28 мау, 2019 сағат 15:18

Қазақстанда жетімдер үйінің саны қысқарды

2016 жылдан бастап интернаттық ұйымдардағы жетімдер саны 31 пайызға азайды. Бұл туралы халықпен есеп беру кездесуінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республикамызда 6 миллионға жуық бала бар. Оның ішінде 2 миллионы мектепке дейінгі жаста, 3 миллионнан астамы мектеп жасында, 500 мыңы 18 жасқа дейінгі оқудағы жастар. Солардың арасына 24 926-сы жетім балалар мен ата анасының қамқорлығынсыз қалғандар», - деді министр.

БҒМ мәліметіне қарағанда, 19 934 бала қамқорлыққа, патронаттық тәрбиеге алынған, сондай-ақ асырап алған отбасылардың тәрбиесіне берілген. 4 992 жеткіншек балалар үйінде, интернатта, денсауық сақтау жүйесіндегі балалар үйінде тұрып жатыр.

«Қабылданған шаралардың арқасында 2016 жылдан бастап интернаттық ұйымдарда жетімдер саны 31 пайызға (2016 жылы - 7 236, 2019 жылы - 4 992) азайды. Ал балалар үйлерінің саны 20 пайызға қысқарды. Яғни, 2016 жылы 140 болса, 2019 жылы 112-ге дейін төмендеді», - деді А. Аймағамбетов.