08 қаң, 2020 сағат 13:30

Қазақстандық әуе компанияларына Иранға ұшуды тоқтата тұру ұсынылды

Қазақстандық әуе компанияларға Иранның әуе кеңістігі арқылы ұшудан бас тарту ұсынылды, – деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

«Қазақстандық әуе компаниялар қалыптасқан жағдайға байланысты көрсетілген ұшуларды тиісті елдердің навигациялық қызметтерінің келісімі бойынша Иран әуе кеңістігіне баламалы әуе жолдары арқылы орындау мәселесін пысықтауда» делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта Иранның әуе кеңістігі арқылы екі қазақстандық әуе тасымалдаушы – «Эйр Астана» және «SCAT» тұрақты рейстерді орындайды. «Эйр Астана» әуе компаниясы Иран әуе кеңістігі арқылы Нұр-Сұлтан – Дубай (аптасына 5 рет) және Алматы – Дубай (аптасына 10 рет) бағыттары бойынша ұшуларды орындайды. «SCAT» әуе компаниясы Иран әуе кеңістігі арқылы Алматыдан Медина мен Жиддəға (аптасына бір рет) екі тұрақты рейсті және Алматы - Шарм Эль-Шейх және Шымкент – Шарм Эль-Шейх бағыттары бойынша екі тұрақты емес рейсті орындайды. Сонымен қатар, БАӘ әуе компаниялары «Fly Dubai» – (Дубай – Нұр-Cұлтан - аптасына 5 рейс, Дубай – Алматы - аптасына 7 рейс), «Etihad» (Абу-Даби – Нұр-Сұлтан - аптасына 2 рейс) «Air Arabia» (Шарджа – Алматы- аптасына 5 рейс) Иранның әуе кеңістігі арқылы Қазақстанға тұрақты ұшуларды (барлығы аптасына 19 рейс) орындайды. «Mahan Air» ирандық әуе компаниясы Тегеран – Алматы бағыты бойынша тұрақты түрде ұшады.

Айта кетерлігі, 8 қаңтарда Тегеран уақытымен сағат 6:00-де Имам Хомейни атындағы әуежайдан Тегеран-Киев бағытымен ұшып шыққан «Украина халықаралық әуе желілері» әуе компаниясының Boeing-737 ұшағы апатқа ұшырады. Оның бортындағы 167 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі түгелге жуық қаза тапты.