02 сәу, 2019 сағат 09:21

Назарбаев: Қазақстанды әлемге таныту үшін 40 жыл жұмыс істедім

Туған жері Шамалғанға сапарлап келген ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз жерлестерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұртшылық Елбасыны үлкен сый-құрметпен қарсы алды. Кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің осы ұядан ұшқан сәтін еске алды.

«1958 жылы осы Шамалғаннан шетке кетіп 20 жылдан соң Алматыға қайтып келдім. Кішкентайымнан осы жерде өстім. Ата-бабамыз Қаратаудың баурайында ағайын-туған, құда-жекжат барлығы осы Шамалғанда. Жастар әлі біле бермейді. Уақыт келгенде ауылыңа келгенде жастық шақ еске түседі. Мемлекетті аяғынан нық тұрғызу үшін қанша қиын-қыстау уақыттардан өттім. Тауда, сай-сайларда әкеммен жүргенім еске түскен кезде барлық шаршағаным ұмытылғандай болады. Сондықтан адамның кіндік кескен жері ыстық. Адам туған жерін сүю арқылы үлкен Отанын сүйіп патриот болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз сөзінде ол туған жеріне құрметін жеткізе келе ел басқарған кездегі естеліктерімен бөлісті.

«Мен де сіздер сияқты осы жерден өсіп, әлемнің 170 елін араладым. 200-ден астам президентпен кездестім. Соның барлығы елдің қамы үшін болатын. 1979 жылы Орталық Комитет хатшысы болып келгеннен бері қарай 40 жыл ел басқару істерінде жұмыс істедім. Қолымнан келгенше күндіз-түні жұмыс жасап, қазақ елін әлемге танытуға тырыстым. Соның арқасында ешкім білмейтін Қазақстан дүниежүзіне белгілі болды. Қазақстандықтардың бармайтын жері, демалмайтын курорты жоқ. Балалары әлемдік ЖОО-да білім алып жатыр, денсаулығын түзеймін десе де шетелдік емханаларға баруда. Соның барлығы елдің өркендеуі, мемлекет дәрежесінің көтерілуі арқасында. Қазақстан басқалармен салыстырғанда үлкен ел емес. Біздің ел Қытай мен Ресей сияқты алып мемлекеттермен шектеседі. Оңтүстігімізде Ислам мемлекеттері. Олардың арасында 18 млн халықпен, жеріміз кең болса да үлкен деп айта алмаймыз. Дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында барлық мемлекеттер Қазақстанды сыйлайтын болды. Араағайындық татулық мәселесіне кірістік. Арқа төсінде жаңа елордамызды салдық. Елордамыз әлемдік жиындар өтетін, танымал орталыққа айналды.  Қазақстанның орталығы қандай болса, елі де сондай деп түсінеді», - деді Тұңғыш Президент.

Сондай-ақ  Елбасы президенттік өкілеттігін неліктен тоқтатқанын түсіндіріп, елдің әлеуметтік жағдайы туралы пікір білдірді.

«Өздеріңіз білесіздер жақында мен шешім қабылдап, президенттік өкілеттігімді тоқтаттым. Себебі, әр ұрпақтың өзінің уақыты, істейтін жұмысы бар. Бірақ мен Елбасы  ретінде биліктің  ең жоғарғы сатысына келіп, одан әрі не істеп жатқанын көріп, стратегиялық мәселелерге көңіл бөлу үшін осылай шештім. Менің орныма келген Тоқаев мырза белгілі қазақ азаматы, менің үмітімді ақтайды деп сенемін...

...Қазақстанның болашағы зор. Елде жастарға оқу оқуға, тіл үйренуге толық жағдай жасалуда. Болашағымыз білім-ғылымда жатыр. Сіздер ауылдың адамдарысыздар. Ауыл үшін талай бағдарлама жасалып, жұмыстар жүруде. Ауыл тұрғындарына шағын несиелер беріліп, жұмыс істеймін дегендерге, мамандығы жоқтарға заманға сай мамандық игеруге мүмкіндік берілген. Қазір мәселе жұмысыздықта емес, мамандықты дұрыс игермеуде. Маманы бар адам жұмысты кез келген жерден таба алады», - деді ол.

Айта кетейік, Наурыз айының соңында Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға сапарлап келген болатын.