21 сәу, 2019 сағат 23:21

Қазақстандық балалар әйгілі футбол жұлдызы Мессимен кездесті

Қазақстандық балалар Әли мен Әмір әйгілі футбол жұлдызы Леонель Мессимен кездесті. Бұл туралы бүгін баланың анасы Ақмарал Әміреева өзінің Фэйсбуктағы парақшасында жазды.

«Мен Жаратқанға Әли мен Әмірдің арманын орындағаны үшін алғысымды білдіремін. Әли армандады, Жаратқан оның арманын орындады. Біз Қайрат Боранбаев мырзаға осы сапарға демеушілік еткені үшін алғысымызды білдіреміз. Біз Барселона футбол клубымен көп уақыттан бері байланысып жүрдік. Мұндай кездесуге қол жеткізу оңай емес еді, әрине. Алайда, біз осындай мүмкіндіктің орайы туғанда әрі қарай не істерімізді білмей дал болдық. Өйткені ол жаққа барып, келу мен онда жатын орын жалдап тұру біз үшін өте қымбат болатын. Осы кезде бізге көмекке Қайрат Боранбаев мырза келді. Әлиді Барселонаға шақырып жатқанын естіген ол біздің сапарымыздың ақшасын төлеп берді. Біздің Сізге алғысымыз шексіз, армандарыңыз орындала берсін!», - деп жазды балалардың анасы.

Сондай-ақ, Ақмарал Әмірееваның айтуынша, Барселонада Месси Әлиді өте жылы қабылдаған. Сол сәттегі қуаныш пен шаттыққа толы көңіл-күйді жеткізу мүмкін емес. Осыншама жоғары деңгейдегі футбол жұлдызы өзін өте қарапайым ұстады және Әлиге жылы шырай танытып, ұдайы құшақтаумен болды», - деп жазды Әлидің анасы.  


Осы ретте ол сапар барысында қолдау көрсеткені үшін Қазақстанның Барселонадағы консулдық қызметкері Ринат атты азаматқа да алғысын білдірді.

«Ол өзінің жұмысының тығыздығына қарамастан бізді назарынан тыс қалдырмады. Оған біздің алғысымыз шексіз», - дейді Әлидің анасы.