19 там, 2019 сағат 12:44

Қазақстандық альпинистер Тянь-Шань тауында жоғалған әріптестерін іздеуге аттанбақ

Қазақстан альпинистері Тянь-Шань тауында жоғалған әріптестерін іздеуге аттанбақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, бүгін сағат 13-20-да Алматы облысындағы Қарқара базалық лагеріне біліктілігі жоғары 3 қазақстандық альпинистен тұратын топ жеткен. Альпинистерді Қырғыз Республикасына жеткізу үшін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Қазавиақұтқару мекемесінің МИ-171 тікұшағы дайын тұр.

«Қазақстандық альпинистердің құтқару операциясы ауа райы жақсарғаннан кейін басталады. Қазіргі уақытта Тянь-шань тауының төменгі баурайында жаңбыр жауып, биік беткейлерінде қар түсіп жатыр. Сонымен қатар бірлескен іздеу жұмыстарын жүргізу үшін қырғыз альпинистер тобы да дайын», - деп атап өтеді комитеттен.

Бұған дейін, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қырғызстан тауларында қиын жағдайға тап болған Қазақстан альпинистері туралы айтқан болатын.