13 қыр, 2018 сағат 14:07

Қазақстанда ыстық және суық су қымбаттады

Тамыз айының қорытындысы бойынша, қазақстандықтар орташа есеппен суық судың кубметріне 74,3 теңге төледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7% көп, деп хабарлайды Sputnik Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Суық су бәрінен де Атырау (113,5 теңге) мен Қарағанды (110,3 теңге) қалаларында қымбат болды. Ал ыстық су бір жыл ішінде 6,1% қымбаттап, кубметрінің бағасы 235,2 теңгеге жетті. Бәрінен де қымбат баға Алматы (475,2 теңге) мен Қостанай (379,9 теңге) қалаларында тіркелді.

Қыркүйек айындағы есеп бойынша, канализацияны тазарту қызметі кубметр үшін 48 теңгеден алды. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,5% көп. Ең жоғары баға Қарағанды (96,4 теңге) мен Қостанай (80,4 теңге) қалаларында тіркелді.

Сумен жабдықтау және су тарту қызметі жылдан жылға өсіп келеді. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша, суық су — 6,5%, ыстық су — 7,4%, ал канализация бірден 13,2% (сумен жабдықтау және су тарту қызметі бойынша) қымбаттады.

7 айдың қорытындысы бойынша, су шаруашылығы компаниялары қазақстандықтарды 604,2 миллион кубметр сумен қамтамасыз етті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1% аз.

Сумен бәрінен көп қамтамасыз етілген аймақтар қатарында Алматы (111,4 миллион кубметр, өткен жылмен салыстырғанда 7,5% аз), Қарағанды (92,3 миллион кубметр, өткен жылмен салыстырғанда 2,3% аз) және Шығыс Қазақстан облыстары (49,9 кубметр, өткен жылмен салыстырғанда 3,8% көп) бар.