19 нау, 2020 сағат 14:59

Қазақстанда жылдық декларацияларды тапсыру мерзімі ұзарды

Елде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты жылдық декларацияларды тапсыру мерзімі ұзартылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты заңды және жеке тұлғаларға декларация тапсыру мерзімі төтенше жағдайдың уақытына сәйкес келгендіктен, ол 30 күнтізбелік күнге, яғни 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін ұзартылады. Алайда, ол үшін салық есептілігі нысандарын электронды түрде тапсыру қажет. Осылайша, 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін тапсырылған электронды декларациялар уақытында тапсырылған болып саналады», - делінген хабарламада. 

Бұл ұзартулар келесі салық есептілігінің нысандарына қатысты қолданылады:

1) корпоративтік табыс салығы бойынша декларация (100.00, 110.00, 150.00, 180.00 нысандар);

2) жеке табыс салығы бойынша декларация (220.00, 240.00 нысандар);

3) жеке табыс салығы және мүлік бойынша декларация (230.00 нысан);

4) көлік құралдары салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша декларация (700.00 нысан);

5) қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы бойынша декларация (870.00 нысан);

6) жалға беру (пайдалану) шарттарының тізілімі (871.00 нысан);

7) тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларация (912.00 нысан);

8) бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларация (920.00 нысан).