27 қар, 2019 сағат 14:11

Қазақстандағы вакцина сапасы қалай тексеріледі

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев еліміздегі вакцина сапасына қатысты пікірлерге жауап берді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Біздің мемлекеттік реестрде вакцинаның 64 атауы тіркелген. Олар ең алдымен Бельгия, Франция, Нидерланды сынды Еуропа елдерінде және АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Корея, Израильде өндірілген. Сапасына келсек, вакциналарды тіркеуге аларда екі деңгейлі тексеруден өткіземіз. Бірінші кезеңде - тіркеуге келіп түскен барлық құжаттарға сараптама жүргізіледі. Екінші кезеңде - құжаттары тексерілген әрбір вакцинаға зертханалық талдау жасалады. Зертханалық талдау дегеніміз - үлкен процесс. Онда әрбір вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігі жіті тексеріледі» деді ол.

Орталық Азия аумағында қазақстандық зертхана алғаш рет Еуропа директоратының зертхана сапасы бойынша аккредитациясын алды.

«Біздің зертхана жылына 3 рет сапа бойынша еуропалық директораттың аккредитациясынан өтеді. Еуропалық органдар біздің деректерімізге сенім артады. Тіркеуден өткен вакцинаның әрбір партиясы Қазақстан Республикасының аумағына кірерде міндетті сапа мен қауіпсіздік бағалауынан өтеді. Егер вакцина халықаралық ұйымдар арқылы алынса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деңгейінде тексеруден өтеді» деді Арнұр Нұртаев.

Қазіргі уақытта Қазақстанның ұлттық күнтізбесінде ДДСҰ 20 вакцинаны қайта бекітті.

«20 вакцина 28 млрд теңгеден астам сомаға сатып алынады және бір жасқа дейінгі 370 мың баланы қамтиды. Тіркеуден кейінгі бақылауды Фармациялық қадағалау жүйесі жүргізеді. Нарықтағы екпеден қандай да бір жанама әсер туындаса, фармакобақылау сараптама жүргізеді. Біз екпеден пайда болуы мүмкін деген әрбір жанама әсерді бақылауға аламыз. Соңғы бір жарым жылда жанама әсер туралы 70 шағым келіп түсті. 370 мың балаға екпе салып, 70 шағым алдық. Бұл 70 шағымды да тексердік, күрделі, ауыр оқиғалар анықталмады» деді А. Нұртаев.