек басқа да қазылар ("Время и Стекло" тобы және Наталья Могилевская) жас таланттың ерекше өнеріне тамсанып, оның болашақ жұлдыз екендігін айтты. 

Алматының 10 жастағы тумасының өнерін тамашалаған қарсыластары да, ұстазы да, көрермендер де сезімдерін жасыра алмады.

«Сене алар емеспін! Мен финалдамын!!! Қолдау білдіргендеріңізге үлкен алғыс айтам, әсіресе тәлімгерім Монатикке ерекше алғыс!», – деп жазды әнші өзінің инстаграм парақшасында. Данэлия Тулешова «Голос. Дiти» байқауының финалына өткен алғашқы қазақстандық.

Естеріңізге сала кетейік, бұл «Голос. Дiти» байқауының 4 маусымы. Қазақстандық ару «Жабық тыңдалым» («Слепые прослушивание») кезеңінде Дэми Ловатоның репертуарынан «Stone Cold» әнін орындап, бүкіл төрешілердің таңданысын туғызды. Қазіргі таңда бұл видеоны youtube желісінен 6 миллионнан астам адам көріп үлгерген. 

Байқаудың финалдық кезеңінде жеңімпазды көрермендер дауыс беру арқылы ғана анықтайды.