22 қаз, 2019 сағат 09:57

Қазақстандағы жұмыс берушілерге қандай мамандар қажет?

Қазақстанда жұмысқа қарағанда, жұмысшыларды көбірек іздейді. Жұмысқа алу туралы 100 ұсынысқа бар-жоғы 69 түйіндеме келеді, деп хабарлайды Finprom.kz.

Сұранысқа ең көп ие мамандықтар – күзетші, көлік жүргізушісі және медбике. Осы жылдың екінші тоқсанының соңында жұмыссыз тұрғындар саны 0,1%, яғни 441,8 мың адамға өсті. Сонымен қатар, жұмыссыздар саны экономикалық белсенді тұрғындардың 1,4% өсуі есебінен бір жыл ішінде 4,9%-дан 4,8%-ға қысқарған.

Аймақтар бойынша алып қарағанда ең көп жұмыссыз халық тығыз орналасқан Алматыда тіркелген, олардың саны – 50,3 мың адам. Сондай-ақ, жұмыссыз тұрғындары ең көп үш аймаққа Алматы (48 мың адам) мен Түркістан облыстары (42,2 мың адам) кіреді.

Барлық аймақтар ішінде Түркістан облысы, Алматы, Шымкент және Атырау облысы жұмыссыздық деңгейі бойынша орташа республикалық деңгейден жоғары.

Бүгінгі таңда көбі жұмысты арнайы сайттар мен мобильді қосымшалар арқылы іздейді. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында электрондық еңбек биржасында 169,9 мың бос жұмыс орны жарияланды, ал түйіндемелер саны бар болғаны 116,9 мың болды. 100 бос орынға шаққанда 69 түйіндеме бар. Бұл – елде кадр тапшылығы барын білдіреді.

Электрондық еңбек биржасындағы ең көп сұранысқа ие мамандықтар – күзетші (5,4 мың бос жұмыс орны), көлік жүргізушісі (4,2 мың бос жұмыс орны), мейірбике (4 мың бос жұмыс орны), тәрбиеші (3,9 мың бос жұмыс орны) және бастауыш сынып мұғалімі (3,6 мың бос жұмыс орны).

2019 жылдың екінші тоқсанының соңында жұмыспен қамтылғандардың саны 8,8 млн адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен (8,6 млн адам) салыстырғанда 1,5% көп. 15 және одан жоғары жастағы халықты жұмыспен қамту деңгейі 66,7% құрады.